Адамды құтқарып, өрттің алдын алды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері аязды күндері күшейтілген түрде қызмет атқарды. Облыстық полиция ведомствосының бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов жеке құрамға тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.
Өткен күндері барлық тас жолдар жабылды. Тек дизельдік отынмен жүретін ауыр жүк көліктері мен автобустар аздаған лекпен облыс шекарасына дейін тәртіп сақшыларының еріп жүруімен жеткізіліп отырды. Республикалық маңызы бар жолдарда жол-патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күн-түн демей кезекшілік етуде. Тәртіп сақшылары автокөліктердің жүргізушілерінен жалпы жол үстіндегі жағдайды, ақаулардың пайда болуы салдарынан тоқтауға мәжбүр болған автокөліктердің бар-жоғын сұрастырады, көмек көрсетеді.
Осындай тексерулер барысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Белоруссия астанасынан Алматы қаласына бет алып бара жатқан азық-түлік тиеген фураның тоқтап тұрғаны анықталды. Қою қараңғы түнде келе жатқан көліктің дизельдік отыны қатып қалыпты. Түні бойы фураны патрульдік полицияның жасағы күзетіп, таңертең оны жақын маңдағы жөндеу пунктіне жеткізу бойынша шаралар қабылданды.
Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары аяздың құрсауында қалған жалғызбасты зейнеткерлерді, көпбалалы отбасыларды, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау мақсатымен әр үйге бас сұғуда. Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұржан Қожағұловтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс орталығында жеке үйлерде жалғызбасты адамдар тұрып жатқан 100-ден астам үй мен кәмелетке толмаған балалалары бар тұрмысы төмен 21 отбасы тексерілген. «Сақшылардың басты міндеті – әлеуметтік қызметтер тарапынан шұғыл түрде көмек көрсетуді қажет ететін фактілерді анықтау. Қажет болған жағдайда қызметкерлер үй шаруасына да көмектеседі. Үйге отын, су кіргізіп, ауланы қардан тазартады», – дейді ол.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде Аққайың ауданында оқыс оқиғаға жол берілмеді. Учаскелік полиция инспекторы Ерлан Әбілов пен Қиялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Мейрамов 1961 жылы туған тұрғынның үйіне барғанда зағип жанның отыны, көмірі жоқ үйде тоңып жатқанын байқаған. Дереу аудандық Полиция бөлімінің бастығы ауыл тұрғынын ауруханаға уақытша жатқызу мәселесін шешті. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Асхат Өтебаев ауыл тұрғынын аяз қайтқанға дейін ем-дом шараларын жүргізу үшін қабылдады.
Ал, Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосында 70 жастағы қарт зейнеткер әжей пешті жаққаны сондай, оның үстіндегі белағаштың бықсып жана бастағанын байқамаған. Бейнебақылау камераларымен селоны шолу кезінде үйден қалың түтіннің шығып жатқанын аудандық Полиция бөліміндегі кезекші бөлімнің аға инспекторы, полиция майоры Алексей Литвиненко байқап қалыпты. Мекенжайға тез арада өрт сөндіру жасағы мен көмекшісін ерткен учаскелік полиция инспекторы келіп жетіп, өртке жол берілмеді. Үй иесіне еш зақым келмеді.
Сондай-ақ, аязды күндері петропавлдық сақшылар уақытша түнеу пунктіне, қабылдап-тарату орны мен бейімдеу орталығына тұрғылықты мекенжайы жоқ 123 адамы жеткізді. Бүгінгі таңда баспанасыз жүрген азаматтардың үсіп қалу фактілері тіркелмеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*