Талғат ТҰРСЫНБАЕВ: Теологиялық оңалту – түзелуге бастайтын жол

Бүгінде халықты теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында теологиялық оңалту жұмыстары тек бостандықтағы азаматтар арасында ғана емес, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар ортасында да жоспарлы түрде жүріп жатыр. Осы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет майоры Талғат Тұрсынбаевқа арнайы жолығып едік.

Талғат Қуанышұлы, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде бас бостандығынан айырылғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру жұмыстарының барысы туралы айтып берсеңіз?
– ІІМ-нің бұйрығымен ҚАЖ мекемелерінде Теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру үшін ЗК-169/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне және ЗК-169/5 мекемесіне (қауіпсіздігі аралас) екі штаттан берілді. Қазіргі таңда осы штаттар толықтырылып, жұмыстар атқарылуда. Аталған штаттарға тағайындалған инспекторлар әрбір сотталғанға әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жинақтауыштар әзірлеп, жеке бағдарламалар жасалынып, сол бойынша әділет органдарында ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерімен және облыстық Ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.
Бағдарламаға сәйкес теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру инспекторлары мекеменің мүдделі сала қызметкерлерімен, оның ішінде, сотталғандарды психологиялық сүйемелдеу бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп оңалтуға бағытталған іс-шараларды атқаруда.
Сонымен қатар, әрбір оңалтылатын сотталғанға облыстық Ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің оң пікірін алған діни мазмұндағы әдебиеттер оқытылып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын және отансүйгіштікке тәрбиелейтін кинофильмдер мен деректі фильмдер, диструктивті теріс діни ағымдардың қате сипаттары мен адасқан ағымдардың қоғамға тигізер кері әсерлерін айқындайтын бейнероликтер тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
ҚАЖ мекемелерінде теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобын құру қазіргі таңда қандай оң нәтижелер беруде?
– Бұл жұмыстар қазіргі таңда айтарлықтай оң нәтиже беріп келеді. Теологиялық оңалту қызметі инспекторларының ұйымдастыруымен республикалық ақпараттық түсіндірме топтары өкілдерін шақыру арқылы дәрістер жүргізілуде. Атап айтқанда, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстаздары А. Әкімханов, Қ. Құрманбаев, «Аңсар» ақпараттық талдамалық орталығы директорының орынбасары Т. Талдыбаев, дінтанушылар М. Орынбай және Т. Абуов сынды мамандар келіп, сотталғандармен кездесулер өтті.
2018 жылы ақпараттық түсіндірме топтары мүшелері сотталғандармен жалпы саны 511 рет жеке сұхбат өткізсе, 8 рет топтық нысанда насихаттық дәрістер ұйымдастырылды. Топтық дәрістерде 320 сотталған қамтылды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2 сотталған қазіргі таңда байыпты діни көзқарасқа қайтып отыр.
Теологиялық оңалту тобы инспекторларына арналған семинар-кеңестер өткізіліп тұра ма?
– Өткен жылдың 30 қазанында «ҚАЖ мекемелерінде теологиялық оңалту жұмыстарының ұйымдастырылуы» тақырыбында облыстық семинар-кеңес ұйымдастырылды. Шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің, Ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, облыс аумағында ресми тіркелген діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚАЖ департаментінің және департаментке қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар белгіленіп, мақсаттар айқындалды.
2018 жылы ҚАЖ комитетінің ұйымдастыруымен теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру қызметінің екі инспекторы Алматы қаласы ҰҚК академиясында және бір инспектор Түркістан қаласындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде, сонымен қатар, бір инспектор Астана қаласында халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткен оқу-семинарларына қатысып, білімін жетілдірді.
Сондай-ақ, ҚАЖ теологтары жергілікті атқарушы органдар және мемлекеттік органдардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинар-кеңестер мен жұмыс кездесулеріне шақыртылып, қатыстырылуда.
2019 жылға арналған жұмыс жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– Биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары әзірленіп, нақты мақсаттар мен міндеттер жүктелді. Атап айтар болсақ, теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобына арнайы ғимарат ішінен бөлінген бөлмені қажетті кеңселік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оңалтылатын сотталғандарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қазақтың классикалық әдебиеттерімен қатар, Қазақстан тарихы бойынша кітаптар мен оқулықтар қорын молайту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген сотталғандарға арналған оңалту бағдарламасына сәйкес діни бірлестік өкілдерімен қатар, облыстық Ішкі саясат басқармасының теолог мамандарымен бірлескен жұмыс ауқымын кеңейту және аталған іс-шараны бірізділікке қою арқылы оңалтылатын сотталғандарды дәстүрлі дінге қайтару жұмыстарын жетілдіру және үздіксіз жалғастыру көзделіп отыр.
Биыл теологтарды жоғарыда аталып кеткен оқу орындарына білімін жетілдіруге жіберу жоспарымызда бар.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Дана ДОСТАНОВА, Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*