Министр қоғамдық кеңестің жұмысын бағалады

Таяуда Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті.

Отырыс барысында министр Қалмұханбет Қасымов консультативтік-кеңесші органның бірінші құрамының тиімді жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. 2016 жылы құрылған Қоғамдық кеңестің құрамында белгілі қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары, ғылыми және оқу орындарының, БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.
Қоғамдық кеңес өзінің үшжылдық жұмыс кезеңінде ішкі істер органдарының тиімділігін арттыру, қылмыстық әрекеттерден азаматтардың құқығын қорғауға қатысты өзекті мәселелер қаралған 17 отырыс және 8 қоғамдық тыңдау өткізді. Осы уақытқа дейін азаматтардың 100-ден астам өтініші қарастырылып, министрлік әзірлеген құқықтық-нормативтік актілер жобасы бойынша 500 қорытынды жасалды.
Қоғамдық кеңестің төрағасы, профессор Марат Қоғамов атап өткеніндей, кеңес өңірлік бөліністердің қызметіне белсенді мониторинг жүргізіп отырса, өз кезегінде кеңестің мүшелері ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, сараптамалық кездесулер мен Парламент және мемлекеттік органдар өткізген басқа да іс-шараларға қатысты.
Министр Қ.Қасымов: «Министрлік Кеңесінің жұмысы қоғамдық кеңестердің Бірінші Республикалық мәжілісінде еліміздегі ең үздіктерінің бірі болып топ жарды, Кеңес төрағасы мен оның мүшелерінің еңбегі өте зор, сондықтан да сіздерге министрліктің қызметін жетілдіруге қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді.
Шара соңында М.Қоғамов Кеңестің барлық мүшелеріне, сондай-ақ министрлік пен оның қызметтерінің басшылығына Қоғамдық кеңестің жұмысына белсене қатысқандары және жемісті еңбектері үшін алғыс айтты.

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*