Өмірін әнмен әлдилеген жан

Тәңірінің шеберлігін дәлелдейтін бір ұғым – әйел жанының сұлулыққа құштарлығы. Жаратылысын жан сұлулығымен жарастыратын әйелдің тұла бойы тұнған құпия десе де болады. Әйел жанының құпиясын ашар кілт те кез келген ер-азаматтың қолына түсе бермейді. Жан дүниесі ұлып тұрса да күле алатын, қаталдығымен қатар жүрегіне мейірім гүлін еге алатын шеберлік те тек әйелге тән. Жүрсін ақынның«Әйелмен құның өлшенер,Құдайдан кейін сол – шебер» деген сөзі – дөп айтылған сөз. Әлемнің әдемілігі де әйел арқылы танылады десек, сондай нәзік жаны сұлулыққа құштар әйелдердің бірі – Батима Нұрова.
Бір бойынан қатал қызметтің жауапкершілігін азаматтармен қатар көтере алатын қайсарлық та, әдемілігін әнімен әдіптей алатын өнер де табылатын Батима Әбішқызы атақты Баянауылда туған. Қазақ жерінің мақтан етер жақұттарының бірі – Баянауылда туып, өнерге құштар болмау мүмкін емес шығар. Батима да кішкентайынан ән десе елеңдеп өсті. Жүрек түбіне тұнған бір арманы – әншілік болса да, ол өмір-өзеннің ағысымен Павлодар қаласындағы құрылыс техникумын бітірді. Осы салада 13 жыл еңбек етті. Ерінбей еткен еңбегінің арқасында абыройдан кенде болған жоқ.Ол кездегі еңбекті бағалаудың бір тамаша үлгісі – партия қатарына қабылдау болатын. Қарапайым жұмысшы қыздың партия қатарына өтуі оның өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Үлгілі еңбегіне қарап, сенім артқан басшылар оны ішкі істер органына жіберді.
1980 жылғы 16 сәуірінде Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Мемлекеттік нысандар мен мекемелерді күзету жөніндегі полкке қызметке қабылданған Батима Әбішқызы күзет саласында 15 жыл абыройлы еңбек етті. Осы қызметте жүріп Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Грамотасымен марапатталды. Сол кезде зор дәреже саналатын мұндай құрмет оған көктен түсе қалған жоқ. Өмір мен өлім арпалысқан қанды оқиғада ерлік танытқаны үшін берілген бұл марапаттың Батима үшін орны әлі күнге дейін бөлек.
Батима Әбішқызы еңбек еткен 40 жылға жуық ішінде бірде-бір рет ескерту алып көрмепті. Оның 20-ға жуық медаль мен «бір чемодан» болатын грамоталарының ішінде «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері», «Қазақстан полициясына – 20 жыл»,«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Ішкі істер органындағы үздік қызметі үшін» сияқты марапаттарының шоқтығы биік.
Әйел үшін отбасының бақытынан асқан бақыт жоқ. Бұл орайда, Батима Әбішқызы – бар өмірін жалғыз баласына арнаған ардақты ана. Небәрі 25 жасында жанындағы арқа сүйер азаматынан айырылып, кішкентай сәбиін қолтықтап қалғанда, тағдырдың сынағына қалайда сынып кетпеуді ойлады. Тумысынан бойына дарыған табандылығы мен қайсарлығының арқасында бәрін де жеңді. Жалғыз ұлын ештеңеден тарықтырмай, азамат етіп өсіру үшін аянбай еңбек етті. Бүгінде Батиманың еңбегі ақталып, ұлы Эдуард төрт тілді меңгерген білікті заңгер болды. Бір отбасының темірқазықтай тірегі және анасының қамқоры. Батима қазір тілдері балдай, өздері жаздай немерелерінің сүйікті әжесі.
«Мен өзімді бақытты ана, бақытты әжемін деп есептеймін. Баламның арқасында әлемнің талай елінде болдым, жер көрдім. Өмірдегі ең сүйікті ісім – саяхаттау болса, сол арманымды балам орындап жүр. Қолым қалт еткен сәтте шетелді аралап кетемін. Сонымен бірге, өмірден өз мамандығымды адаспай тапқан адаммын.Өзім алғаш қызметке қабылданған Алматы қалалық ІІБ Мемлекеттік нысандар мен мекемелерді күзету жөніндегі полк құрылымдық өзгеріске ұшыраған кезде Көліктегі ішкі істер басқармасына ауысып келіп, осы жерден құрметті еңбек демалысына шықтым. Бірақ, зейнетке шықтым деп қолымды қусырып бір күн де отырған емеспін», – дейді Батима Әбішқызы. Иә, шаруасыз отыру – оның табиғатына жат. Зейнетке шыққаннан кейін Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасы Ардагерлер кеңесінің сан-салалы жұмысына араласты. Ардагерлердің мерейтойларын атап өту, әр мереке сайын сыйлықтар әзірлеу, жағдайы жоқтарға көмек беру, қайтыс болғандардың жерлеуін ұйымдастыру сияқты қым-қуыт шаруаны атқарудан шаршамайтын Батима Әбішқызының еңбегіне табыс тілейміз.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*