Міндетіне мінсіз берілген

Құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулік дегенді білмейтін, күйбеңі көп күнделікті қызметте тер төге жүріп өз міндетіне мінсіз берілген полицейлердің ісі қандай құрметке де лайық. Ел тыныштығы жолында қиындық пен қатердің ортасында жүретін қырағы сақшылардың бірі –бүгінгі күнде құрметті демалысқа шыққан Дәулет Мәжитов туралы әңгімелегім келіп отыр.
Дәулет Қабыкенұлы 1973 жылдың қазан айында Қарағанды облысының Ульянов ауданының Ульяновка кентінде дүниеге келген екен. Мектеп бітірген соң ата-анасына қолқабыс жасамақшы болып әскер қатарына кеткенше түрлі жұмыстар істеген. 1991-1993 аралығында Алматы облысында әскери міндетін өтеген. Әскер қатарынан келген соң бір жылдан соң, яғни, 1993 жылы Бұқар жырау ауданының Ішкі істер басқармасына қызметке тұрған. Қызмет жасай жүріп қосымша Қарағанды қаласындағы жоғары милиция мектебін бітірген. 24 жыл осы Бұқар жырау ауданының Ішкі істер басқармасында қызметін қатардағы милиционерден бастаған ол басшылық құрамға дейін жетіп, осы жылы подполковник шенінде құрметті демалысқа шықты.
Дәулет Қабыкенұлы жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты күшейту, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, кадрлармен жұмыс тиімділігін және қызметкерлердің әскери-қызметтік даярлық деңгейін жоғарылату бойынша кешенді шаралар қабылдауда жетекші болды. Қызметкерлердің моральдық-психологиялық дайындықтарына жоғары талаптар қоя білді. Бұл бағытта үнемі жеке құрамға тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізумен болды. Және де жеке құрам арасында түрлі мәдени-көпшілік, спорттық, қайырымдылық және басқа да іс-шараларды тұрақты өткізіп отырды. Қызметкерлер бір-біріне сенім артып, қоян-қолтық қызмет атқарса, іс өз жемісін бермек. Мұнымен қоса әрбір ішкі істер органдарына қадам басқан жас мамандарға тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерлер тағайындап, үйрету жұмыстарын жүргізуді дұрыс жолға қойып отырды.
Жалпы полиция қызметкері – халықтың қорғаны дейміз. Түрлі қылмыскерлермен күресетін сақшылардың өздері әлжуаз болмауы тиіс. Сондықтан ішкі істер саласының қызметкерлері түр-тұлғасы сымбатты, келбеті келісті, адамдармен сөйлесе білетін, өз ісінің шебері болуы тиіс. Адамдармен сөйлесе білуі керек деуіміздің себебі– ұрғындармен сөйлескенде сыпайы әрі қарапайым болса, полиция қызметкерінің жұмысы да жандана түсері сөзсіз. Осы критерийге сай болған, қызметтік борышын адал орындап, алға қойылған міндеттерді жоғары кәсібилікпен, сапалы әрі тиімді орындайтын полиция қызметкерлері атағына сай болып, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті үлкен абыроймен атқарған Дәулет Қабыкенұлы осы қоғам үшін атқарған еңбегінің бұл күнде зейнетін көруде. Әрине, осы жетістіктердің арқасы қандай жағдай болса да, осы қиын да қызықты қызмет атқарған жолдасына ұдайы қолдау көрсетіп отырған жары Ақмаржан. Ақмаржан екеуі екі бала тәрбиелеп өсіріп, бұл күнде, құда мен құдағи, ата-әже атанып, немере сүйіп отырған жайы бар.

Ғалима ҚАЗАЛИЕВА, Қарағанды ОПДБұқар жырау ауданының ПБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*