Үш ноян үздік шықты

Ақтөбелік жас тәртіп сақшылары ұлттық жекпе-жектен облыстық іріктеу сайысында жүлдегер атанды.
Жуырда Ақтөбедегі Олимпиада резерві орталығында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ерлер мен әйелдер арасында өткен облыстық чемпионатқа Ақтөбе облысының Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары Бейбіт Хамидулин, Нұрсұлтан Махметов пен Айбек Атабаев 75, 90 және 93 келі салмақ дәрежелерінде өз қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдені ұтып алды.
Бейбіт Хамидулин ішкі істер саласында 2014 жылдан бері еңбек етіп жүр. Бейбіттің әкесі мен атасы да кезінде боз кілемдегі талай тартысты белдесулерде қатарластарына дес бермеген балуандар болған. Бейбіт бала кезінен әке жолын жалғап, 4-сыныптан бастап еркін күреске ден қойған. «Ең алғашқы бапкерім – Мейрамбек Есбергенов. Сол кісінің талапшылдығы мен спортқа баулыған тынымсыз еңбегі нәтижесінде бүгінде біраз жетістіктерге жеттім», – дейді жас спортшы.
Бейбіт секілді Нұрсұлтан Махметов те еркін күреспен бала кезінен шұғылданған. Ол Алға ауданының Бестамақ ауылында туып-өскен. Ең алғашқы бапкері – Сансызбай Нұрмағамбетов. «Бапкеріме көп рахмет. Менің аяқ алысымды байқап, спортқа баулып, күрестің талай қыр-сырын үйретті», – дейді. Тәртіп сақшылары Бейбіт пен Нұрсұлтан екеуі де алғаш рет ұлттық жекпе-жекке қатысуға бел буған. Қадамдары сәтті болып, екеуі де өз қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды иеленген.
Ал, Айбек Атабаев та олармен бірге еркін күреспен шұғылданады. Ол ішкі істер саласына 2017 жылы келген. Жас спортшының қол жеткен жетістігі біраз. Өткен жылы жекпе-жектен әлем чемпионатында 3-орынды иеленген. Қазақстан кубогінің иегері. Ең алғашқы бапкері – Тағыберген Сейітов. Бүгінгі күні де бапкерінен қол үзген емес.
Үш спортшы да Ақтөбе облысы құрама командасының мүшелері. Ұлттық жекпе-жек бойынша енді ақпан айында Атырау қаласында өтетін Қазақстан біріншілігіне қатыспақ.
«2019 жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Жастарға көп көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан қамқорлықтар жасалуда. Біз ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп, қызметпен қатар спортта да жетістіктерге жетіп, ел мерейін одан әрі үстем етуге үлес қосуға талпынамыз. Жұмыста бізге спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Күніне төрт сағат спортқа көңіл бөлеміз. Дені саудың – жаны сау. Спорттың денсаулыққа да көп пайдасы бар. Біз Жастар жылында да көп жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз», – дейді жас тәртіп сақшылары.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*