Офицерлер отбасының отанасы

Кейде қасымызда жүрген адамдардың қадір-қасиетін аңғара бермейтініміз бар. Әр адамның өмірі өзінше бір даңғыл жол дейтін болсақ, сол жолдан абыроймен өту – әр адамға сын. Ал Төтенше жағдайлар департаментіндегі қызметкер Әлия Нұрқашқызы – ұзақ жылдар бойы азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
Өмірінің отыз жылдан астам бөлігін төтенше жағдайлар саласына арнаған есеп-қисап маманы қызметте ғана абыройлы емес, сондай-ақ, отбасында да адал жар, аяулы ана. 1990 жылы Балтақожа Андақұлұлына тұрмысқа шығып, кейін Ақалтын және Әлихан есімді балалардың анасы атанды. Ақалтыны – Төтенше жағдайлар департаментінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспекторы, Әлиханы – ТЖД «ӨСжААҚЖҚ» ММ-нің байланыс жөніндегі аға шебері. Бүгінде Әлия Нұрқашқызы – 3 жиеннің әжесі. Жұбайы Балтақожа Шаханов та ішкі істер органынан зейнетке ішкі қызмет майоры шенімен шыққан. Яғни, Әлия Шаханованы бір сөзбен офицерлер отбасының отанасы деуге болады.
Сәл шегініс жасасақ, Әлия Нұрқашқызы 1960 жылдың 23 ақпанында Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Интернационал ауылында дүниеге келген. 23 ақпан Кеңес кезеңінде Отан қорғаушылар күні болатын. Сол себепті, әкесі Әсия әпкесіне ұйқастырып және қазақтың батыр қызының есімін иеленсін деп сәбиді Әлия атаған екен. Осы орайда айта кетсек, әкесі Нұрқаш Оңалбаев 50 жыл мектеп мұғалімі болған. Ал анасы Дәмегүл Тойшыбекова ұзақ жылдар нан комбинатында еңбек еткен. Көп балалы отбасында дүниеге келген Әлия Нұрқашқызы – 8 баланың екіншісі. Әпкесі Әсия Орал қаласында кәсіпкер десек, інілері Болат ішкі істер органдарынан полиция подполковнигі ретінде, ал Мұрат Төтенше жағдайлар департаментінен өртке қарсы қызмет капитаны атағымен зейнетке шыққан. Бауырлары Марат пен Айнаш – жеке кәсіп иелері, Алма – медицина қызметкері. Әулеттің кенжесі Айгүл әкелерінің ізін қуып, ағылшын тілі пәнінің жоғары санаттағы мұғалімі атанды.
Әңгімеміздің кейіпкері қаладағы №43 орта мектебін бітіріп, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына «экономика және су шаруашылығын ұйымдастыру» бойынша оқуға түсіп, 1982 жылы инженер-экономист біліктілігін алған. 1982 жылдан Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалында оқытушы, 1983-1986 жылы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының құрылыс дирекциясының жоспарлы-өндірістік тобында топтың бастығы болды. 1986-1996 жылдары Ішкі істер басқармасында экономист болып еңбек етті. 1996-2008 жылдары Қызылорда облысы Өртке қарсы қызметінде қаржыгер мамандығы бойынша әртүрлі қызметтер атқарды. 2008-2009 жылдары Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы болды. Абыроймен қызмет еткені үшін бірнеше рет медальдармен және мақтау қағаздарымен марапатталған. Бүгінде өртке қарсы қызмет подполковнигі ретінде зейнетке шыққан ардагер. Қашанда адал еңбек етуді бақыт деп ұғатын Әлия Нұрқашқызы Қызылорда облысы ТЖД Қаржы бөлімінде қызмет етуде және жас мамандарға ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беруден аянып қалған емес.

Айгүл АСЫЛҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*