Құрметке лайық ағалар

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесі жастарға ішкі істер органдары ардагерлерінің өнегелі істерін насихаттауда. Биыл Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында ақтөбелік ардагер тәртіп сақшылары жас учаскелік инспекторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуге бел буды.
Мақсат Қауметов Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты ауылда дүниеге келген. Әскери борышын өтеп келген соң, әскери комиссариаттың жолдамасымен 1960 жылы қалалық Ішкі істер басқармасында көлік жүргізушісі болып еңбек жолын бастаған. Ол кездері ішкі істер саласында кадр тапшы. Ұлы Отан соғысына қатысып келген аға буын да жемісті еңбек ететін. Мақсат Жаңбыршаұлы учаскелік инспектор болып 3-4 жыл еңбек етіп, Алматыдағы милиционерлерді даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, қылмыстық іздестіру бөліміне қызметке орналасады.
«Қызметке жаңа орналасқанда «Черный ворон» деген жүк машинамыз болды. Тәулігіне 300 шақырым жүретінмін. Барлық қызметке бір ғана көлік. Ол кезде қызмет орнымыз Әйтеке би көшесіндегі қазіргі Елек полиция бөлімі ғимараты еді. Өзім Некрасов көшесінде тұрдым. Күні-түні демей, уақытпен санаспай, жұмысқа бара беретінмін.
Бір күні бұрын бірнеше рет істі болған «Карниз» деген лақап аты бар атышулы қылмыскерді құрықтауға жіберді. Соны ұстаймыз деп жүргенде, мені мылтықпен атып, сол аяғымнан жарақат алдым. Жаралансам да, қылмыскердің соңына түсіп, оны жібермей, ұстап алдық. Кейін ота жасалып, протезбен жүрдім. Бұл 1974 жыл болатын. Содан 1974-76 жылдар аралығында ем алдым. Жарақаттанған соң, қызметке жарамсыз болып, аға лейтенат шенімен зейнеткерлікке шықтым. Кейін Алматы сауда техникумын, Ақтөбедегі педагогика институтын бітіріп, басқа салаларда еңбек еттім. Ақтөбе сауда көлік базасында қауіпсіздік жөніндегі инженер және 1985-1995 жылдар аралығында Ақтөбедегі әскери ұшқыштар даярлайтын училищеде еңбек еттім. Қай салада жүрсем де, алғаш еңбек жолын бастаған ішкі істер саласынан қол үзген емеспін. Мен өз қызметтік парызымды адал атқардым деп ойлаймын», – дейді ол.
Ішкі істер органдарында қазір тәртіп сақшыларына бар мүмкіндік бар. Олар бейбіт күнде тыныштық пен еркіндіктің қадірін білулері керек. Ең бастысы – жұмысқа деген жауапкершілікті сезіну қажет деп санайды.
Бүгінгі таңда қызметіне адал азамат зейнет демалысында. Жұбайы екеуі 5 баладан 9 немере, 5 шөбере сүйіп, бақытты қарттыққа кол жеткізіп, үлкен мәуелі бәйтеректей, шаттығы жарасқан шаңырақ иесі болып отыр.
«Мені 80 жасқа толған мерейтойымда департамент бастығы құттықтап, алғыс хатпен марапаттап, Ардагерлер ұйымы сағат сыйлады. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Небары 35 жасымда осы ішкі істер органдары саласынан қол үзсем де, күні бүгінге дейін ардагерлермен хабарласып, қоғамдық жұмыстарға үлес қосып келемін. Маған, әсіресе, жастарға қолдау танытып, аға буынды тәлімгер еткендері ұнайды, сол үшін департамент басшылығына алғысым шексіз», – деді 80 жасқа толған ардагер Мақсат Қауметов.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*