Көпұлтты қоғамның бірлігі

Жуырда Қарағанды қаласының Достық үйінде «Этномәдени бірлестіктер жас көшбасшыларының тұлғалық қалыптасуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция Н.Ә. Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім моделін насихаттау, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру, сондай-ақ, Президент бастамаларын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға еліміздің бас қаласы – Астанадан Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының авторлары келді. ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, академик, философия ғылымдарының докторы Қазбек Қазкенов, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, қоғам қайраткері, Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің бас менеджері Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің директоры, педогогика ғылымдарының кандидаты Жаңагүл Тұрсынова қатысты.
Шараның екінші бөлімі полиэтникалық Қазақстанның тәуелсіздік алуының тарихи маңыздылығын насихаттау, саяси тұрақтылықты, азаматтық татулықты және ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағытын таныстыруға, Тәуелсіздік құндылықтарын жете түсіндіру ғылыми жұмыстарына арналды. Осы конференцияға ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы жалпы білім беретін пәндер кафедрасының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, полиция аға лейтенанты Әділет Жағыпар қатысып, «Бүркіт Ысқақұлының қайраткерлік өмірінің кейбір қырлары» атты ғылыми баяндама жасады.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар сертификатпен марапатталды.

М. ХИМАДИ, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*