Опындырып жүрмесін «тоқал тамдар»

«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын Астанамды»,– деп Қ.Аманжолов айтып кеткендей, күн санап көркейіп келе жатқан елордамыздаитшілеп күн көріп, тауықтың қорасындай жерде тұрып жатқан,баспанаға шын мұқтаж көпбалалы отбасылар көп.Қысы-жазы біреудің бақша өсіретін саяжайын, иттің үйшігіндейлашығын пана етіп жүргендердіңде кейбіреуінің жалын өрттің кесірінен 5 баласынан айырылған отбасының күйін кешпесінекепілдік жоқ. Өйткені, көзіміз жеткені – қабырғасы құлап, төбесі опырылып түсейін деп тұрған мұндай «үйлердің» ешбірінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Шұрық-тесік пеш, ашық-шашық жатқан электр сымдары, тазартылмаған мұржалар…
«Квартиранттың» күні
Әуежайға барар жолдағы Пригородный ауданындағы саяжайлардың дені «сырқат» күйде. Қала сыртындағы аудан ауыл өмірін еске түсіреді. Пеш мұржаларынан будақтап шыққан түтін, қараусыз қалған үйлер, аш-арық иттер, ойнаған апыр-топыр балалар – ауданның боямасыз көрінісі. Бұл ауданның бір бетін осы саяжайлар алып жатыр. Астананың келбетіне нұқсан келтірмесін дегендей әуежайға бара жатқан жолдағыбұл саяжай қалқанмен қоршалған. Сол себепті де қалқанның арғы бетінде қайнап жатқан өмір көпке тансық. Осыны өз көзімізбен көру үшін Есіл ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы қызметкерлерімен бірге өртке қарсы қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шықтық.
Шарбақпен қоршалған саяжайларда сыртынан бір қарағанда тіршілік жоқ па деп қаласың. Осындай үйлердің біріне кіргенде, лаулап жанып жатқан пешке бірден көз түсті. Қара күйеге боялған үйдің төрт бөлмесінің бірінен орта жастағы ер кісі шықты. Басқа үш бөлмеге құлып салынған, бос тұр екен. Бос тұрған себебі де – қанша жерден от жаққанымен салқын көрінеді. Бөлменің салқын екенін ер кісінің қабат-қабат киінгенінен-ақ аңғардық.Пеш лапылдап жанып жатқанымен, кіре беріс есікті мұз қарыған. Ер адам осындай аядайбөлмені бір өзі 30 мыңға жалдап тұрып жатыр екен.«Қожайындары қалада тұрады, ескертулеріңізді жеткіземін» деп бізді есіктен шығарып салды. Көше бойындағы әрбір екінші үйдің күйі осындай. Ауласында отын үйілген, бүрсеңдеген иті бар тағы бір осындай үйге кіргенімізде алдымыздан апыр-топыр балалар жүгіріп шықты. Қуықтай ғана жерде бес баласы бар отбасы күнелтіп отыр. Бес баланың ересегі 12 жаста болса, ең кішісі екіге енді келген. Осы қуықтай ғана жерде олармен бірге әжелері де тұрып жатыр екен.Табалдырықтан аттағанда ақ жаулықты әже еденде отырып, нан пісіріп отырды. Бұл көрініс көзге жылы ұшырады.Осындай жерде бес баласымен тұрып жатқан келіншек ыңғайсызданды ма, әлде ұялды ма, әйтеуір алдымызда ақталғандай болды.
– Сіз үйдің иесісіз бе, әлде…
– Мынау үйдің бе ( аңтарылып,) жоға «квартирантпын» мен…
(іштей біреудің осындай тоқал тамында тұрып жатқанына ызалы кейіппен)
– Бұл жерде жақында ғана көшіп келдік. Осыған дейін 100 мыңға жалдап тұрып келгенбіз. Ол үйді қожайыны сататын болып қыста көшуге тура келді. Үй іздеп жүруге уақытымыз болмай, осында келе салдық.
– Уақыт жоқ дейсіз, бір жерде жұмыс істейтін болдыңыз ғой?
– Жолдасым екеуміз күні-түні жұмыстамыз. Мен өзім «президентский» больницада жұмыс істеймін.
– Жұмысқа кеткенде балаларды кімге сеніп тапсырып кетесіздер?
