Полиция полковнигі Айғаным ЖАҢАБАЕВА: «Полиция қызметінде ер-әйелге талап бірдей»

Бүгінде әскери әйел қызметшілер сұлулықты, нәзіктікті, әсемдікті, күш пен батылдықты шебер ұштастыра отырып, ерлермен иық теңестіре әскери қызметтің ауыртпалығын арқалап жүр. Осындай қиын да күрделі қызметте жүріп, олар отбасылық жылулықты сақтап, бала тәрбиесімен айналысуға да уақыт табады. Өйткені, отбасының берекесі қашан да әйел.
Әскери әйел қызметшілер арасында өздерінің адал әрі қажырлы еңбектерімен саланың дамуына серпінді үлес қосып келе жатқандар аз емес. Солардың бірі – ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің басқарма бастығы Айғаным Жаңабаева.
Ол бұл салаға бірден келе салған жоқ. Алдымен 1992 жылы республикалық медицина училищесінде «медбике ісі» мамандығын тәмамдаған соң, қызмет жолын ІІМ-нің емханасында медбике болып бастады. Жұмыс барысында өзінің әріптестерінен криминалистика саласы жайында естіп, қызығушылығы артады. Жаны жеделділікті, қым-қуыт қызметті қалайтын Айғаным ақыры 1994 жылы осы салада сарапшы болып өзінің алғашқы қадамын бастайды. Содан 2011 жылға дейін қатардағы қызметкерден жедел сот-сараптама бөлімінің жетекшісіне дейінгі лауазымға көтеріледі. Жас бойжеткеннің бір кездегі қызығушылығы оған болашақта үлкен белестерді бағындыруына себеп болды. 2011 жылы қараша айында жедел-криминалистика бөлімінің бас криминалисі болып тағайындалды. Одан кейін де талай белестерді артқа тастады. Осыдан екі жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2017 жылы қаңтар айында ІІМ-нің Жедел-криминалистикалық департаменті Криминалистикалық зерттеулер мен есеп басқармасының бастығы қызметіне кіріскен ол қазіргі уақытта да осы қызметін абыроймен атқаруда.
«Алғашында ата-анамның тарапынан қарсылық болғанымен, кейін түсіністік танытты», – дейді Айғаным ханым өзінің өмір жолы жайлы сыр шерткенде. Иә, криминалист мамандығы сырт көзге қарапайым мамандық болып көрінгенімен, оны игеру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бұған мықты ерік-жігер, табандылық қажет. Криминалист мамандығы, сонымен бірге, тынымсыз ізденісті талап етеді. Өйткені, білікті криминалист болу үшін ғылымның әр саласынан хабардар, негізгі мамандығыңа қоса көптеген басқа да мамандықтарды бір кісідей игеру керек. Полицияның қарбалас та қиын жұмысының бағамы ең алдымен ашылған қылмыстармен бағаланады десек, қылмыстарды ашуда криминалистердің атқаратын жұмысы өте жауапты.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде қылмыс түрлерінің күн өткен сайын күрделі сипат алып бара жатқанын ескерсек, криминалист үшін талмай ізденудің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.
– Ерлер ұжымымен жұмыс істеу барысында өжеттілік пен батылдық қажет және қандай жағдайда да өзіңнің әйел заты екеніңді ұмытпай, нәзіктік болмысыңды да сақтауға тиіссің. Мен үшін өмірде адам болып қалу, бойыңдағы адамгершілік қасиеттерді жоғалтпау қай уақытта да маңызды. Полиция қызметінде ер, әйел деп бөлінбейді, барлығына талап бірдей. Бірақ, сонда да әйел өзінің нәзіктігін жоғалтпауды қаперінде ұстағаны жөн, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Айғаным Халықкеңесқызы қызметтен тыс уақытта аяулы ана ретінде бар мейрімін, махаббатын перзентіне бөледі. Ол – Амели есімді оқушы қыздың анасы, ақылшысы. Жұмыста қатал ережеге бағынатын Айғаным үйде, әсіресе, қызының қасында көңілі кең, жүрегі жұмсақ жанға айналады. «Себебі, мен үйде ошақ иесі, әсіресе, қыз баланың анасы болғандықтан, өзімді басқаша елестетпеймін», – дейді ол.
Иә, ана – әсемдіктің келбеті, махаббат пен мейрімнің шуағы. Бұл мейірімге барлық адамзат баласы мұқтаж. Бәріміз де анамыздың мейріміне шомылып, махаббатына бөленіп өстік. Сондықтан қызметте қатал тәртіп, үйде мейірімі мен махаббатын жоғалтпай, қатар алып жүрген нәзік жанды аналарға мереке құтты болсын дейміз. Айғаным Халықкеңесқызы да бізден әңгіме барысында өз әріптестеріне мерекеге орай ыстық лебізін жолдады.

Аяжан ҚАЛҚАБЕКОВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*