Қорқор тартып қор болма

Қорқор дегеніміз – темекі сияқты табакты тартуға арналған құрал. «Қорқор» сөзі парсы тілінен аударғанда жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін және салқындатып отыратын, шегуге арналған құрал дегенді білдіреді. Пайдасынан зияны мол қорқор Қазақстанды да жаулап алғалы қашан. Әсіресе, түнгі клубтардың сәніне айналды. Жасты да, жасамысты да құмар қылған сол қорқордың зияны туралы не білеміз?
Қорқордың қысқаша шығу тарихына үңілсек, 1775 жылы Уильм Хики деген ағылшындық Калькуттаға барыпты. Сол сапары туралы естеліктерінде ол былай деп жазып қалдырған екен: «Мен үшін ең керемет қорқорды дайындап қойыпты. Дәмін татып көрдім, ұнамады. Бірнеше мәрте татып көріп едім, сонда да жағымсыз болды. Мен бар байсалдылығымды бойыма жинап, олардан: «Менің шегуім маңызды ма?» – деп сұрадым, ал олар болса өте сабырлы түрде жауап берді: «Әрине, маңызды, егер, танымал болып, мына ортадан шығып қалғың келмесе», – деп жауап қатты. Мен адамдардың қорқордан бас тартқанша, түскі асымыздан бас тартамыз дегенін талай естідім». Қорқор ең алғаш Үндістанда пайда болып, аз уақыттың ішінде бүкіл мұсылман мемлекеттеріне тарады, одан кейін Еуропаны шарлады.
Араб тілінде «Шиша», «Наргила» немесе «Аргила» деген сөздер бар және олар араб елдерінің барлығында қолданыста. Иранда қорқорды «galyan» деп айтады. Бұл сөз арабтардың «қайнау, бұрқырау» деген сөзінен алынған. Өзбекстанда қорқорды «чилим» дейді.
Қазіргі таңда көптеген адамдар осы қорқорды көңіл көтерудің төте жолы деп біледі. «Қорқор – темекі, не есірткі, арақ емес қой» өз-өздерін алдайтындардың қатары елімізде күн санап өсіп келеді. Алайда, көбі бұлайша қөңіл көтерудің қаншалықты зиян екенінен бейхабар. Қорқорға арналған табактың сыртында әдетте 0,5 пайыз никотин, 0 пайыз смола бар деп жазылады. Бұл жалған. Ал негізінде табактың қандай түрі болса да, оның барлығында жүйке жүйесін улайтын зиянды заттар бар. Ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді. Бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқан кездегіден 100-200 есе артық түтін жұтады екен. Яғни Британия дәрігерлері қорқордың бір порциясын шегілген 100 шылымға теңестірген. Бұл деген сөз – бес қорап темекіні бір сәтте шеккенмен бірдей! Ендеше, қорқорды қалайша зиянсыз дейміз?! Қорқор тартып отырған адамның қасында жай отырған адамдар да зиян шегеді. Олай болса, қоғамдық орындарда қорқор тартуға қатаң тыйым салатын уақыт әлдеқашан жетті.
Қорқорды бірнеше адам болып тартады, яғни қорқордың мундштук деп аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиян. Сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сияқты аурулардың жұғуына даңғыл жол ашады. Қорқор тартушының ағзасында улы иісті газ ауқымды көлемде оттегі тапшылығын туындатып, шылым шегуші адамдікі сияқты мидың, жүректің, бауыр мен бүйректің жасушаларын қатты зақымдайды. Қорқорқұмарлар үнемі гипоксияға (оттегі жетіспеушілігі) ұшырайды. Соның салдарынан ми, жүрек, бауыр, бүйрек, бұлшық еттер мен басқа да жасушалар оттегінің жетіспеушілігінен әртүрлі ауыр дерттерге шалдығады, оның аяғы әртүрлі мүгедектікке соқтыруы мүмкін. Бір сөзбен түйіп айтсақ, қорқордың құрамындағы қоспалардың адам ағзасында қоздырмайтын ауруы жоқ десек те болады.
Қазіргі уақытта халқының денсаулығын ойлаған Еуропа мемлекеттері қорқорды зиян заттар қатарына жатқызады. Мысалы, ағылшындар мен француздар қоғамдық орындарда темекі мен қорқор тартуға 2007 жылы, Эстония мен Финляндия 2008 жылдан бастап тыйым салды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қорқордың кесапаты туралы қанша дабыл қағып жатса да, Қазақстан тарапы әзірге еш тырп етер емес. Қайта, қорқор бизнесі қанатын кең жайып, жастарымызды жайпап келеді. Кезінде министрлік тарапынан қорқорға заң жүзінде тыйым салу мәселесі көтерілсе де, ауру таратқыш аждаһаны ауыздықтамау – әлдекімдер үшін тиімді болып-ақ тұр. Халықтың денсаулығынан гөрі, бас пайдасын ойлайтындардың ойыны қашан осылғанша, тал-дарақтарымыздың діңін құрт жеп қаусатып тастамасын деңіз…

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
Коллажды жасаған Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*