– Бес балаға әжелері бас-көз болып қалады. Қараусыз қалдырудан қорқып қалдық қой.
Келіншек төтеншеліктерден пеште қандай ақау барын сұрап біліп жатты. Төтеншеліктер өрт қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жіпке тізгендей етіп айтып, көрсетітті. Көздері жәутеңдеген бес бала арғы бөлмеден сығалап қарап тұрды.

«Күнкөрістің қамы»
Саяжай телімдерінде өлместің күнін кешіп жүргендердің қай-қайсының жағдайы мәз емес. Әрбір екінші үйде бес-бес баладан. Тұрып жатқан лашықтарының ластығы сонша, кіргеннен шыққанша асығасын. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Есіктен ағылған боқ-соқ төрге дейін жетеді. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Аңғал-саңғалы шыққан осындай бір үйдің есігін қақтық. Ар жақтан бір әйел шығып «қазір» деп кеткенімен біздің сыртта тұрғанымызды ұмытты ма, көпке дейін күттіртіп қойды. Өзінше ұялған түрі шығар, үйдің ішін жиыстырып жүр екен. Түс болса да төсек жиналмаған, жуылмаған ыдыс-аяқ үйіліп тұр, әр бұрышта кір киімдер жатыр. «Әйел адам қандай болмасын тұрып жатқан жерін таза ұстауы керек қой» деп ойладық іштей. Аттап-аттап пеш тұрған жаққа беттедік. Пеш балалар ұйықтап жатқан жатын бөлменің іргесінде орналастырылыпты. Төтеншеліктер бұл өрескел ережебұзушылық екенін айтып еді. «Есесіне, балаларым пештің түбінде жылы жатады» деді балаларын қызғыштай қорыған ана. Бөлме болса қап-қараңғы. Пыс-пыс етіп бала ұйықтап жатыр. Төсек орындар да лас. Шұрық-тесік пештің үстінде сырт киім, балалардың аяқ киімі жаюлы тұр. Апыр-топыр адамның дауысынан оянып кеткен кіші ұлы көзін аша салып,төтенше жағдай қызметкерінен «Сіздің званияңыз қандай?» деп сұрады. Оған бір күліп алдық.
– Неше балаңыз бар?
– Үш балам бар. Кішкентай ұлым 8-де, ортаншысы 15-те, үлкені 21-де. Үлкен ұл жұмыста…
– Күйеуіңіз…
– Күйеуім жоқ…
– Бұл жерде тұрып келе жатқандарыңызға көп болды ма?
– Үш жылдан асты…
– Бұл аядай үйді қаншаға жалдап тұрып жатырсыздар?..
– Қыста – 20 мың, жазда – 30 мың төлеймін. Күнкөрістің қамы. Жазда бақша егемін, тауық, үйрек ұстаймын. Сосын да иелері 30 мың сұрайды…
Алқам-салқам киінген ананың күс-күс қолдарына көзім түсті. Қыстың суығында отын тасып, пеш жағу оның күнделікті жұмысы. Қанша сыр білдіргісі келмегенімен, тұрмыс тауқыметін тартқаны жүзінде жазулы тұр. Күнкөрістің қамыты мойындарын қажаған халықтың көңілдері қайдан нұрлана қойсын?!

«Сіздерсіз-ақ бәрін білеміз»
Келесі кірген үйіміз – сыртынан қарағанда адам тұратын жерге мүлдем ұқсамайтынын айта кетейік. Табалдырықтан аттаған бойда есікке шұбатыла ілінген көрпеге оратылып қалдық. Іле-шала соңымыздан үйдің отағасы кіріп келді. Үш баланы үйдің бір бөлмесіне жауып кетіпті. Олар өз беттерінше ойнап отыр. Пеш сол аядай ғана бөлмеде орналасқан. «Қайтейін енді, балалар жылы бөлмеде отырсын деймін ғой», – болды отағасының сондағы бізге айтқаны. Ал «Пригородный» кентінін кейбір тұрғындары тіпті төтеншеліктердің келгеніне қуана қойған жоқ. Қуанбақ тұрсын, есіктен әрі кіргізгілері келмей, қарсылық танытты. Олардың келтіретін «уәжі» – «сіздерсіз-ақ бәрін білеміз». Осылай бір келіншек «өзім де білемге» салып, бет бақтырмады. Өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіру үшін балаларын шақыруын сұрадық.
