Әділет подполковнигі Алмат ТАСҚАРАЕВ: Психологиялық жұмыстар құқық бұзудың алдын алады

Қылмыстық атқару жүйесінің ең басты міндеттерінің бірі – бас бостандығынан айырылғандардың дұрыс жолға түсуін қамтамасыз ету. Бұл мәселеде арнайы контингент арасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалдың маңызы өте зор. Қателік жасап, жазасын өтеп жатқандармен тәрбие жұмысына келгенде ҚАЖ департаменті ЗК-169/1 мекемесінде атқарылып жатқан істерді ерекше айтуға болады. Мекемедегі жаңашылдық пен жолға қойылған жұмыстар туралы мекеме бастығы, әділет подполковнигі Алмат Тасқараевпен сұхбатттасқан едік.

Алмат Жұмаұлы, алдымен мекемеде 2018 жылы арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталсақ.
– Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде «Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасына» (бұдан әрі Қағида) сәйкес арнайы контингентті психологиялық сүйемелдеу жұмыстары бойынша арнайы контингент арасында тәрбие жұмысын жүргізу бөлімінің психология қызметінде 2 психолог маман жұмыс істейді. Мекемеде психологиялық дамылдау бөлмесі жабдықталған. Осында келген күннен бастап арнайы контингентті психологтар жеке қабылдап, әңгіме барысында психологиялық көмек және «Ақсұңқар» психодиагностикалық кешенді аппаратпен зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
«Майнд машина» аудиовизуалды стимуляторы арқылы қазіргі уақытта айыпталушылар мен сотталған азаматтарға психологиялық босаңсу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеке тұлғаның психологиялық денсаулығының төмендігін айтар болсақ, адам өміріндегі психологтың алатын орны зор. Психологиялық денсаулықтың төмендеуі адамдардың еңбек етпеуінен туындайды. Тіпті дана Абай «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық аздырар адам баласын» деген жоқ па еді?! Сондықтан да өз-өзіне қол жұмсауға бейімділіктің алдын алу үшін профилактикалық есепте тұрған сотталғандармен және тергеудегілермен іс-шаралар жеке қабылдау арқылы жүргізілуде. Психологиялық қызмет өзіне-өзі қол жұмсауға бейім және тағы басқа теріс бағытты сотталғандар мен тергеудегілерді есепке алып, олармен әдістемелер қолданып бірқатар іс-шара атқарылды.
– Психологиялық тәрбие бойынша жергілікті түрлі органдармен бірлесіп жұмыс істеу жолға қойылған екен. Тиісті ұйымдармен бірнеше меморандумға да қол қойылыпты. Бұл тың жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр ма?
– Психологиялық тәрбие негізінде әртүрлі бағыт бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, дене тәрбиесі бойынша Қызылорда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасымен бірлескен жоспарымыз бар. Сол бойынша әртүрлі спорттық шаралар өткіземіз. Эстетикалық тәрбиеге байланысты Мәдениет басқармасымен, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Педагогика-психология» кафедрасының оқытушыларының қатысуымен сотталғандар арасында семинар-тренингтер жүргізіледі.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2014 жылдың 13 тамызындағы №508 бұйрығының бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидасына сүйеніп, мекеменің арнайы контингенті арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысын жүргізу бойынша бөлімінің психологтары «Нұрлы бағдар» қоғамдық қорымен бірлесіп, шаруашылық бөлімінде қалдырылған сотталғандарға «Болашақ белестері» тақырыбында тренинг, жаттығулар өткізді. «Менің отбасым», «Бостандықтағы өмірге деген сенімділік», «Менің болашағым», «Адамгершілік, жақсылық жасау», «Бостандыққа шыққаннан кейінгі менің өмірім», «Парасат» тақырыбында шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
ЗК-169/1 мекемесінде жазасын өтеушілер және айыпталушылар мен күдіктілер арасындағы қасақана құқық бұзушылықтар, дене жарақатын салу және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған өзара әрекет ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша әр қызметтен жауапты адамдардың жұмыс қорытындыларын аппараттық немесе жедел кеңестерде кезек-кезекпен (кесте бойынша) қарастыру және ден қоюдың тиісті шараларын қабылдау бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жыл басынан мекеменің профилактикалық есебіне қойылған сотталғандар мен айыпталушылар арасында ашушаң, мекеме қызметкерлерімен жанжалдасуға бейімдер айқындалған жағдайда оларды жеке қабылдап, психологиялық диагностика жүргізіліп, нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсауға бейім ретінде анықталған тұлғалар 1 тәуліктен кешіктірілмей мекеме комиссиясында қаралып, профилактикалық есепке алынуда.
