Ерлан МҰСАБАЕВ: «Болашақпен» оқу – бала күнгі арманым

Қазір көп жастар шетелде оқуға талпынады. Мұхит асып, елден жырақта білім алған жастар бүгінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Сондай жастардың бірі – полиция қызметкері Ерлан Мұсабаев. Ол Лондондағы «University College London»-ның құқық бойынша магистратурасын бітірген. Ерлан Жанаділұлы қазіргі уақытта ІІМ Кадр саясаты департаментінің ведомстволық білім беру басқармасында қызмет атқарады. Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектормен емен-жарқын әңгімелестік.
«Болашақ» бағдарламасымен оқығандар полиция қызметкерлері арасында аса көп емес. Сіз солардың бірі әрі бірегейісіз. Жалпы «Болашақпен» оқу идеясы қайдан туындады және стипендияға қалай қол жеткіздіңіз?
– Расында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған полиция қызметкерлерінің саны басқа сала мамандарымен салыстырғанда осы уақытқа дейін аз болып келді. Дегенмен, қазіргі уақытта осы бағытта жағымды тенденция орын алып, аталған бағдарлама арқылы оқуға түсушілердің және түсуге үміттеніп, дайындалып жүрген әріптестеріміздің саны артуда. Бұл стипендия арқылы білім алу идеясының қалай пайда болғандығына келетін болсақ. Негізі бала кезден Шерлок Холмс телехикаясын көрген сәттен бастап, Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласын көру арман болды. Алайда, бұл арманымның орындалуы қиынға түсетінін біліп, оның орындала қоюына күмәнмен қарайтынмын.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы 2001 жылы Өзбекстан Республикасынан отбасымызбен тарихи Отанымызға оралып, осы жерден мектепті аяқтап, Астана қаласының Көлік және коммуникациялар колледжінде темір жол құрылысы мамандығы бойынша білім алып жүрген кезімде бірінші рет естідім. Сол сәтте мұның бірегей бағдарлама – бала күнгі арманның орындалуына берілген мүмкіндік екенін түсініп, Англияның астанасында білім алуға талпындым. Бұл стипендияға қол жеткізу үшін ағылшын тілін жетік меңгеру қажет болды. Колледжді тәмамдаған кезде ағылшын тілін тиісті деңгейде білмейтінмін. Сол үшін де кейінге ысырып келдім. Кейін көп ұзамай «Болашақ» бағдарламасының ережелеріне өзгерістер енгізіліп, «Бакалавр» бағдарламасы алынып тасталды. Мен ол кезде темір жол саласында жұмыс істеп жүрген болатынмын. Содан мамандығымды өзгертуге шешім қабылдап, туған ағамның жолын қуып, ІІМ Қарағанды Академиясына оқуға түстім. Ол жерде тергеуші мамандығына оқып, қызыл дипломмен бітірдім. «Болашақ» стипендиясының конкурсына мемлекеттік қызметкер ретінде оқуға түсу үшін 2 жыл еңбек өтілі талап етіледі. Сондықтан екі жылдай Астана қаласы, Сарыарқа аудандық ІІБ тергеу бөлімінде тергеуші, аға тергеуші лауазымдарында жұмыс істедім. 2015 кезекті еңбек демалысына шығып, ағылшын тілін меңгеруге кірістім.
Мемлекеттік қызметкерлер үшін ол кезде ағылшын тілін білу деңгейі IELTS (Халықаралық ағылшын тілі тестілеу жүйесі) 4.0-ге жетіп, конкурстан өткен жағдайда 1 жылдық тілдік курстарынан өтіп, тілді шетел оқу орындарына түсуге қажетті деңгейге дейін көтеру мүмкіндігі берілетін. Еңбек демалысым кезінде ағылшын тілін күндіз-түні оқып, әліпбиін білмейтін деңгейден IELTS 4.5-ке жеткіздім. Осылайша, «Болашақ» конкурсынан сүрінбей өтіп, стипендиат атандым. Содан «British Council» Алматыдағы курстарында 6 ай оқып, тіл білу деңгейімді IELTS 6.0-ға жеткізіп, University College London (UCL) (Англия, Лондон) Магистратура бағдарламасын таңдадым. Аталған университетке түсу үшін ағылшын деңгейі IELTS7.5-ке жету керек болды. Содан UCL-дің 6 айлық тілдік курстарынан кейін ағылшын тілін қажетті деңгейде меңгеріп, оқуға түстім. 2017 жылы қазан айында University College London-ды сәтті аяқтап, ағылшын LLM Master of Laws (құқық магистрі) дипломымен елге оралдым.
