Полиция полковнигі Марат ӘЛКЕНОВ: Көлік сақшыларының көздегені – қауіпсіздік

Әуе және темір жол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіпті сақтау – көлік полицейлерінің алдындағы басты міндет. Осыған орай, бүгінде бұл салада қандай нақты шаралар қолға алынып жатқанын білу мақсатында Көліктегі Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Әлкеновпен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

Марат Қалиұлы, Көліктегі Полиция департаменті – ІІМ-нің жетекші құрылымдарының бірі. Сондықтан алдымен көлік полициясы қызметі мен оның маңызды бағыттарына тоқталсаңыз?
– Баршаға мәлім, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық құқық қорғау құрылымдарының маңызына, олардың қызметін жетілдіру ісіне үнемі көңіл бөліп келеді. Мемлекет тұтастығына көлеңке түсіріп, қоғам тыныштығын бұзатын аса ауыр қылмыстардың алдын алуда құқық қоғау органдары қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік зор. Сондықтан бүгінде көлік полицейлері департаменттің қызмет көрсету аумағында қылмыстардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарымыздың құқықтық мүддесін қорғау ісіне жан-жақты жұмылдырылған.
Еліміздің әуе және темір жол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіпті сақтау – көлік полициясының алдында тұрған басым бағыттардың бірі.
Қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашу, әкімшілік жазаларды орындау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелетін өзге де міндеттерді жүзеге асыру департаментінің күнделікті атқаратын міндеті болып қала береді.
Департаменттің қызмет көрсету аумағында өткізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралар қаншалықты ауқымды және олардың нәтижелері қандай?
– ІІМ-нің жедел-профилактикалық іс-шараларды, арнайы операцияларды өткізу кестесін орындау үшін, мемлекеттік мейрамдарды мерекелеу және саяси-қоғамдық іс-шараларды өткізу қарсаңында көшелерде әрі басқа да қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары (бұдан әрі – ЖПІШ) өткізіледі.
Іс-шаралар жоспары дайындалып, жедел штаб құрылады. Сондай-ақ, департаменттің әрбір қызметтері мен бөліністері үшін нақты міндеттер белгіленеді. Бұған қоса, жүктелген нақты міндеттерді орындау үшін департаменттің барлық қызметтері мен бөліністері жеке құрамының барынша жұмылдырылып, тәртіпті нығайту және төтенше оқиғалар фактілеріне жол бермеуі бойынша тиісті шаралар қабылданады.
ЖПІШ-ті өткізу кезінде қоғамдық орындарда тиісті деңгейде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеудің тетіктері зерделенеді.
Ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің әуе және темір жол көлігі нысандарында қанша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды? Нақты дерек көрсетсеңіз…
– Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, тәртіпсіздіктер мен ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында департаменттің қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» акциясы ұдайы өтіп тұрады. Мәселен, жыл басынан бері 6632 құқық бұзушы (оның ішінде құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша – 2183 адам) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін 206 азамат, 440-бабы бойынша «қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе мас күйінде жүргені» үшін 763 азамат, 441-бабы бойынша «жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге салынған тыйымды бұзғаны» үшін 488 азамат, 449-бабы бойынша «қоғамдық орындарда мазалағаны» үшін 317 азамат, 204-бабы бойынша «белгіленбеген жерлерде сауда жасағаны» үшін 365 азамат жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша «кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүргені» үшін 44 кәмелетке толмаған жастың заңды өкілдері анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кейінгі уақытта Қазақстанға алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілердің саны артты. Еліміздің көші-қон заңнамасының талаптары қалай орындалуда?
– Заңсыз көші-қон – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып қалыптасқаннан бастап сырт елдермен тығыз қарым-қатынас күшейді. Бұл елімізге келіп-кетушілердің санын күннен-күнге арттыруда. Осы тұрғыда көші-қон заңнамасына да толықтырулар енгізілді. Десек те, көші-қон заңнамасының талаптары толықтай сақтала бермейді.
Департаменттің Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері темір жол вокзалдарында, жолаушылар пойыздарында және әуежайларда көші-қон заңнамаларын бұзған шетел азаматтарын анықтаумен айналысады.
Көші-қон туралы заңнаманы бұзған шетелдік азамат әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соттың шешімімен мемлекет аумағынан тысқары шығару туралы шешім шығарылған адам, егер ол Қазақстан Республикасының аумағынан шешімде көрсетілген мерзімде кетпесе, мәжбүрлі түрде шығарылуға жатады немесе Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ тұлғаны мемлекет аумағынан тысқары шығару – соттың әкімшілік жазалау шарасы ретінде қолданылады. Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасының аумағынан шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ азаматтарды шығару туралы сот актілерінің орындалуын бақылауды ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Ал қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша көлік полицейлері мен халықтың арасындағы өзара іс-қимыл пәрменді деп ойлайсыз ба?
