Үш күндік шара нәтижесі

Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон полицейлері 145 шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлері «Шетелдік» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады.
Облыс аумағына заңсыз келетін адамдарды анықтау, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, сырттан келгендерді бақылауды күшейту – өңірде 18-20 ақпан аралығында өткен облыстық операцияның басты мақсаты болды. Базарлар, транзиттік автокөліктер, сондай-ақ шетелдік қонақтардың тығыз орналасқан жерлері тексерілді. Үш күн бойы жүрген рейдтің нәтижесінде көші-қон полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, 145 шетел азаматын жауапкершілікке тартты.
«Олардың 138-і – Әкімшілік кодекстің 517-бабы «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша. Сот шешімімен Қазақстан Республикасы аумағынан 6 шетелдік шығарылды», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбілов. Сондай-ақ, оның айтуынша, өткен жедел-профилактикалық іс-шаралардың басты міндеті шетелдіктердің тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, оларға қатысты жасалатын криминал мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылатындығын атап кетті.
Үш күннің ішінде осындай 50-ден астам бұзушылық анықталды: 518-бап бойынша шетелдiктердің болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамаған 57 қазақстандық жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 519-бабына сәйкес еліміздің 6 азаматы жазаланды.
Жалпы, осы жылдың басынан Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 376 шетел азаматы жауапқа тартылды. Соттың шешімімен ел аумағынан 17 адам шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*