Тәртіп пен заңдылық – басты назарда

Азаматтар үшін полиция қызметкерлері тәртіп пен заңдылықтың символы ретінде болуы – қалыпты құбылыс. Себебі, кез келген ұсақ құқық бұзушылықтан бастап аса ауыр қылмыстарға дейін орын алған жағдайда бірінші кезекте жүгінетініміз – ішкі істер органдары.
Жасыратыны жоқ, әділдік іздеп, қылмыскердің жазалануын сұрап келген әрбір азамат полиция қызметкеріне үлкен сеніммен қарайды. Халықтың сенімінен шыға білу – полиция қызметкері үшін үлкен абырой. Сондықтан тәртіп пен заңдылықты талап ететін халық үшін тәртіпке әрі заңдылыққа бағынған кадрлардың қызмет етуі – әрбір ішкі істер органдарындағы кадр қызметкерлерінің мойнына артылған жауапкершілігі мол жүк.
Қарағанды қалалық ПБ Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінде 200-ге тарта полиция қызметкері жұмыс істейді. Олардың тәртіп пен заңдылықты сақтауын, жемқорлық заңнамасын бұзбауын, қолданыстағы заңдылықтар мен талаптарды бұзуына жол бермеуін бастықтың кадр жұмысы жөніндегі орынбасары тұрақты негізде бақылап отырады. Күнделікті таңертеңгілік жиында да ішкі істер органдарының қызметкерлері жасаған бұзушылықтар мен төтенше жағдайлар туралы шолулар жеке құрамға жеткізіліп, осыған ұқсас жағдайларға жол берген кезде қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылатындықтары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Полиция қызметкерлерінің қызметтегі тәртібінен бөлек тұрмыстағы жағдайына да ерекше назар аударылады. Себебі, кез келген адамның отбасындағы жағдайы дұрыс болмаса, ол қызметке де селқос қарауы мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлеріне тұрмыстық бақылау жасау ауадай қажет.
Мемлекет тарапынан полиция қызметкерлеріне көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылып жатады. Осы күнге дейін республикалық бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің жалдамалы пәтерлеріне өтемақы төленеді. Биылдан бастап жергілікті бюджеттен жалақы алатын қызметкерлерді де осы жеңілдікпен қамту қарастырылуда.
Елбасымыз 2019 жылды «Жастар жылы» деп атап көрсеткен болатын. Жастарға да өздерінің білімдері мен біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік мол. Сондықтан еңбек етемін деген әрбір жастың болашағына жол ашық. «Тәртіпке бағынған құл болмас» демекші, дамудың, алға қарай өрлеудің кепілі – тәртіп пен заңдылықтың қатаң сақталуы.

И. ИСКАКОВА, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*