Сотталғандар сайысы

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЗК-169/5 мекемесінің Сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмыстары бойынша бөлімі мен Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасы қызметкерлері бекіткен мәдени-спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес мекемедегі жаза мерзімін өтеуші азаматтар арасында шахмат, дойбы, гір тасын көтеру спорт түрлерінен сайыс өтті.
Бас бостандығынан айырылған жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның ішінде, бірнеше қылмыс жасаған және ауыр қылмысты қайта жасаған адамдарды түзелу жолына салу біраз күш-жігерді қажет ететін жауапты әрі қиын жұмыс. Жаза мерзімін өтеуші азаматтардың дене тәрбиесімен айналысуы – ой-өрісін психологиялық тәрбиелеумен қатар жүргізілетін әдістердің бірі. Себебі, еңбекпен тәрбиелеу секілді спортпен тәрбиелеуді қатар алып жүрудің де маңызы жоғары. «Мекеме басшылығы жазасын өтеуші азаматтарды темір торда телміртіп отырғызбай уақытын тиімді түрде өткізуді ұтымды пайдаланып отыр. Бұл жазасын өтеуші азаматтардың қайтадан қылмыс жасауына жол бермеудің бірден-бір жолы», – дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Б. Омаров.
Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған спорттық жарысқа 20-ға тарта жаза мерзімін өтеуші азамат аса белсенділікпен қатысып, жарыс көркін қыздырды. Аса белсенділікпен атсалысып, тартысты өткен шахмат сайысында І орынды №4 жасақтан Ж. Құдайберген иеленсе, дойбыдан І орынды А. Жеткерген және гір тасын көтеру сайысы бойынша жүлделі І орынды №5 жасақтан М. Есмағамбетов иеленді. Аталған спорттық іс-шараның өз деңгейінде өтуіне Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының әдіскер нұсқаушылары Әбдісадықов Аңсат және Бертай Сағидат есімді қызметкерлер төрелік жасап, сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды мақтау қағаздарымен марапаттады.

Б. БАЙДҮСЕН, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*