Мекеменің профилактикалық есебінде тұрған арнайы контингенттерді мекеме психологы күнделікті жеке қабылдап, күйзеліс кезінде эмоционалды жарақат алған тұлғаларға психокоррекция және психопрофилактикалық іс-шаралар өткізеді. Үнемі тәрбие жұмысы және психологиялық тұрғыда психодиагностикалық жұмыстар қолға алынып келеді. Психологиялық қызмет өзіне-өзі қол жұмсауға бейім және тағы басқа теріс бағыттағы сотталғандар мен тергеудегілерді есепке алып, олармен әдістемелер қолданып бірқатар іс-шара атқарады. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдардың туған-туыстарымен мекемеде әр бөлім қызметкерлері сұхбаттасып, жеке кеңестер беріліп отырады.
Облыстық психоневрологиялық аурухананың психолог мамандары, облыстық Жастар денсаулық орталығының, Облыстық наркологиялық орталығының «Арылу» қоғамының психолог мамандары және волонтерлерінің қатысуымен «Нашақорлыққа бейім азаматтардың онымен күресу және айығу жолдары» атты психологиялық тренинг-семинар өтті. Сотталғандардың психологиялық құзыреттілігін арттыру бойынша олардың ой-өрістік деңгейін анықтау мақсатында М. Люшер тесті, Розен Цвейк әдістемесі сияқты психологиялық тест тапсырмалары берілді.
ЗК-169/1 мекемесінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерін атап өтумен байланысты іс-шаралар ұйымдастырылды. «Ашық есік күні» 2 рет өтіп, оған сотталғандардың туысқандары қатысты. Тәрбиелік маңыздағы 75 шара, 18 жалпы мәдени, 57 спорттық (концерттер, КТК-лар, викториналар, жалпы білім беру мағынасындағы және т.б) іс-шара өтті.
– Сіз айтып өткен жұмыстар өзінің оң нәтижесін беріп жатқаны көрініп тұр. Ал биылға арналған жоспарларыңыз қандай?
– Мекемедегі оқшауланған аймақтағы жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарды үнемі жеке қабылдап, психокоррекция және психодиагностика жүргізу, ҚМУ-дың психология кафедрасының оқытушыларымен бірлесіп шаруашылық бөлімінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарға семинар тренинг өткізу, ЗК-169/1 мекемесіне жаңадан келген айыпталушылар мен сотталғандарды жеке қабылдап, психологиялық көмек көрсету, сонымен қатар, психоэмоционалды сергіту ұйымдастыру, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқытушыларымен бірлесіп меморандумға сәйкес семинар ұйымдастыру, сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге арналған бөлмелердің, өзге де ғимараттардың (психологиялық релаксация бөлмелері, спорт алаңдары, кітапханалар, теологиялық оңалту бөлмелері және т.б) материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға шаралар қабылдау жоспарланып отыр.
Сотталғандар арасында оң мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында тәрбиелік іс-шараларды жүйелеу, сотталғандардың туыстарын қатыстыру арқылы «Ашық есік» күндерін үнемі өткізіп тұру шаралары да өз кезегін күтіп тұр. Биыл «Ақсұңқар» психодиагностикалық кешені бағдарламалық жаңғыртылмақ.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан А. БИТАЕВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*