Ұландағы ұлы той

Таяуда Астана төрінде Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің 58 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.
Әскери бөлімінің қысқаша тарихына тоқталар болсақ, 1961 жылы 20 қаңтарда Ақмолада Тың өлкесінің құрылуына байланысты Қазақ КСР ІІМ №016 бұйрығымен Қазақ КСР ІІМ ішкі күзетінің 246 жасағы болып құрылған. Аталмыш жасақтың тұңғыш командирі болып майор Завгородний Стефан Михаилович тағайындалады. Ал 1964 жылы 24 желтоқсанда Кеңес Одағы Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша жасақ айдауылдау полкі болып өзгереді. Содан бері ел тыныштығы жолында бар күш-қайратын сарп етіп келе жатқан осындай бөлімнің ерен еңбегі ескеріліп, 1998 жылы 11 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде бөлімнің әскери ар-намыс, айбын мен даңқ белгісі ретінде Жауынгерлік Туын тапсырған.
58 жыл бойы бұл бөлімде мыңдаған әскерилер қызмет атқарды, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда, жоғары жауынгерлік дайындықты қолдауда, жауынгерлік дағды және қатал тәртіп үшін өздерінің баға жетпес үлестерін қосып келеді.
Салтанатты шарада 6636 әскери бөлім командирі, подполковник Бауыржан Барышев: «Құрметті әріптестер, аса мәртебелі ардагерлер және қонақтар! Бүгінде мемлекетіміз бұрын-соңды болмаған белестерді бағындырып, асқақ мұратымыз – Мәңгілік ел құру жолында алға қарай нық қадаммен берік дамып келеді. Оған біздің әскери қызметшілеріміз де зор үлес қосуда. Осында отырған жас ұландарымызға, ардагерлерімізге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, қызметте табыс тілеймін! Мерейтойымыз құтты болсын!», – деп келген қонақтарды арнайы құттықтады.
Шара соңы барша қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік ән кешіне ұласты.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*