Оңай олжа опа таптырмас

Елімізде «Қызыл кітапқа» енген аңдарды аулау проблемасы әлі де тыйылмай тұр. Әлемде бұл жағынан алдымызға жан салмай келе жатпасақ та, көштің соңында емеспіз.
Біз ақын Қадыр Мырза Әлидің адамзат мәселесін қозғайтын «Қызыл кітап» дастанын мектеп кезінен оқып өстік. Өкініштісі, аңдардың терісіне, мүйізіне қызыққан қызылкөздер сол «Қызыл кітап» жырынан еш сабақ алмайтын секілді… Мүмкін дәл осы туындыны жоғары оқу орындарында да арнайы оқыту керек шығар?! Сонда жастар сабақ алып, кейін мұндай теріс қадамдарға бармас па еді?!.
Ақынның сөзімен айтқанда:
«Аяймын мен анасыз,
Атасызды.
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың –
Бауырыңа жасаған опасыздық!» – емес пе?!
Иә, осындай опасыздықтарынан олжа тауып жүргендермен күресу қаншалықты қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстанда киік құрып кету алдында тұрған жануар ретінде «Қызыл кітапқа» енгізіліп, аулауға заңмен қатаң тыйым салынған. Десе де, заңды белден басып жүргендер жоқ емес, жетерлік.
Мәселен, сондай санасыз соқпақты сүрлеу еткендермен күресушілер – «Охотзоопром «ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторлары Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевтің ерліктеріне таңғалмау мүмкін емес. Өйткені, олар қарулы қаскөйлердің алдында тағдырларын талқыға салып тұрғандарын білмеді емес, білді. Киіктің емес, өз өмірлерін сақтау үшін күдіктілерді «көрмей» қалса да, мұны айдалада кім байқар еді? Бірақ, инспекторлар көз алдында өтіп жатқан заңсыз әрекеттерге бейжай қарай алмады. Антқа адалдық деген осы болар, сірә.
Инспекторлардың бұл іс-әрекеті, әрине, күнделікті жұмыс кезіндегі атқаратын шаруалары десек те болар еді. Бірақ, өмір мен өлім арпалысып тұрған сәтте мұндай көзсіз ерлік істеу, күдіктілермен бетпе-бет келу, күресу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні айдай анық ақиқат.
Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиев 2019 жылы 13 қаңтарда шамамен 18:00-де Қарағанды облысы, Нұра ауданына рейдке шыққан. Онда олар бес өлі киікті тапқан. Сонымен қатар, олар мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ «Toyota Land Cruiser» маркалы екі автокөлікті байқап, біреуін тоқтатып үлгереді. Е. Нұрғалиевтің серігі Ницыктың: «Қарақұз аумағында екі джипті қуып жеттік. Біз ескерту мақсатында ауаға екі рет оқ аттық. Олар тоқтамады. Біз жақындай бастаған уақытта, олар бізді көздей бастады. Ерлан көліктің артқы дөңгелегіне оқ атты. Бір автокөліктің жолын кесіп тоқтаттық, есігін ашып, шықтық. Көліктен жігіттер шықты – біреуі «бесатар» ұстаған, екіншісі «тік қосауыз» ұстаған, үшіншісі жүргізуші. Біз жақындаған тұста, мен «бесатарға» жармастым, оның саптамасы болған, содан оқтары шашылды. Турасын айтқанда, нағыз күрес басталды. Мен біреуін құлаттым, осы кезде артымнан біреу келіп шүйдемнен соққы жасады. Тұрайын дегенімде, бетімнен мылтықтың шүйдесімен ұрды. Осы кезде есімнен тандым. Қарасам, Ерлан бетімен қардың үстінде жатыр. Қан ағып жатыр, менің де үсті-басым қан. Жейдеммен басымда орап, бас киімімді кидім. Полиэтиленді пакетпен Ерланның басын орадым. Оны көлікке қарай сүйредім, басым айналып тұрды. Осыдан кейін топ басшысына шыға бастадым. Содан кейін барлығы келді», – деп айтқан сөзінен Қорғалжын даласында нағыз майданның болғанын көреміз.
Әттең, сондай нағыз ержүрек инспекторлардың бірі Е. Нұрғалиевтің татар дәм-тұзы, суішкілігі сарқылыпты. Ол 13 қаңтарда Қорғалжын даласында браконьерлермен болған қақтығыстан кейін өмірі үшін соңына дейін күресті. Қаңтардың он төртінші күні Астана қалалық №1 емхананың жансақтау бөліміне түсіп, он бесінші қаңтарда таңертең қайтыс болды.
Қазақ даласының символына айналған ақбөкенді қорғау бойынша ол өз міндетін соңына дейін атқарды. Осындай Ерлан Нұрғалиұлы сынды инспекторлардың ерен еңбегі арқасында ақбөкендердің саны 215 мыңға жеткен болатын. Өкінішке қарай, енді олардың саны 215 мың емес, 214 995. Яғни, бесеуі кем… Бір кем дүние.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*