Жастар жылындағы креативті бастама

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мен жастар «Есірткісіз болашақ» жылына жаппай креативті бастама жасады.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастамасымен «Есірткісіз болашақ» жылы колледж және мектептердің 600 оқушысының қатысуымен бастау алды. Жастар сарайында облыстағы нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама таныстырылды. Барлық қатысушыға «Тұздар және спайстар. Құрдымға апарар жол» бейнефильмі көрсетіледі. «Департаменттің облыста нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама әзірлеу жөніндегі бастамасы кең көлемде қолдау тапты. Біз, барлық мүдделі органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-пен бірлесе отыра, оның іске асуына белсенді араласатын боламыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Басыбаев тыңдаушылардың жастар екенін ескере отыра, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және синтетикалық есірткіні таратуға қарсы белсенді іс-әрекет жасауға бағытталған осы бағдарламаны жан-жақты түсінікті етіп және көрнекті мысалдармен таныстырды. Полицейлердің ұстанымын «Психологиялық денсаулық орталығы» КММ бас дәрігері Игорь Ланда және «Надежда NORD» қоғамдық-қайырымдылық қорының басшысы Евгений Заянц қолдады.
Іс-шара «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған флешмобпен аяқталды. Оған залда отырғандардың барлығы қатысты. Олар қолдарына түрлі-түсті қағаздарды алып, жүргізушілердің «Мен есірткіге қарсымын!», «Я против наркотиков!» сөздерін қайталады. Осылайша солтүстікқазақстандық жастар синтетикалық есірткілердің таралуына қарсылықтарын білдірді. Олар жаңа челленджді бастап, есірткіге қарсы күресте күш біріктіру үшін басқа өңірлердегі құрдастарына жолдады.
«Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауының шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысында нашақорлықтың таралуына қарсы күрес бойынша осындай бағдарламаның әзірленуі үлкен маңызды бастама болып отыр. Бүгін халықтың полиция қызметкерлерінің Жастар жылын осылай ерекше бастау туралы идеясын шын жүректен қолдауына өзім куә болдым», – деп атап өтті ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы, полиция подполковнигі Қанат Нұранов.
Іс-шара аяқталғанымен, залға жиналған жастар біразға дейін тарқаспай, бағдарламадан алған әсермен бір-бірімен бөлісуге асықты. Студенттер мен мектеп оқушылары, оқытушылар мен облыстық ведомстволардың басшылары арнайы дайындалған баннердің алдына жиналып, фотосуретке түсті. Бағдарламаның алдында «Есірткісіз болашақ» – «Будущее без наркотиков» атауы жазылған баннердің аппақ бетіне іс-шара соңында әр қатысушы өзінің пікірі мен тілегін жазуға мүмкіндік алды.
Іс-шараны өткізу туралы бастаманың авторы – облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов те өзінің қолын қойды. Оның пікірінше, мұндай профилактикалық іс-шараларды жақын арада облыстың барлық аудандарында да өткізу қажет.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*