Жұмбақ бизнес

Алматыға барған осы сапары құрдымға жіберетінін білсе, Дүрия сол күні жолға шықпас еді. Енді міне, жер сабалап, көзіне көрінгеннің бәрін тілдеп, көрінбегенін қарғап, жер тепкілеп жатыр. Өзін біреу ұрып кетсе де бұлай азаптанбас. Қолқа жүрегі суырылып, өңешін өксік кернейді. Жүрегіндегі уытты басар ма екен деп арақты астауымен ішті, бірақ басынан өткен соңғы оқиға бүкіл жүйке жасушаларын өлтіріп тастаған, әсер жоқ. Сыртқа шығуға, елге көрінуге беті күйген. Бір айда ғапылға айналған жиған-тергені құрсын, таныс-туыс, достарының алдында абыройдан айырылғаны зіл болды. Бәленің ошағы Алматыға барған іссапардан қазылды…
– Ойпырым-ай, Жайна суылдақтың қызының пысығын-ай! Кеше Алматыдан келіпті, қалтасы тола доллар. Шешесі ауру, әкесі жұмыссыз. Ақшаны қайдан алады-ей осы? Құдды ақша зауыты бар сияқты, пешаттайтын. Қашан көрсең шырттай киініп, сықиып жүреді, – деп сырттан тың жаңалық ала келген анасының сөзіне Дүрия елең етті.
– Айтпақшы, пәтер алыпты. Сені жұмыстарымен Алматыға келсе қонақүй жағаламай үйде жата берсін деді. Анасының әңгімесі Дүрияға жақпады. Ішін қызғаныштың қызыл оты жалап өтті. Жайнаның қызы Меруерт қазынаның көзін тауып алғандай ойы ала құлаланды.
Дүрия бірнеше күн армансыз Меруерттің пәтерінде жатты, үй иесін көрмеді де. Меруерттің жүрісі үнемі суыт, артына шала қыстырып жүрген адамдай асығыс. Дүрия Алматыда болған үш күнде оның отырып тамақ ішіп, шешініп ұйықтағанын көрмеді. Құдды дем жоқ. Тура қайтатын күні ағылшынша «мистер, мистер, тумару» деп әлдебіреуге жалынып, әлде ұрсысып жатқаны белгісіз Меруерттің телефонмен сөйлескен ащы даусынан оянды.
– Кеттік, мен сені бір кісімен таныстырамын!
– Қайда, көкем-ау! Киініп, ретке келейік те!
– Ештеңе де қажет емес, қайта қарапайым болғаның дұрыс.
Мистер дегені ирандық Меджид екен.
– Сіздің арманыңыз бар ма? – деп іш-бауырына кіріп, жақындай түскен ирандықты Дүрия ұнатпады. Сақал-мұртты әспеттеп бастырып алыпты, өзі ілмиген қораздай, көзі бадырайып шарасына кіріп кеткен. Өмірінде бірінші рет көрген жанары бөтен, жүзі жат адам бұған барын бөліп беретіндей сөзі майда.
– Арманымның бастысы – ата-анамды Меккеге апарғым келеді. Бірақ, оған үлкен қаражат керек.
– Сіз табысты өмір сүрудің құпиясын білесіз бе? Әлемдегі миллиардер байлар қолданады.
– Ойбай, қайдан? Білсем, осылай балабақшада тәрбиеші болып жүремін ба?
– Білгіңіз келеді ғой.
– Әрине.
– Ендеше, сіз біздің командаға қосылыңыз. Күніне он мың доллардан аса ақша табуға мүмкіндігіңіз бар.
– Он мы-ы-ы-ы-ң-ң-ң-ң доллар-р-р! Рас па? Ол үшін не істеу керек? Әйтеуір адал, таза жұмыс па?
– Сен маған сенесің ғой, – деді осы жерде бөлесі Меруерт. Дүрия басын изеді.
– Бұл бизнес сенімге құралады.
