«Қоғамға – 5 қадам» жобасының көтерер жүгі ауыр

Өткен жұмада Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаевтың төрағалығымен министрліктің және оның өңірлік бөліністерінің баспасөз қызметтерін дамыту стратегиясын таныстыру, қоғамда тәртіп сақшыларының имиджін көтеру, полиция мен жұртшылық арасында сындарлы байланыс орнату мәселелеріне арналған жиын өтті.
Шараға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов, министр орынбасарлары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, полиция полковнигі Алексей Калайчиди және Юрий Ильин, Ішкі істер министрінің кеңесшісі-ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз, ІІМ Орталық аппараты қызметтерінің басшылары мен аймақтық Полиция департаменттері баспасөз қызметтерінің жетекшілері қатысты. Сонымен қатар, бейнебайланыс режимінде барлық өңірлік Полиция департаменттерінің басшылары да шараға қосылды.
Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы соңғы уақыттарда ел аумағында орын алып жатқан түрлі қылмыстық әрі қайғылы оқиғалар салдарынан тәртіп сақшылары атына жағымсыз сөздер айтылып, теріс пікір қалыптасқандығын, ақпарат майданында министрлік пен оның аумақтық бөліністері белсенді көріне алмауы кесірінен полиция қызметкерлерінің имиджіне зор нұқсан келіп жатқанын айтып, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өзінің тікелей мұрындық болуымен «Қоғамға – 5 қадам» атты жаңа жоба әзірленгенін жеткізді.
Аталған жобаны таныстыру үшін сөз алған министрліктің баспасөз хатшысы Нұрділда Серікұлы Ішкі істер министрі көтеріп отырған жайттар өте өзекті мәселе екендігін, бүгінгі ақпараттық заман министрліктің баспасөз қызметтерінен басқаша жұмыс стилін талап ететіндігін айтты.
«Осыған орай, «Қоғамға – 5 қадам» атты жаңа жоба дайындалды. Бұл – бес бағыттан тұратын құжат. Атап айтқанда, бірінші бағыт – бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс; екіншісі – әлеуметтік желілердегі белсенділік; үшіншісі – баспасөз қызметтерінің жұмысын қайта жандандыру; төртіншісі – халықаралық медиааренаға шығу және бесіншісі – бірінші басшылардың имиджі», – деген министрдің кеңесшісі бірінші қадам бойынша БАҚ-пен жұмыс істеудің жаңа формасы ұсынылып отырғанын жеткізді. Бұл қадамның өзі арнайы медиажобалар, баспасөз шаралары, блог-турлар деген үш блоктан тұрады.
«Арнайы медиажобалар» атты блокта республикалық телеарналардың бірінен бұрынғы «31» телеарнада болған «Рейдер» хабары секілді оқиғалар хроникасын ұсынатын бағдарламаны эфирге шығару көзделіп отыр екен. Бұл бағдарламада күнделікті қылмыстық хроникадан бөлек, полицияның жаңа күш-қуаты, мүмкіндіктері толық қамтылмақ.
«Бұдан бөлек, әр қызметтің жұмыстары туралы промороликтер дайындауды қолға алып отырмыз. Құрғақ ақпарат бергенше, қысқаша бейнероликтерді әлеуметтік желілерде тарату – әлдеқайда ұтымды. Тағы бір жоспарымыз – барлық өңірлерден күнделікті позитивті ақпараттар беру. Бұған қатысты министрдің арнайы тапсырмасы бар. Осылайша, ақпараттық кеңістікті полиция қызметі туралы жағымды жаңалықтармен толтырамыз», – деді Нұрділда Ораз.
ІІМ баспасөз хатшысының айтуынша, «Баспасөз шаралары» блогында әртүрлі жиындар, брифингтерге шығулар арқылы полицияның қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына ашықтығын қамтамасыз ету көзделуде. Осыған орай, ІІМ қызметтерінің және аумақтық бөліністер басшыларының сөз сөйлеулері, брифингтері ұйымдастырылады. «Сондай-ақ, күнделікті ақпараттар бойынша «Face to face», яғни бетпе-бет» форматында сұхбат беруге көшкен дұрыс. Мұнда арнайы баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырмай-ақ, журналистердің сұрауы бойынша өз телефонымыздың камерасына мәліметтерді жазып таратамыз. Бұл түрлі тырнақ астынан кір іздеушілер мен негативті деректерді таратушылардың әрекеттеріне жол бермейді», – деді.
Ал блог-турлар бағыты бойынша еліміздегі танымал блогерлермен ынтымақтастық орнатып, қоғамдағы полицияға қатысты қалыптасып қалған стереотиптерді өзгерту жоспарлануда.
«Қоғамға – 5 қадам» жобасының екінші, яғни «Әлеуметтік желілер» бағыты фейсбук, инстаграмм секілді желілерде белсенділікті арттыру, ішкі істер органдары қызметкерлері үшін онлайн семинар-тренингтер ұйымдастыру, кеңестер мен дөңгелек үстелдерді фейсбукта тікелей көрсету міндеттерін алға қойып отыр. «Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желілерге қатысуын арттыру арқылы тұрғындармен тиімді кері байланысты қамтамасыз етеміз. Осы блокта ютуб каналында «Сұраңыз!» айдарын ашуды жоспарладық. Бұл айдарда ІІМ өкілдері азаматтар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға кең көлемді жауаптар береді», – деді Нұрділда Серікұлы.
