Жұмыста табысқан жұп

Бүгінде біздің қоғамда отбасылық династиясымен мақтанатын еңбек ұжымдары жетерлік. Ақтөбе облысы полиция департаментінде де ел тыныштығын қорғау жолында дамылсыз еңбек етіп жүрген әулеттер баршылық. Осынау жауапкершілігі мол мамандықты таңдағандардың қатарында Алғабек Төлегенов пен Эльмира Төлегенова да бар.
Олар өздері таңдаған мамадыққа адалдық тынытып, қоғам тыныштығы жолында күннің ыстық-суығына қарамастан еңбек етуде. Бұлар – өзгелерге үлгі болатын тәртіп сақшылары. Күндіз-түні ізденісті талап ететін, адам тағдырын шешуге бағытталған мамандық иелерінен құралған отбасыларда кейде бір-бірлерін апталап көрмейтін кездер де болады.
Алғабек Қуанышұлы 1998-2000 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келіп, ішкі істер органдары саласында еңбек жолын 2001 жылы патрульдік полицей қызметінен бастаған. Бүгінде көші-қон қызметі басқармасындағы арнайы взвод аға инспекторы, полиция капитаны шенінде жемісті еңбек етуде. Өз ісіне шынайы берілген, өзгелерге ісімен үлгі болатын маман. Ал зайыбы Эльмира Төлегенова қаржымен қамтамасыз ету басқармасында еңбек етеді. Екеуін де қызмет табыстырған.
– 2005 жылы қаржымен қамтамасыз ету басқармасына қызметке орналастым. 2007 жылы кіші сержант атағын алып, 2010 жылы аға сержант атандым. Кейін құқық саласындағы реформаларға байланысты біз шен тақпайтын болдық. Алғабек екеуміз 2008 жылы отау құрдық. Оның бойындағы еңбексүйгіштігі мен сабырлылығы, ер адамдарға тән қайсарлығы маған ұнады. Бүгінде екі бала тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым көп балалы отбасынан. Әкеден ерте қалған. Анасы қандай қиындық болса да төзіп, мойымай еңбек ете жүріп, балаларының білім алуына көңіл бөлген. Жолдасым – 12 баланың 9-шысы. Көп балалы отбасылардың бір ерекшелігі – бауырмалдығы, бір-біріне деген қамқорлығы, жанашырлығы. Отбасында алған тәлім-тәрбиесін жалғастырып, менің жолдасым да үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарап, қолынан келген бар қамқорлығын бауырлдары мен ағайын-туыстарынан аямайды. Біз жұмыста да, өмірде де бір-бірімізге демеу болып, әркез қолдау танытып отырамыз. Тәртіп сақшысының жұбайы болу, әрине, оңай емес. Өзім де осы салада жүргесін, бар ауыртпалығын сезінем. Түсіністікпен қараймын. Жолдасым қолы қалт етсе, отбасына, балаларына көңіл бөлуге тырысады. Барлық отбасылар сияқты біздің де өз дәстүріміз бар. Әсіресе, жаз айларында демалысқа шыққанда балаларымызбен бірге Қазақстанның тарихи қалаларын аралаймыз. Балаларымызды өткен тарихқа құрметпен қарауға, елін, жерін сүюге, патриотизмге тәрбиелейміз. Алғабектің әкесі Қуаныш Төлегенов шамамен 1950-1957 жылдар аралығында Шалқар темір жол торабында ішкі істер органдарында еңбек еткен. Інісі Мырзатай Қуанышұлы да Полиция департаментінің ЖППБ инспекторы. Ұлымыз Бекнұр қазір 10 жаста. Ән салып, замануи би билегенді ұнатады. Мен ана ретінде балаларыма үлкен сенім артамын. Балам Бекнұр «Білім. Ғылым. Инновация» интеграциялық орталығының республикалық дарынды оқушылар энциклопедиясына енген. Ол облыстық «Менің Қазақстаным», «Менің полициям» атты сайыстарда «Елін сүйген балақай» номинациясында жеке ән орындаушылық қабілетімен көзге түсіп, жүлдегер атанды. Жолдасым да қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыстағы жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін бірнеше рет ҚР ІІМ атынан грамоталармен марапатталған, – деп өз ойымен бөлісті Эльмира Бақтыгерейқызы.
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі» деп атап өткен болатын. Отбасы құндылықтарын насихаттауға, полицияның оң имиджін қалыптастыруға және отбасының абыройын арттыруға арналған жобалар елімізде жүйелі қолға алынуда.
Алғабек Қуанышұлы мен Эльмира Бақтыгерейқызы өмірлік таңдаулары бір арнада тоғысқан бақытты жұп. Олар Ұлы ақын Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген ұлағатты сөзін өмірлік ұстанымға айналдырған.

Ақтөбе облысының ПД

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*