Дүрияның миы жетпей жүрген жұмбақ бизнесі – желілік сауда еді. Кюнет интернешнл деген аты дүркіреген халықаралық компания. Тауары – шет елге демалатын жолдамалар. Қарапайым схема – өзің жолдама сатып аласың дүниенің төрт бұрышының біріне. Екі адамға жолдама сатасың, ол екі адам төрт адам әкеледі… Ары қарай ақша жаңбырша есепсіз жауа беретіндей көрінді. Рас қой, тамақ, киім бөлек әңгіме, дүниежүзінің екі жүз мемлекетінің бірінде бес жұлдызды қонақ үйде айлап демалу әркімнің-ақ арманы ғой. Бірақ, алғашқы жолдаманы сатып алып, интернет офиске тіркелу үшін екі мың сегіз жүз доллар ақша керек
– Бұл бастапқы капитал. Жолдамаң қалтаңда, ары қарай саған ел қызмет етеді. Осы жүйеге кіргізгенің үшін жеті ұрпағың алғыс айтады.
Меруерттің тікелей басшылығымен тамыр-таныс, достары бар үш жүз адамның тізімін тізді. «Әрқайсынан жүз доллар қарыз алсаң, мәселе шешіліп тұр», – деді Меруерт. Өзі де солай бастапты. Бірақ, тірлік Дүрия ойлағандай оңай болмай шықты. Ақырында банктен несие алып тынды. Қуанышы жарты сағатқа созылмады. Қолына ақша тиген соң, Меруерт өзгеріп сала берді. Сөзі дөрекі, дауысы қатқыл. «Жерден қазасың ба, көрден қазасың ба, екі адамды тап! Сонда ғана тірлігің жүреді». Соңынан еретін адамдарды табу қиынға соқты. Ешкім жоламайды. Меруерттің айласын қайталап жүріп, туған әпкесі Гүлия мен нағашы әпкесі Динараның басын несиеге байлады. Олар Дүрияға сенді. Сенімге құрылған бизнес дегені осы. Алыс ағайындарының қызы Балжан мен Гүлжан, құрбыларымен «кюэстер» болып шыға келді. Топырлаған «кюэстерлер» тобын Меруерт компьютерлік клубқа апарады. Интернет офистарын көрсетеді. Бірақ, ақшаны қалай салады, қалай айлық алады ол туралы тіс жармайды. Клиенттердің алдында сөйлеуді үйрену үшін, бизнеске адам тарту үшін екі бөлмелі пәтер жалдап берді.
Меруерттің Алматыға кеткеніне бір апта. Офиске деп жалдаған пәтердің иесіне «Әкем қайтыс болды, жерлеуде жүрмін» депті. Қарыз. Анасына хабарласып еді: «Жақтарың қарыссын, Текебай аман-есен, таңертең ғана көрдім», – деп шар ете қалды.
Дүрияның талған жері осы. Динара екеуі Меруертті іздеп Алматыға келген соң Кюнеттің офисін қиналмай тапты. Дүрия алты айда салмақ қосып, домаланып шыға келген мистер Меджидті танымай қалды. Меджид мырза баяғыдай емес, жүрісі паң, сөзі салмақты.
– Меруерттің біздің компанияны пайдаланып, алаяқтық жасап жүргенін білеміз. Сеніміне кірген қыздардың құжаттарын алып, аттарынан несие рәсімдегенін де естідік. Қолымнан келер қайран жоқ, – деп шығарып салды. Салы суға кеткен екі қыз жолай ауылдан түсіп, Текебайдың үйіне соқты. Болған жайтты естіген Текебай жолындағы заттың бәрін теуіп, Жайнаға тап берді.
– Менің не кінәм бар, Құдай-ау, – деп дауыс салған сорлы ана Меруерт өлгендей зарлады.
– Қолда бар малдың бәрін сатып құтыламын қарызынан. Тек заңға бере көрмеңдер, – деп жалынды Текебай. Меруерттің әкесі уәдесінде тұрды. Тиынына дейін қалдырмай, таратып кетті. Тек Меруертті көрген жұрт кюнеттің филиалын Астанадан ашыпты деседі. Абай болыңызшы!

Гүлнұр ЕМБЕРДИЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*