Ол жақта оқу қазақтың қара домалақ баласы үшін қиынға түспеді ме? Қандай қиындықтар кездесті?
– «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, оқу барысында, әрине, бірқатар қиындықтар болды. Олардың ең бастылары – тілдік барьер, мәдени алшақтық дер едім. Тілді қажетті деңгейде меңгеріп барғанның өзінде жергілікті халықтың сөйлеу мәнерінің өзіндік ерекшеліктері болғандықтан бірден сөйлесіп, тіл табысып кету қиындық тудырды. Жергілікті халықтың мәдениетіне, сөйлеу мәнеріне, мінез-құлқына және оқу орнының талаптарына бірден үйреніп кеттім дей алмаймын. Бір түсінгенім, ең бастысы мойымау керек. Қолды бір-ақ сілтеу оңай. «Суға кеткен тал қармайды» демекші тілін, ділін, дінін білмейтін ортаға тап болғанда мәдени шок алып, бұл жағдайдан да амалын тауып шығасың. Талпынған адамның қолынан барлығы келеді.
Ұлыбританияның оқыту жүйесінің қазақстандық жүйеден қандай айырмашылығы бар?
– Меніңше, екі елдің білім жүйелерін салыстыру қиын. Дегенмен, айтарым, Англияда білім саласы ғылымнан ажыратылмаған, олар тығыз байланысты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Салыстырмалы түрде алғанда, ағылшын жүйесі студенттің өзінің білім деңгейін өзі көтеруіне үлкен мән береді. Мұғалімнің студентке беретін білімі 20-30% шамасында болса, қалған 70-80 %-ды студент өзі оқытушының берген бағыт-бағдары арқылы ізденіп, оқып меңгеруі тиіс.
Қай кезде қандай емтихан, қандай эссе, диссертация тапсырылатыны, қай күні қандай семинар, дәріс, практикалық сабақ, экскурсия өткізілетіні оқу жылының басында белгілі болады және жазбаша жұмыстарды тапсыру уақыты минутына дейін нақты бекітілген, кешіккен, плагиат жасаған немесе т.б. ережені бұзғандар үшін қандай жаза қолданылатынына дейін біліп отырасың.
Ақпараттық қолдау қолдануға ыңғайлы мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады. Оқу жылының басында университеттің территориясы бойынша экскурсия өткізіледі, карталар (электронды және қағаз форматта) таратылады. Университеттің библиотекасын, веб-сайтын, оқу материалдарын қалай қолдану керектігін үйрететін сабақтар беріледі.
Ол жақтың өмір салтының өзіңізге ұнаған немесе ұнамаған тұстары болған шығар. Сол жөнінде айта отырсаңыз?
– Ұнаған жақтары – ағылшындар көп оқиды, өзінің орнықты пікірі бар, кез келген сұрақ бойынша өз пікірін білдіріп, ақпарат көздеріне сүйеніп, негіздеп, аргументтер келтіріп сөйлейді. Адамдары еркін, әңгімеге ашық келеді. Англиядағылар көбінесе нақты жоспармен жүргенді жақсы көреді. Досыңды, танысыңды не болмаса әріптесіңді кездесуге шақырғанда бір-екі апта бұрын айтқан жөн. Өйткені, апта ішінде алдағы демалыста кездесейік деген ұсыныстар қабылданбауы әбден мүмкін. Себебі, олар демалысының әрбір минутына дейін егжей-тегжейлі жоспарлап, күнтізбесіне енгізіп қояды.