– Шықпайды олар. Олардың бастарын ауыртпаңдар. Оларға өзім айтамын, өзім үйретемін. Олар бәрін біледі.
– Ал сіз төтенше жағдайда қайда телефон шалу керектігін өзіңіз білесіз бе?.
– Білмеймін. (ыржалақ-ыржалақ етіп күліп)
– Өрт шықса қайда звондайсыз?
– Мен бе? «102»-ге, «103»-ке, «104»-ке звондаймын.
– Бұлар полиция, жедел жәрдем, газ қызметтері.
– Ал өрт сөндірушілер нөмірі қандай?
– Өрт қызметі 112-ме?
– Бұл жалпы төтенше жағдай қызметі.
– Енді сіздердікі неше?
– Өрт туындаса «101-«ге звондайсыз.
Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын адамдардың түсінігі таяз ба дерсің. Қайғы жұтқан отбасының жағдайына өздері душар болмайтындарына жүз пайыз сенімді. Құдды бір өмірлерін «сақтандырып» алғандай. Ал ертең олардың басына күн туса, кім кінәлі?!..

Жеке секторлардың жыры көп
Есіл ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы мемлекеттік бақылау бөлімшесінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Асқар Қасымовпен өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аз-маз әңгімелестік.
– Жылу беру маусымы басталысымен профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін білеміз. Өткендегі қайғылы жағдайдан кейін бұл жұмыстар күшейтіле түсті ма?
– Жалпы бұл жұмыстар жылу беру маусымына дайындық басталған күннен бастап жүргізіледі. Жаздың күндері жеке секторлардағы үйлерді аралап, жылу беру маусымына дейін кемшіліктерді жойып, сақадай сай отыруларын сұраймыз. Ол жұмыстар жылына бір рет қана емес, үздіксіз жүргізіледі. Жылу беру маусымы басталғанда да бұл жұмыстар жалғаса береді. Бес баланың қазасына дейін де, кейін де бұл жұмыстар жүргізілді және жүргізіле бермек.
– Бұл рейд жұмыстары нешінші күн қатарынан жүргізіліп келеді және Есіл ауданы бойынша қанша үй қамтылды?
– Бұл рейдтік жұмыстар қала бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл рейдтерге бізбен бірге полиция қызметкерлері де қатыстырылып отыр. Осы күндері шамамен 500 үй тексерілді. Есіл ауданында жеке секторлар, саяжай телімдері көп. Астанада саяжай телімдерінде тұру тіпті қалыпты нәрсеге айналып бара жатыр. Адамдар саяжайларды өмір сүруге қолайлы етіп алған. Қолайлы болғанда, пеш орнатып, есік-терезелерін қымтайды. Алайда, саяжайларда бар жағдай жасалған деуге келмейді.
– Өрт қауіпсіздігі бойынша көбіне қандай ережебұзушылықтарға жол беріледі?
– Пешті қыс мезгіліне дайындамау, оның шұрық-тесіктерін бітемеу, мұржасын тазаламау сияқты ережебұзушылықтар жиі кездеседі. Қанша рет айтылғанымен, көпшілік бұл ескертуді елемейді. Содан да, қыстың аязды күндері ыстың иісі тиіп, уланып қалып жатады. Сонымен қатар, пештің алдындағы қаңылтырдың болмауы, пештің үстіне киім жайып қою,пештіқараусыз қалдыру сияқты қателіктерге жол беріледі.
– Сіздер өз тараптарыңыздан ескертуін ескертіп жатасыздар. Бірақ, мұны елеп-ескеріп жатқан халық бар ма?
– Жеке секторлардың «жыры» көп. Бұл жеке секторлар аты айтып тұрғандай біреудің жеке меншігі. Біз рұқсатсыз бұл аумаққа баса-көктеп кіріп, тексеру жүргізе алмаймыз. Оған құқығымыз да жоқ. Үйдің қожайыны ауладан әрі өткізбей қойса да, біз бұған ештеңе істей алмаймыз. Кері бұрылудан басқа амалымыз болмайды. Адамның бәрінің түсінігі бірдей емес екені белгілі, сөзімізге құлақ асатыны да, ескертуімізді елемейтіні де бар. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандарды жауапқа тарту құзыретімізге кірмейді. Біз бар болғаны ескертеміз.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ
Суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*