Әлеуметтік желілердегі пікірлермен жұмыс істеу де осы бағыттың ішіне кіретін міндеттердің бірі. «Қызметкерлер қатарынан пул құрылып, олар полиция қызметі туралы барлық жарияланымдарды жіті қадағалап, жағымды пікірлер жазып отырады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің белсенді аккаунттарына қолдау көрсету керек. Полиция қатарында жеке парақшаларында оқырмандары көп қызметкерлер аз емес. Олардың да өз әлеуметтік желілерінде полиция брендін насихаттап отыруына қолдау білдіруіміз қажет», – деді ІІМ баспасөз хатшысы.
ІІО жеке құрамдарына онлайн семинар-тренингтер өткізу қадамы бойынша еліміздегі беделді бизнес және медиа тренингерлерден арнайы топ құрып, олар Астанада және аймақтардағы полиция бөліністерінде жиындар өткізіп, қызметкерлерге қарапайым азаматтармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйретпек.
Жобаның үшінші бағыты – баспасөз қызметтерінің жұмысын қайта қарау бойынша жұмысты регламенттеу, ынталандыру және материалдық-техникалық жабдықтауға көңіл аударылатын болады. Регламенттеу бағыты бойынша қоғамда орын алып жатқан қылмыстар туралы ақпараттардың қайсысын БАҚ-қа беру керек, қайсысын бермеу қажет деген мәселелерді Бас прокуратурамен келісіп, пысықтау жұмысы бір ізге түспек. Сонымен қатар, баспасөз хатшыларынан бөлек, өңірлердегі тәжірибелі де сауатты қызметкерлер қатарынан спикерлер пулын құру ұсынылып отыр. Олар өз өңірлерінде БАҚ арқылы қажет сұрақтар бойынша түсініктемелер беріп отырады.
Ал полиция бөліністерінің баспасөз хатшыларын ынталандыру бойынша жыл сайын «Үздік баспасөз хатшысы», «Үздік баспасөз қызметі» байқауларын ұйымдастырып отыру көзделуде.
Жобаның төртінші қадамын жүзеге асыруда алдымен Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурстарын үш тілге көшіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ТМД мемлекеттері Ішкі істер министрліктерінің баспасөз қызметтерімен тығыз ынтымақтастық орнатылмақ. Бұл министрлік жұмысының көршілес елдерде де жақсы қырынан көрінуіне ықпал етеді.
«Осы арқылы біз өзара тәжірибе алмасып, олардың тиімді жобаларын өзімізде де жүзеге асыруға жол ашамыз. Сондай-ақ, ТМД елдері ІІМ баспасөз қызметтері арасында байқаулар ұйымдастырылады. Ал ІІМ интернет-ресурстарын үш тілде жүргізу біздің ақпараттарымыздың шетелдік бұқаралық ақпарат көздеріне де шығуына мүмкіндік бермек. Бұл үшін бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған қазақша-орысша порталымыздың ағылшынша нұсқасы да ашылып, жұмысы жандандырылады. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде Ішкі істер министрлігінің ағылшын тіліндегі парақшалары да жұмыс істейтін болады», – деді Сыртқы және ішкі коммуникациялар департаментінің басшысы.
Бесінші қадам бойынша еліміздегі полицияның имиджін көтеруге бағытталған пиар іс-шаралар арқылы бірінші басшылардың имиджін қалыптастыруға баса назар аударылмақ. ІІМ ресми өкілі айтып өткендей, бүгінде өңірлік Полиция департаменттерінің бастықтарын жергілікті жұртшылық тани бермейді. «Әр облыстың бас полицейі өз өңіріндегі белді де белгілі тұлға болуы тиіс. Сол үшін олардың сұхбаттарын, имидждік мақалаларын жариялап тұрамыз. Одан бөлек, халыққа есеп беру кездесулерінің жаңа форматын ұсынамыз. Полиция департаменттерінің басшылары жарты жыл сайын халыққа есеп беруі тиіс деп ойлаймын. Бұл полицияны халыққа барынша жақындата түседі», – деді ол.
Нұрділда Ораз сөзінің соңында осы айтылған «Қоғамға – 5 қадам» жобасын іске асыру үшін кадр мәселесін шешу, қаржыландыру, өңірлік баспасөз қызметтерін материалдық-техникалық жабдықтау және 2019-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту керектігін жеткізді.
Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев бұл жоба бірнеше күннің ішінде барлық өңірлік департаменттерге берілетінін, осы бастама сөз күйінде жерде қалмайтынын, оны өзі бақылауында ұстайтынын ескертіп, бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Еліміздің барлық аймағында қандай да бір қылмыс, резонанстық іс орын алса, дереу оған қатысты ресми хабарлама берілуі керектігін шегелеп айтты. Өйткені, ресми ақпарат жылдам берілмесе, қоғамда жалған ақпарат тез тарап кетеді де, ол халық арасында түсініспеушілік туғызады. Бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларының да беделіне зор нұқсан келтіреді.
«Бұдан былай «Өткен жылы осынша қылмыс ашылды, биыл былтырға қарағанда көрсеткіш осынша пайызға жақсарды» деген сияқты құрғақ сандардан арылуымыз керек. Ол сандар ешкімді де қызықтырмайды. Біз нақты істеп жатқан жұмыстарымызды ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа жеткізуді үйренуіміз керек. Олай болмаған жағдайда, ақпараттық соғыста жеңіліс табатын боламыз», – деді министр.
Бұдан өзге, Ішкі істер министрі ІІО қызметкерлерін аттестациялау, жалақыны көтеру, көпбалалы тәртіп сақшыларын қолдау, халықтың сенімін арттыру, қоғамдық пікірді жақсарту үшін жұмыс істеу, т.б. өзекті мәселелерге қатысты өз ойын білдірді.

Ескендір ТАСБОЛАТ,
суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*