От кешкендерге құрмет

1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс басталып, оның арты соғысқа ұласты. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің «көмегімен» де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты.

1979 жылдың 24 желтоқсан күні Кремльде Ауған даласын өртке орайтын құжат пайда болды. Аталмыш құжатқа сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Д.Ф.Устинов пен Бас штаб бастығы Н.В.Огарковтың қолы қойылды. Құжатта қабылданып жатқан шешімнің қысқаша түсініктемесі берілді. Онда: «Орталық Шығыстағы әскери-саяси жағдайға байланысты Ауғанстан үкіметінің соңғы өтініші дұрыс деп танылды. Кеңес әскерлерінің кейбір бөлімдерін енгізу, оларды елдің оңтүстігіне орналастыру, Ауғанстан Демократиялық Республи¬касына, достық ниеттегі Ауғанстан халқына интернационалдық көмек көр¬сету мақсатында, сонымен қатар, кейбір мемлекеттер тарапынан антиауғандық акцияларды жоя отырып, оларға қайырымды жағдай жасау үшін шешім қабылданды», – деп жазылды. Ауғандық үкімет басшылары өз елінің ішіндегі кикілжіңдерді Кеңес Одағын тікелей қатыстыра отырып шешуге тырыс¬ты. Ауғандық шенеуніктер сол уақытта кеңестік әскердің өзінің түбіне жетушілер болатынын қаперіне де алған жоқ.
Осылайша, 25 желтоқсанда Мәскеу уақыты бойынша сағат 15:00-де КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйры¬ғымен Ауғанстанға Кеңес әскерлерін енгізу басталып кетті. Командирлер: «Бұл қысқа мерзімдік акция, тапсырманы орындаймыз да кетеміз», – деп соқты. Жастар тіпті не үшін аттанып бара жатқандарын да сезген жоқ. Кеңес үкіметінің бұл «қамқорлығы» тоғыз жылдан астам уақытқа созылды. «Акция» қаншама қыршын жастың өмірін жалмады. Ең ауыры да сол, антиауғандық акцияға қарсы әскер– «мұсылман ұлты» өкілдерінен құралды.
Әккі Кеңес үкіметінің аярлығы – мұсылмандарды мұсылмандардың қолымен қырғызды. Ауған соғысы сан мыңдаған қазақстандықтардың да жүрегіне жара салып кетті. Сондықтан да бүгінгі бейбіт күннің өкілдері сол сұрапыл күндерді ешқашан да ұмытпайды. От кешкен ерлерімізге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы.
Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Басқолбасшысы Н.Ә.Назарбаев Ауған соғысы туралы: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Қаза тапқандардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды», – деген болатын.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 30 жыл толады. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараларды өткізу шеңберінде және ішкі істер органдарының қызметкерлерінің бойына антқа адалдық, ерлік сезімдерін аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрінде қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мұражайында 6-13 ақпан аралығында «Ауған жеріндегі милиция» атты тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл – бейбіт күннің сақшылары үшін сабақ болары анық.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суретті тсүірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*