Ұлт тарихы – ертеңгі болашақтың кепілі

Нақты ғылыми деректердің негізінде қазақ тарихының бүкіләлемдік тарихтағы өзіндік ерекше орны бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының кіріспесіндегі«Біз өз Отанымыз – Қазақ елі мен оның байырғы халқы – қазақ халқын басқа өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан өркениет ретінде қарастыруымыз керек» деген ойы тарих тұрғысынан бізге үлкен сенім мен міндет артып отыр. Бұл мақала Президенттің «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының тікелей сабақтастығы болып табылады.
Ұлы даланың жеті қырының кез келгені – қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ елінің рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилді өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері – «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алған Түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ Елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жайт қана емес, сонымен қатар, әрбір қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар болып табылады. Осы құндылықтарды жаңғырту арқылы тәрбиелік маңызы зор рухани қазына әрі материалдық мәдениеттің негізін қалайтын боламыз. Бұл дегеніміз – төл тарихымызды жетік меңгеру, қадірлей білу – ұлт болашағының мызғымас кепілі және ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңарып-жаңғыруы, өркендеуі– оның дүниежүзілік өркениеттер арасындағы өзіндік дербестігінің айғағы деген сөз.
Қазақ даласында даналық көзқарас, терең танымдық қасиеттерімен талайды қайран қалдырған ұлы ғұламалардың есімдерін мақтан тұта білу, олардың қол жеткізген жетістіктерін ұрпақтар игілігіне айналдыра отырып, тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейдегі маңыздылығын одан әрі әйгілендіру – ұрпақ парызы.
Тарихтың қай кезеңін алып қарасаң да, рухани-мәдени жаңғыру мемлекет үшін ұлттық рухты көтеріп, қарыштауға апарады. Сондықтан сананы жаңғырту, тарихты тереңінен түсіну, өзіміздің Ұлы Дала ұрпақтары екенімізді түп-тамырымызбен түсіну арқылы әлем сахнасында қайта жаңғыратын боламыз.
Жуырда «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала аясында ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ОҚО Құрметті азаматы, жазушыЕркінбек Тұрысов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Парасат» орденінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы Мархабат Байғұт,Халықаралық Физули сыйлығының лауреаты, ақын Құрал Көмек,Қазақстан халқы Ассамблеясы өзбек диаспорасының төрағасы Икрам Хашимжановшақырылды.
Тоқсанның төріндегі жазушыЕ.Тұрысовжылқыны қолға үйрету, оны баптау, Алаштың алқабында жайылған асауды бағындыру үлкен еңбек пен ерлік екенін жеткізді. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Бұл әлемдік деңгейдегі жаңалық еді. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қару, дала әскері деген түсінік осы салт атты сарбаздар арқылы көшпенділер дәуірінің символына айналды», – деп бүгінгі санадағы батырлар образының қалыптасуы, бес қарудың мән-мағынасы жайлы сыр шертті. Бүгінгі киім үлгісінде шалбар мен аяқ киімнің негізі сол салт аттыдан қалыптасқандығы тыңдаушыларды таң қалдырды. Ат үстінде өзін емін-еркін сезініп, жаумен арпалысу үшін ықшам әрі ыңғайлы киім маңызды орын алады. Сол себепті, бабаларымыз киімді үстіңгі және астыңғы бөлікке бөліп, оны түрлі материалдардан, яғни киіз, тері, жүн, кендірден жасаған. Осылайша, бүгінгі шалбардың алғашқы үлгісі, алғашқы нұсқасы пайда болған. Содан бері қанша уақыт өтсе де киімнің осы түрі өзгере қоймаған. Етік пен жейде де дәл солай. Сарбаздың жарағы мен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Бұл әскери жасақтың негізін құрағандай.
Мұндай жетістіктер қазақ жерінде жетерлік. Бес қарудың шығу, жасалу жолдарын, қолданылу технологиясының қыр-сырын білген бабаларымыз асқан дана болған. Бір қылыштың өзі оқтай түзу немесе иілген жүзі соғыс қаруының кең таралған түрі. Бес қару жігіттің серігі, қорғаны болғаны жайлы тереңнен әңгіме қозғалды. Болашақта елінің тыныштығы үшін қызмет ететін, қылмыспен қарсы күресте бүгінгі қарудың қандай болуы қажет екенін, өткен мен бүгінгінің сабақтастығы мен ерекшеліктерін айшықтай алған тыңдаушылар үшін бұл тақырып өте қызықты әрі пайдалы болды.
Парасат орденінің иегері Ж.Мәуленқұлұлытақырып аясын тарихтан бастап, тәуелсіздікке дейін және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан, бүгінгі жетістік, ертеңгі үміт жайлы сөз етті. «Жастар жылы деп белгіленген 2019 жыл бәрімізге үлкен жауапкершілік артып отыр. Біріншіден, біз тәрбие берген бүгінгі ұрпақтың еңбегі, еліне қызметі болса; екіншіден, сол тәуелсіздіктің перзенттері берер жемісі», –деп сөзін бастаған ардагер қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің тәрбиелік мәніне тоқталды. Киіз үйдің құрылысы, ондағы әр бөлшектің мағыналылығы қазақтың даналығын көрсетеді. Ешбір озық технологиясыз, табиғи таза ағаштан көші-қонға жайлы, қыста жылы, жазда салқын болатын үйді тұрғызу оңай іс емес. Осы шаңырақ бүгін ынтымақ пен бірліктің символына айналды. Әр уықты еліміздегі әр ұлт өкілі дейтін болсақ, сол ұлттардың бірігуі, жұмыла жұдырық болуы – шаңырақты қастерлеу болып саналады.
Шақырылған қонақтардың әрбірі тарихты әр қырынан аша түсті. Сөз құдіреті, сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы, би-шешендердің тапқырлығы, патшалардың даналығы, тағысын тағы айта түскен ақын Қ.Көмек өз шығармашылығындағы «Мен – даланың ұлымын» атты өлеңін оқыды. Оқу орталығында білім алушы тыңдаушылар аталған шығарманы бес тілде орындап, оның аудармасы мен мағынасын түсіндірді. Бостандық пен адалдықты ту еткен қазақ баласының көрінісі залда отырған тыңдарманды жігерлендіре түсті. Қашанда тегінен рухты, қайсар, батыл да өжет болған қазақ үшін бүгінгі серпіннің орны ерекше.
Бұл жоба арқылы біз төл тарихын жетік меңгерген, оны бағалайтын және мақтан ететін, ұлттық өркениетті құрметтейтін өскелең ұрпақты тәрбиелейтін боламыз. Бұдан біз Ә.Кекілбаевтың «Мәдени эволюцияның тек технологиялық емес, этнологиялық та процесс екендігіне, заманына лайық құлық таба алмаған адам,қоғам заманына лайық әрекет те таба алмайтынына, арғы-бергіде алып империялар да, ең алдымен, осыдан күйрейтініне көзімізді жеткізе түседі» деген ойының дұрыстығына көз жеткіземіз.

Ақерке ӘЗТАЙ,
ІІМБ.Момышұлы атындағы оқу орталығы
Мемлекетік тіл және ақпарат тобының инспекторы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*