Сол сияқты Англияда аты бүкіл әлемге мәлім әйгілі әртістерді, актер, актриса, т.с.с. адамдарды көшеде кездестіріп қалудың ықтималдығы жоғары. Әлемге кино әлемінен таныс орындар да жетерлік. Мысалы, мен бала кездегі арманым Шерлок Холмстың мекен жайындағы (Бэйкер стрит 221В) мұражайында болдым. Англиялықтар осы тарихи орындарды, сондай-ақ, тарихи тұлғаларды мақтан тұтып, олардың беделіне кір келтіретін сөздерден қорғаштап жүреді.
Бір ұнамағаны – бұл елде елде қалыпты ориентациядан тайған және оны көпшілікке әшкере ететін қоғамдық топтардың бар екендігі.
Полицияның жұмысын жаңғыртуда шетелдік тәжірибеге жүгініп жатамыз. Лондондық полиция моделі несімен ерекшеленеді? Олардан біздің үйренеріміз көп пе?
– Англияда полицейлерге деген сенім өте жоғары деңгейде. Олардың полицейлері өте шыдамды, ұстамды, байсалды әрі білікті келеді. Халықпен қарым-қатынас жасауда қалай әрекет ету, қалай ебін тауып сөйлесу керектігін, өздерінің функционалдық міндеттерін жақсы біледі. Қажетті құралдармен жабдықталған, нысандық киімдері өздеріне жарасымды. Азаматтары полицейлерді құрметтейді және олардың жұмысының қиын екендігіне түсіністікпен қарайды. Олар, сондай-ақ, қоғамдық және басқа да тәртіп бұзушылықтарға дереу ден қойып, бірден полицияға хабарлағанды ұят көрмейді. Қайта керісінше өзінің мемлекет пен қоғам алдындағы борышы санайды. Біздің елдегідей полицейлерді бейнетаспаға түсіріп, оларға дөрекі сөйлеп, жерден алып, жерге салып жатқан ағылшындарды байқамадым. Осы жағынан алғанда, полицияның қоғамдағы бедел-бедерін көтеруден кемшін түсіп жатқан сияқтымыз. Қоғамның полиция қызметкеріне деген көзқарасы түзелмей, қазақстандық полицияны әлемдік деңгейге көтеру мүмкін емес.
Біліміңізді толықтырып елге оралғаныңызға бір жылдан асты. Бүгінде алған ілім-біліміңізді іс-тәжірибеде қолданып жүрсіз бе?
– Қазіргі уақытта мен ведомстволық білім берудің халықаралық ынтымақтастық, шетелдермен өзара іс-әрекет жасасу саласында жұмыс істеудемін. Шетелде алған білімімнің күнделікті жұмысымда тигізер пайдасы көп.
– «Болашақтың» түлегі ретінде қазақстандық әріптестеріңізге берер кеңесіңіз?
– Менің ойымша адамның миының, сана-сезімінің мүмкіндіктері әлі де толық зерттелмеген. Бірақ, білуімше, күнделікті өтіп жатқан күнімізді тиянақты жоспарлап, алдымызға үлкен мақсат қойып, оны кішігірім тармақтарға бөліп, әр белеске жеткен сайын өзімізді марапаттап үйренсек, өмірде көп жетістіктерге жетуге болады. Ең бастысы, қиындықтар болатынын, бірақ одан қашып құтылуды ойламай, шыдамдылық танытып, кездескен ауыртпалықтарды абыроймен тойтарып өтуге тырысу керек.
Негізгі жұмыстан бөлек, жеке дамуға үлкен көңіл бөлу керек. Қазіргі уақытта ғаламтордың мүмкіншіліктері көп. Үйде отырып, бірнеше тілді меңгеріп алуға болады. «Менің басқа тілдерді, мамандықтарды меңгеруге икемім келмейді, талантым жоқ», – деген сылтау ғана. Тек қана шымдамдылық және дұрыс жоспарлау, сол жоспарды орындай білу керек сияқты.
Сұхбатыңыз үшін рахмет. Еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*