Ауған ардагерлерінің айтары көп

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Осы атаулы күн қарсаңында қаладағы бірнеше жалпы білім беретін орта мектепте оқушылар интернационалист-жауынгерлермен кездесіп, тағылымды тәрбие сағаттары ұйымдастыруда.
Кездесулер арқылы оқушыларға Ауған соғысы жайлы мағлұмат беру, ұлтжандылыққа тәрбиелеу сынды басты мақсаттар көзделеді. №40 орта мектепте ұйымдастырылған шараға Орал қаласы ПБ Ардагерлер кеңесінің төрайымы, милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, милиция майоры Еркінғали Айдыналиев, милиция сержанты Мақсот Қайсақов қатысты.
Кездесуде ардагер ағалардың қасиетті рухы мен мыңдаған құрбандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Оқушылар алдында сөз алған милиция майоры Клавдия Саматқызы ардагерлерді таныстырып, әрқайсысының ішкі істер органдарында қызмет еткен еңбек жолдары мен жанқиярлық ерліктеріне қысқаша тоқталды.
Милиция сержанты Мақсот Қайсақов қызмет атқарған кездегі оқиғаларды есіне алып, бір жылдың үстінде жасырынып, бой тасалаған екі кәнігі қылмыскерді түн жарымында құрықтағаны туралы баяндады. Оқушыларды спорттың каратэ-до түрімен шұғылдануға шақырды.
Милиция майоры Еркінғали Айдыналиев соңғы кездері өзге облыстарда кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтар туралы айтып, жастар тәрбиесі жөнінде өз ойын білдірді. Достық, сыйластық пен мектептегі татулық тақырыбында біраз ақыл-кеңесін айтып, ұзақ жыл мектеп инспекторы болып жұмыс істеген кезеңдерден мысалдар келтірді. Ұстаз бен оқушы арасындағы сыйластықтың жарасымды болуына тоқталды.
Милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева жолдасының Ауған жерінде азаматтық борышын екі жыл атқарғанын, қарша бораған оқтың арасында жан тапсырған жолдасын бауырымен жер сызып, жеті шақырым жылжып отырып әрең дегенде әскери бөлімге жеткізгенін, Ауған жерінен елге оралғасын ішкі істер органдарына қызметке орналасып, 25 жыл еңбек еткені туралы әсерлі әңгімеледі.
Кездесу соңында №40 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Төлегенова оқушылармен кездесуге уақыт тауып келіп, ізгілік пен ерлік, қайсарлық тақырыбында әңгіме айтқан ардагер ағаларға алғысын жеткізді. Интернационалист-жауынгерлердің тұлғасы оқушылар санасында әрқашан биік болып қала береді.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*