Әйел сұлу қашан да әдебімен…

4 ақпанда Орал қаласы Полиция басқармасының ғимаратында өткізілген жиын осы тақырып арқау болды.
Расында да қоғамның бет алысы әйел затының тәрбиесі мен әдебіне байланысты. Бұл жаратылыс – нәзік әрі сұлу, ішкі дүниесі күшті, қылықты, сезімтал, айналасын ақылымен және айласымен гүлдендіріп отыратын күшке ие. Осынау әйел қызметкерлердің нысанды форма немесе азаматтық киім кию үлгісі қандай, жүріс тұрысы, сөйлеу әдебі мен әріптестеріне қарым-қатынасы қандай? Осы сауалдарға Әйелдер кеңесінің мүшелері жауап іздеді. Жиынға басқарманың погонды әйел қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер, Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері қатысты.
Әйелдер кеңесінің мұрындық болуымен бұған дейін өткізілген жиындардың күн тәртібінде мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндерді балабақшаларға орналастыру, жұмыс регламенті, жұмыстан кешікпеу туралы мәселелер қаралатын еді. Бұл жолғы кеңесте әйел қызметкерлердің қызметтегі тәртібі, әріптестерімен және азаматтармен сыпайы сөйлесуі, ілтипатты қарыс-қатынас жасау ережелері, т.б. қаралды. Кеңесте алғаш сөз алған Орал қаласы ПБ Ақпараттық-аналитикалық бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі, Әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнәр Каташева 2018 жыл ішінде атқарылған жұмысты қорытындылап, Қазақстан Республикасының айтулы мерекелерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілуіне атсалысқан қызметкерлерге алғысын айтты.
Бұдан әрі Ардагерлер кеңесінің төрайымы Клавдия Қуанышқалиева күйзелістен шығу жолдары, нысанды форманы талаптарға сай кию, шаш үлгісі, өзара сөйлеу әдебі туралы айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, әйелдерге жарасатын қымсыну, тартыну, имену, қыз ибасы мен әдебі жөнінде баяндап, барлық рухани жақсылықтардың қыз бала бойынан табылатынын айтты. Ішкі істер органдарында аттай 21 жыл қызмет атқарған уақыттардағы көрген-білгендерін, өмірлік ұстанымдарын айтып, әркез сабырлы болуға шақырды. Адамгершілік пен ұяттан асқан әдемілік жоқ деп ойын қорытындылады.
Орал қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Кушкинова қазір сәнге айналған құлаққа салпыншақ сырға тағу, дәлізде ақырып-жекіріп сөйлеу, бейтаныс, сырттан келген азаматтардың алдында дауыс көтеру сынды өрескел мінездердің болмауын сөздеріне тиек етсе, мектеп инспекторы, полиция майоры Ақжарқын Жандауова қызметінің көп уақыты мектепте, оқушылар ортасында, оқушы ата-аналарының қасында өтетіндіктен сырт көздің сыншы болып, киім киісіміз бен мінез-құлқымыздың үнемі назарда болатынын жеткізді.
Орал қаласы ПБ Криминалдық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Самал Серікқали, Штаб бастығы, полиция капитаны Альфия Рахметова, кеңсенің жетекші маманы Ләззат Дүзембетова, Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Абдулкалыкова, Тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Анастасия Серікқалиева қызметтегі тұрақты мінез-құлық пен ұстамдылық, қысқа етек кимеу, ашық-шашық киінбеу, келісті киім кию үлгісі әйел қызметкерлердің мәртебесі деп өзіндік ойларын ортаға салды.
Әйелдер кеңесі жиынының соңында полиция подполковнигі Гүлнәр Каташева мен Ардагерлер кеңесінің төрайымы, милиция майоры Клавдия Қуанышқалиева жасы үлкен қызметкерлер мен шені бір саты жоғары қызметкерлерге сыйластық көрсетіп жол беруге, дәлізде немесе көшеде өткізіп жіберуді талап етіп, сыйластыққа және түсіністікке шақырды.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*