Жастардың жарқын бастамасы

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды.
Бұл жыл Батыс Қазақстан облысы жастары үшін үлкен жаңа жобалармен, бұрын-соңды болмаған бастамалармен басталды. 30 қаңтарда М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері ең бірінші болып өздерінің тың бастамаларымен Орал қаласының Полиция басқармасына келіп, «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Нақтырақ айтсақ, жоғары оқу орны құқықтану факультетінің 3-курс студенттері өздерінің ішкі идеяларын жүзеге асырмақ ниетпен полиция қызметі туралы ақпараттармен толықтай танысты.
«Ашық есік күніне» жиналған жастардың дені қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, жолын кесуге, ішкі істер және өзге де құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге бағытталған қызметтерді бірлесе атқарып жүрген студент жасақтары еді. Өздерінің оқу корпустары және жатақханаларында, сондай-ақ, оқу орнына жақын аумақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген студенттер басқарманың үшінші қабатында орналасқан бірнеше стендпен танысты.
Студенттермен және олардың кураторларымен тығыз байланыс орнатқан Орал қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Кушкинова «Біздің күнделікті өміріміз», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары», «БҚО ПД басшылық құрамы» атты стендтермен таныстырды. Сондай-ақ, студенттердің өтініші бойынша «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттарына ие болған облыстық ПД полиция қызметкерлері» атты құрмет тақтасына фотосуреттері ілінген әрбір тәртіп сақшысының жанқиярлық ерліктеріне, батылдықтарына жеке дара тоқталып, баяндап берді.
Студенттер қызмет кабинеттерін аралап көрді. Жергілікті полиция қызметі инспекторларының күнделікті жұмыс барысын көріп, деректер базасын бақылайтын инспекторлардың қызметімен қанықты. Әсіресе, полиция майоры Ақтоты Кушкинованың, полиция майоры Сәуле Дүйсенғалиеваның, полиция капитаны Данара Тілегеннің, полиция аға лейтенанты Абай Нұрғалиевтің күнделікті атқаратын жұмысымен танысып, жарты сағат өздерін полиция қызметкері лауазымына қойып көріп, Полиция басқармасы басшыларының нұсқауларын орындап көрді. Еңбек ортасына араласуға белсенді студент жастар нұсқауларды орындауда, жауап жазуда сүрінбеді. Қазақстан Республикасының заңдарын, ішкі істер органдарының қызметін реттейтін нормативтік актілерді білетіндерін дәлелдеді.
Бұдан бұрын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстардың жолын кесу мақсатында Орал қаласы аумағында студент жасақтары құрылған еді. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша бейнебақылау камерасын қарайды. Тәртіп сақшыларымен бірдей бірнеше оқу орнын, мектептерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізуге атсалысуда. Орал қаласының оқу орындарында құқықтық білімді насихаттайды. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 39 студенті, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 15 студенті, Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 37 студенті полицияның қоғамдық көмекшілеріне айналды.
Батыс Қазақстан облысында оқу орындарының студенттерінен құралған жасақтардың негізі 2006 жылдың қыркүйек айында қаланды. 2018 жылдың соңындағы деректерге жүгінсек, студент жастардың көмегімен 55 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 1 студент алғыс хатпен, 6 студент грамотамен марапатталды. 14 студент құқық бұзушылыққа қарсы күресте заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына белсенді араласқандары үшін ақшалай сыйақымен көтермеленді.
«Ашық есік күнінде» Орал қаласының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Кушкинова жастарға құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге бағытталған бірлескен қызмет, екі тараптың 2018-2019 оқу жылына арналған жұмыс жоспары туралы мол түсінік берді.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*