Ер жігіт ісімен танылады

Мен бұл мақаламда өзімнің әріптесім, бой десе бойы бар, ой десе ойы бар атпал азамат, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті КА-168/1 мекемесі жедел бөлімінің жедел уәкілі, әділет лейтенанты Мұрат Сердалы туралы әңгіме қозғағым келеді.
Ол Ақтөбе облысының киелі Ырғыз ауданында дүниеге келген. Отбасында өзінен бөлек, апасы мен інісі бар. 2009 жылы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік аяқтады. Жастайынан полиция қызметкері болуды армандайтын Мұрат 2009-2013 жылдары Ақтөбе қаласының Кооперативтік колледжін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқуын аяқтай салысымен қарулы күштер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Өскемен қаласындағы №27943 әскери бөлімінде өтеді.
2015 жылы КА-168/1 мекемесіне режим және күзет бөлімінің бақылаушысы лауазымына орналасып, сол уақыттан бері өзін өте жақсы жағынан көрсете білді. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін басшылық Мұрат Беркінұлын орта басшы құрам лауазымы қатарына ұсынды. 2017 жылы туған өлкесі – Ырғыз ауданы Пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалса, 2018 жылдың мамыр айынан бастап КА-168/1 мекемесі жедел бөлімінің жедел уәкілі лауазымында қызметін жалғастыруда.
Ер азаматта кемінде сегіз түрлі қасиет-қабілет болуы тиіс. Сондықтан да шығар, атам қазақ жігітті сипаттағанда «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Осы мінездеме Мұратқа да тікелей қатысты. Спортты сүйетін азаматтың күрестен ІІ разряды бар. Облыстық ҚАЖД мекемелері арасындағы талай жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізген. Оған қоса, қысқы спорт түрі – шаңғы жарысында II орынға, гір көтеру спортынан Ақтөбе облысы Полиция департаментінің чемпионатында тағы да жүлделі ІІ орынға ие болды. Ал өткен жылдың аяғында атыс даярлығы бойынша өткізген жарыста I орын алып, мергендігімен де көзге түсті.
Ата-анасына, студент інісіне сүйеніш, тірек бола білген Мұрат бұл күнде өз отбасын да құрып үлгерген. Сүйікті жар, қамқор әке ұл мен қыз тәрбиелеуде.
Сұхбат барысында Мұрат бос уақытында сүйікті ісі мен өзінің қызметі туралы айта отырып, өмірлік ұстанымын ортаға салды. Оның мақсаты – құқық қорғау қызметкері атына нұқсан келтірмей, абыроймен қызмет атқару. Қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында болып жатқан қылмыстардың жолын кесуге, азайтуға, тәртіп пен заңдылықты сақтауға бір адамдай өз үлесін қосып келеді.
2019 жылды Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Жастардың әр салада, әр деңгейде өздерін көрсетуі үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіншіліктер ұсынылып отыр. Елбасы қашанда жастарды қолдау, солардың болашағын жарқын қылу, әр салада білікті маман болып, еліне адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу саясатын ұстанады. Осы мақсатта қанша форумдар, бағдарламалар және жобалар іске асырылуда.
«Жүз адам мақтаған кісі – жүз адамға татиды» дегендей, жарқын мінезімен, ізгі қасиетімен көзге түсіп, жауының алдында ер жүректік, үлкендерге кішіпейілділік танытып, халық салтын қадірлей білетін, мақтауға тұратын әріптесімізге қызметте биіктен көріне беруіне, жоғары лауазымдарға қол жеткізуіне шын жүректен тілектеспіз.

Ұлжан ОМАРОВА, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*