Тасқынға тосқауыл – басты мәселе

Жуырда Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде 2018 жылғы Азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесі қызметінің қорытындысы және су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды.
Қарағанды облысы ТЖД бастығы И. Күлшімбаев 2018 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
«Апаттық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстардың нәтижесінде 1944 адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 4405 адам эвакуацияланды, 477 зардап шеккенге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді. Департаменттің кезекшілік-диспетчерлік қызметі 112 желісі бойынша келіп түскен 287 384 қоңырауды қабылдап, облыс тұрғындарына 52 дауылды ескерту және 61 СМС-хабарлама жолдады», – деп хабарлады ТЖД бастығы.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында есептік кезеңде барлық қажетті іс-шаралар кешені өткізілді. Меншік нысанына қарамастан объектілердің өртке қарсы жағдайына 3400 астам тексеру жүргізілді. Тұрғындармен профилактикалық рейдтер, аулаларды аралау, жиындар, нұсқаулықтар, әңгімелесулер және т.б. ұйымдастырылды.
Облыста 5 өрт сөндіру бекеті құрылды. Оларды қамтамасыз ету үшін департамент 4 өрт сөндіру техникасын берді.
Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында 30 кешенді, 82 командалық-штабтық оқу-жаттығу, 525 тактикалық-арнайы оқу-жаттығу, 485 объектілік және 1141 апаттық жағдайлар бойынша жаттығу өткізілді.
Өңірді 2019 жылғы су тасқынына дайындау мақсатында облыста «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда.
Осы құжаттарды іске асыру шеңберінде 46 елді мекеннің аумағында 26,5 шақырым жаңа қорғаныс дуалдары салынды, 26,9 шақырым қолданыстағы бөгеттер жөнделді, 5,7 шақырым жағалауды нығайту, 10,7 шақырым өзеннің түбін тереңдету, 15,5 шақырым су тасқыны қаупі бар өзен арналарын тазалау және түзету жүргізілді.
«Өткен жылдан бастап көктемгі кезеңде су басуға ұшыраған ауылдық округ әкімдерімен оқу-әдістемелік жиын өткізуді қолға алдық. 2018 жылғы су тасқыны кезеңінің алдында ТЖД-де 67 әкім оқытылды. Осы жылы жиын ақпан айына жоспарланған. Оқу-әдістемелік жиын бағдарламасында тұрғындарды және аумақты су тасқыны кезеңіне дайындауды ұйымдастыру, гидрологиялық бекеттердің жұмысына қойылатын талаптар, халықты құлақтандыруды ұйымдастыру, эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу алгоритмі, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және т. б. қарастырылған», – деп атап өтті И. Күлшімбаев.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Қазгидромет», «Қазавтожол», Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының басшылары, Қарқаралы, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай және Шет аудандарының әкімдері тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша су объектілерін, су өткізу құрылыстарын, халықты хабардар ету жүйелерін дайындау бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*