Шантаждың шырғалаңы

Миы әбден қажыды, тыншу таппай тосылды. Жүйкені қажап, жадыны түсініксіз, жауапсыз күй мезі етті. Жауап іздеп шырылдап үлкендерге ұмтылды. Ал үлкендер…
Оның сүйкімді жымиысы адалдықтың айнасындай күнәсіз екенін көрсететін. Өмір философиясындағы қарама-қайшы заңдылықтар арамдық, қатыгездік, өтірік атаулы кітаптар мен фильмдерде болса, адалдық, мейірім, шындық атаулы өзін үнемі қоршап тұрады деп ойлады. Бар жамандық мұны айналып өтетін сияқты сезінетін. Бірақ, бір оқиға бұл ойын басқа арнаға кілт бұрды.
Қыз сол оқиғаларды ұмытуға қанша тырысты десеңші. Олар оның сәби жүрегін сынған айнадай быт-шыт қылып шашыратып, бір бейнені әртүрлі қалыпта көрсетіп берді.
Он тоғыз жастағы қыз үлкен өмірге жолдама алды. Еңбек жолы қаладағы орта мектептің бірінен басталды. Жетекшілік ететін сыныбы бар. Жұмыстары байланысты болғандықтан тәрбие ісінің меңгерушісінің кабинетінде жиі болатын. Оны ақылшы Ағай, ұстазым деп мойындады. Сөзіне қарап жамандыққа жаны қас, болашақты безбендеуші қоғамдық тұлғаны көрді. Оның аузынан шыққан әрбір сөзді Құрандай қастерледі. Ол бет-бейненің сыртындағы пердесі деп ойлау мүмкін емес еді.
Сол күні қыз орындыққа отырып қағаздарын реттей бастаған. Тәрбие меңгерушісіне бекіттіретін жоспарларын іздеген. Ағайдың кабинетті ішінен кілттеп жатқанына таң қала, басын көтеріп алған. «Саған айтатыным бар. Ешкім мазаламасын дегенім ғой», – деп өзін-өзі қинап жымиған Ағайының бетінде жүгіріп өткен арамдық ниетті аңқау қыз аңғармай қалды. Қағаздарына қайтадан бас қойды. Ағай сыртынан ақырындап келіп, иығына қолын тигізгенде денесі дір ете қалған. Орнынан ыршып кетті. Оның құшақтап сүймек болған ұмтылысына шынашақтай қыз тосқауыл қоймақ болып арпалысты. Бұл алғаш рет адамға қол көтеріп, пір тұтқан Ағайының бетінен шапалақпен тартып жіберді. Сыртқа ұмтылды. Қолы дірілдеп есікті аша алсашы. Миы айналды. Мұның күйін ары қарай күйікке айналдырмайын деді ме, әлде кішкентай қыздан алған соққы тайсалдырды ма, әйтеуір Ағай отырып қалған. Қыз есікті айқара ашып, сыртқа жүгірген бойы сүйеніш серік іздеді. Болған істі бүкпесіз алдынан шыға келген Досына баяндады. Жыламсырап тұрып айтты. Ол үндемей тыңдады. Жұбатқансыды. «Ешкімге айтпа! Өзіңнің абыройыңды ойла!» – дегеніне қуанды. Жан сырын айтар Досының болғанына бұл разы.
Екінші күні Ағай келіп кешірім сұрады. Бетіне қарағысы келмей, бұрылып кеткен-ді. Қанша көңілі қалса да, мейірімді жүрегі іштей кешірді.
Үшінші күні өзіне Директор шақырды. Ол Қыздың көзіне тура қарап отырды. Болған оқиғаны бірінші өзі айтсын дегені болу керек, сырғақсытып бірнеше мысал келтірді. Оған мектептегі тышқанның аяқ алысы аян болып отырады екен. Демек бұл да ештеңе жасырмауы қажет. Қыз басын төмен салған. Аң-таң. Бұл сырды үш-ақ адам біледі. Ағайдың айтуы мүмкін емес. «Әлде өзін ақтау үшін, болған оқиғаны басқаша жеткізді ма екен?». Алғаш рет адамдарға деген күдік оянып кетті. Әлі де болса Досына шаң жуытқысы жоқ. Ой азабынан Директордың өзі құтқарды. Ағайдан көптен құтыла алмай жүрген оған бұл оқиға оңтайлы кеп тұр екен. Ағайдың үстінен шағым жазуын өтінді. Жо-жоқ, өтінбеді, бұйырды. Жазбаған жағдайда әйелі, үш баласы бар Ағайымен байланысы бар деп ата-анасына, бүкіл әріптестеріне айтатынын ескертті. «Адал екеніңді, ал дәлелдеп көр!» – деп миығынан күлді.
Ағайының дұшпаны мұны қару етпек болғанын енді ұқты. Аямасқа бекінген кейпін енді аңғарды. «Адамның басы – Алланың добы» деуші еді, мына өмірде кімде билік бар, сол «қымбат доппен» ойнайды екен-ау. Барар жер, басар тауы қалмағандай. Өзін сұмырай сезінген Қыз «мені зорламақ болды» деп жазылған шағымға қол қойды. Өзі жазған жоқ, тек қол қойды. Ағай мектептен аластатылды. Директор қуанды. Орнына өзінің туысын әкеліп, жаны жай тапты. Енді бұл да жұмыста өз адамы екенін, ұжымда кім не дейді жеткізіп тұруын тапсырды.
Қыз енді риясыз пәк күлкімен күлмейтін болды. Күлкісіне күмірә-күмән араласты. Қыз алдында бет-перделері жыртылған, өзін білімді етіп көрсететін, ісі надан – Ағай, өткір көк көзінің астында тұзды айлакерлік ұялаған – Директор, жанашыр-адал құрбының рөлін ойнап жүрген сатқын – Дос, арсыздықтың қол шоқпарына айналған – Өзі тұрды.
Мұндай адам бейнелі құбыжықтардың маңында жүру мүмкін еместей шақ туды. Өмірінде алғаш рет ата-анасының ақылынсыз шешім шығарды. Өз еркімен жұмыстан кетті. Өтінішіне Директор қуана қол қойды.
Қыз мектептен алыстап барады. Өзі жылға жетер-жетпес еңбек еткен ұяға бұрылып қарады. Үнсіз тұрған ғимарат тағы қандай сырды жасырып тұр екенсің?! Тек періште оқушыларын қимайды. Бірақ бұл жерге қайта оралмайтынына сенімді. Жо-жоқ, ол күнәлі айладан ада сәби мекенді іздеп бара жатқан жоқ. Таңдауы жаны жараланғандарға көмек беретін маман болу. Иә, есейген Қыз дәл қазір өзіне моральдық көмек керек екенін ескерер емес.

Гүлнұр ЕМБЕРДИЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*