– Көліктегі Полиция департаментінің негізгі ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарының басты бағыттарының бірі ретінде көлік объектілерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Елбасының құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз етуде жолаушылар пойыздарында «жол үстінде кездесу» шеңберінде жолаушылармен ұдайы негізде қазіргі заңнамаға енгізілген өзгерістерді жеткізу бойынша жұмыстар қолға алынып келеді.
Айталық, жыл басынан бері 245 және көлік прокуратурасы және «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірлесіп, темір жол және әуе вокзалдарында халықпен 171 кездесу өткізілді.
Темір жол қауіпті аймақ саналатындықтан, көлік полицейлері темір жол аумақтарына жақын орналасқан елді мекендерде, стансаларда, разъездерде халықпен кездесіп, жоспарлы негізде түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізеді.
Оқу мезгілінің басталуы кезінде материалдық жағдайы нашар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету акциясы кезінде көлік сақшылары 32 жасөспірімді толық оқу киімімен және оқулықтармен қамтамасыз етті.
2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2018 жылдың 1 қарашасына дейін «Құлыншақ» қоғамымен Алматы, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Жезқазған, Қостанай, Көкшетау, Семей қалаларынан мүгедек жасөспірімдерге Астана қаласына экскурсия ұйымдастырылған. Олар Астана қаласына экскурсияға темір жол арқылы келді. Аталған қалалардан келетін мүгедек жасөспірімдер Астана қаласына жол жүру кезінде пойыздарда қоғамдық қаупсіздік қамтамасыз етіліп, олардың жеке мүліктерінің ұрлануына жол бермеу мақсатында сақшылар ілесіп жүрді.
Бүгінде қоғамда жасөспірімдер қылмысының орын алуын немен байланыстырасыз және олардың алдын алу үшін нақты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Елбасымыздың осы жылды «Жастар жылы» деп белгілеуі жайдан-жай емес. Ұлт Көшбасшысы Қазақстанның болашағы жастардың қолында екендігін үнемі баса айтып отырады. Бізге елім-жерім дейтін білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу керек. Өкінішке қарай, құқық бұзушылыққа бейім жастар да кездеседі. Олар стансаларда, разъездерде жүк пойыздарынан көмір және темір жол бөлшектерін ұрлайды, сондай-ақ, темір жол бағдаршамдары мен жолаушылар пойыздарының терезелерін сындырады. Осындай қылмыстарды негізінен темір жолға жақын орналасқан аумақта тұратын жағдайы төмен отбасынан шыққан және профилактикалық есепте тұратын кәмелетке толмағандар жасайды.
Міне, таяуда ғана, яғни 11-15 ақпан аралығында көлік нысандарында кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» республикалық акциясын өткіздік. Ондағы мақсат – кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Акция кезінде Көліктегі ПД қызметкерлері халықпен 102 жиын ұйымдастырып, оқу орындарында құқықтық тақырыпқа 245 дәріс өткізді. Сонымен қатар, 196 дөңгелек үстел, брифинг және пойыздарда жолаушылармен кездесу өткізілді. Темір жол және әуе ұйымдарының қызметкерлерімен 134 түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Акцияны өткізу кезеңінде департамент бойынша 177 кәмелетке толмаған арнайы орынға жеткізілді. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 57, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-аналарсыз және заңды өкілдерсіз тұрғын үйден тысқары жүргені үшін 32, қадағалаусыздық және қаңғыбастық үшін 152, оның ішінде Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 11 жасөспірім орналастырылды.
Өткен жылы Көліктегі ПД-нің қызмет көрсету аумағында «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту» акциясы және «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз! Пойыз!», «Демалыс», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу нәтижесінде көлік объектілерінде кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың саны 35,7%-ға төмендеген.
Жаңа айттыңыз, Елбасы бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Осы орайда, департаментте адал, нәтижелі қызмет атқарып жүрген жастар туралы не айтасыз?
– Көлік сақшылары арасында өз мамандығын жан-тәнімен сүйетін, абыройлы әрі үлгілі қызметкерлер өте көп. Солардың ішінде Әкімшілік полиция басқармасы қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастыру бөлімінің инспекторлары, полиция аға лейтенанты Аякөз Абдиеваны және полиция лейтенанты Бекзат Сәрсембаевты ерекше атағым келеді. Олар өздерінің лауазымдық міндеттерін адал атқарып, қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Аталған қызметкерлер қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады, спорттық жарыстарда департаменттің намысын абыроймен қорғап келеді. Болашақта бұдан да биік жетістіктерге қол жеткізетіндіктеріне сеніміміз кәміл.
Әңгімеңізге рахмет!

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*