Қырағы қимыл қылмысты құрықтайды

Криминалдық полиция бөлімі ішкі істер органының ең негізгі, ірі құрылымдарының бірі. Жедел уәкілдердің қызметі тәуекелділікпен тығыз байланысты. Қылмыстың басым бөлігін криминалдық полиция ашатыны белгілі. Сондықтан қойылатын талап та жоғары. Олардың міндеті – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз қару-жарақ айналымымен және есірткімен күресу, сонымен қатар жоғалған азаматтар мен қашып жүрген қылмыскерлерді іздестіру, болған қылмысты ашу. Біз осынау күрделі саланың тыныс-тіршілігі туралы білмек болып, Бұқар жырау ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полковник Мақсат Әшімовпен сұхбаттасқан едік.

Мақсат Исатайұлы, қазіргі таңда Бұқар жырау ауданының криминалдық полиция бөлімінде бөлім бастығын қосқанда жеті бірдей жедел уәкіл қызмет атқарып жүр екен, енді атқарылғанжұмыс нәтижелері туралы айтып өтсеңіз?
– Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында биыл біздің басқарманың криминалдық полиция қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлауға және бұрын жасалған қылмыс¬тарды ашуға байланысты бірқатар маңызды іс-шаралар атқарды. Алдын алу іс-шараларының барлығы да аудандық және ауылдық әкімдіктермен келісіліп жүргізіледі. Жігіттердің арқасында, жалпы алғанда көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда қазіргі таңда жоғары. Айта кететін бір жайт, Ростовка ауылында бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында кісі өлтіру оқиғасы болған еді, осы қылмыс облыстың Полиция департаментінің жедел уәкілдерімен біздің басқарманың жедел уәкілдерінің бірлесіп атқарған жедел жұмысының арқасында ізі суымай ашылды.
Қазіргі таңда жалпы, аудан бойынша қандай қылмыс түрлері жиі кездеседі және оның алдын алу үшін не істеу керек?
– Бүгінгі таңда аймақтағы ең өзекті мәселе – мал ұрлығы. Себебі, аудан аумағында орналасқан алыс-жақын мал жайылымдарында шаруа қожалық иелерінің жайылымдағы малдарды қараусыз қалдыруы және малы жоғалған тұрғындар полиция көмегіне дер кезінде жүгінбей, жоғалтқан малды өз күштерімен іздеп, уақыт жоғалтады. Тұрғындар қора-жайларын ретке келтіріп, атап айтқанда, күзетті күшейтіп, малдарды түгелдей құжаттау, таңба салу шараларын толық қолға алса және мал басын ақыға немесе кезектесіп бағуға үлкен мән берілсе мал ұрлығының алдын алуға болар еді.
Криминалдық полиция бөліміқызметкерлерітуралы не айтасыз?
–Криминалдық полиция қызметіне кездейсоқ адамдар бара бермейді, бұл жерде тек өзінің жағдайын ғана ойламайтын азаматтар жұмыс істейді. Баршаға мәлім, қылмыстық іздестіру қызметі – ішкі істер орган¬дарының негізгі құрылымдарының бірі болып саналады. Сондықтан да жедел уәкіл беделді мамандық саналады. Өйткені, олардың қатысуынсыз қылмысқа қарсы күрес жүргізу мүмкін емес. Бұл қызмет әрдайым біліктілік пен айрықша білімді қажет етеді. Бізде жас мамандарды дайындау мен олардың қалыптасуында кәнігі іздестірушілердің тәжірибеге бай өмір жолдары, тәлім-тәжірибелері маңызды рөл атқарады. Бұл бөлімді қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып жүрген қызметкер полиция капитаны Н. Жанпеисов басқарады. Қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыспен күресте аға жедел уәкілдер полиция майоры А. Есмағанбетов сынды аға буыннан полиция капитаны Б. Кәкімов, полиция аға лейтенанты А. Талғатов, полиция аға лейтенанты Д. Секішев, полиция аға лейтенанты Ә.Қалиев, полиция аға лейтенанты Е. Шоқан сынды жас сақшылардың алар үлгісі көп. Әріптестер аянбай еңбектеніп қоғам тыныштығын сақтау жолында борыш пен ар намысты, адалдықты серік еткен жандар деп айта аламын.
Енді өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз.
– Егіндібұлақ ауданының тумасымын. Мектеп бітірісімен әскер қатарындағы борышымды атқарып, әскер қатарынан келген соң Қарағанды мемлекеттік университетін және кейінірек Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірдім. Ішкі істер органында жиырма жылдан аса табан аудармай қызмет етіп келем. Қызметті жедел уәкілдіктен бастадым.
1920 жылдың қазан айында Қазақстанның Бас милиция басқармасының жанында Жедел іздеудің орталық басқармасы құрылып, барлық үлкен қалаларда қылмыстық-іздеу бөлімшелері ашылғаны тарихтан белгілі, былайша айтқанда криминалдық полиция бөлімі ішкі істер органының ең негізгі, ірі құрылымдарының бірі. Осы мамандыққа қызығатын жастарға криминалист болу үшін алдымен не керек?
Бұл саланың қызметкерлері басқа қасиеттерімен қоса, адалдық, күнделікті кездесетін адамдармен сыйластық қатынас жасау, ұрымтал сәттерде тиімді де дұрыс жол таба білу, қай кезде де жан-жақты сараланған сарапталған шешім шығара білу сияқты қасиеттерді игеруі қажет. Оларға шикі шешім шығарып, асығыстыққа жол беруге болмайды, себебі, шынайы қылмыскердің шым-шытырық шырғалаң іздері өте ұқыптылық пен тапқырлықты талап етеді. Сондай-ақ, бұл қызмет қашанда жинақылықты, жедел қимылдауды және тәуліктің кез келген уақытында оқиға орнына баруға дайын тұратын даярлықты талап етеді. Олардың қырағы қимылдарының арқасында ғана қылмыс саны азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылайды.
Әңгімеңізге рахмет. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі – аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында біздің жедел уәкілдер күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адал қызмет ете берсін!

Сұхбаттасқан Ғалима ҚАЗАЛИЕВА,
Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*