Күзеттің қырағы полицейлері

Күзет полициясының жұмысы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысына мүлдем ұқсамайды. Аса маңызды нысандарды күзету – олардың негізгі міндеті. Осы орайда ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлері, полиция капитаны Батырбек Баков пен полиция аға лейтенанты Мақсұт Қанатұлымен әңгімелесіп, жұмыстарының қыр-сырымен танысқан болатынбыз.
– Ішкі істер органдары мен мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын реттейтін заңдар, бұйрықтар мен нұсқауларды зерделеп, оқып білу және оларды қызметтік міндеттерін орындау кезінде тиімді пайдалана білу – біздің негізгі мақсатымыз. Күнделікті жеке құраммен қызмет атқарамыз. Кесте бойынша тәуліктік қызметке түсеміз, – деді Батырбек Өміржанұлы. Оның сөзінен өз мамандығына деген адалдық пен сүйіспеншілік сезіліп тұрды.
Ол 1987 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 2007-2008 жылдар аралығында ҚР Республикалық Ұланындағы, қазіргі Алматы қаласындағы «Батыр» полкінде Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Павлодар қаласындағы Құқық-қаржы колледжін заңгер мамандығы бойынша аяқтаған. Қазіргі уақытта Қарағанды экономикалық университетінде сырттай білім алуда. Батырбек ішкі істер органдарында 2011 жылдан қызмет атқарып келеді. Бүгінде ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкі 1-полиция батальоны взвод командирінің орынбасары қызметін атқаруда.
Өзіне өзі талап қоя білетін, тәртіпті қызметкер қол жеткізген жетістіктеріне орай бірнеше рет марапатталған. Ол өзгеге үлгі болар білікті маман, білімді жан. Отбасында бір баланы тәрбиелеп отырған бақытты әке.
Ал Мақсұт Қанатұлы ІІМ Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің 2-полиция батальоны взвод командирінің орынбасары, полиция аға лейтенанты. 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген. Қарағанды қаласындағы 65/05 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден кейін Астана қаласында күзет қызметіне қызметкерлер қабылданып жатыр деген хабарландырумен жұмысқа орналасады. Кішкентай кезінен тәртіп сақшысы болып, нысанды киім киюді армандаған Мақсұт өз мақсатын жүзеге асыру жолында осы салаға келіпті. Қазақстан инновациялық университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы, Қазақстан инновациялық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтайды. Ішкі істер органдарында 2015 жылдан қызмет атқарып келеді. Полиция аға лейтенанты Мақсұт Сұлтан қызмет барысында бірнеше рет марапатталған. Отбасында бір баланың әкесі.
– Бізге қойылатын талап – стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетіп, қауіпсіздікті мейлінше сақтау. Жеке құрамның жан-жақты дамуы үшін түрлі оқу курстарына жіберіліп, біліктіліктерімізді арттырып отырамыз. Қызметімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз, – деді полиция аға лейтенанты.
Қызмет барысында көптеген тосын оқиғалардың орын алатыны белгілі. Күзет полицейлері Мақсұт Сұлтан мен Батырбек Баковтың да мұндай оқиғалармен бетпе-бет келген кездері аз емес.
Бірде бейтаныс ерлі-зайыптының ерегісіне куә болады. 2016 жылы Асан қайғы көшесінің бойымен келе жатқан Мақсұт пен Батырбек №8 орта мектептің алдында ер адам мен әйел адамның жанжалдасып жатқанын байқайды. Бағыттарын жалма-жан сол жаққа бұрған екеуі қызметтік көлікпен жақындай келе әйел адамға пышақ жарақатын салып үлгерген ер азаматты арашалап, 102 қызметі мен жедел жәрдем шақырады.
Адамдардың ашу үстінде ойланбастан әрекет ету нәтижесі осындай түрлі қылмыспен, тіпті адам өлімімен аяқталып жататыны белгілі. Егер күзет полицейлері дәл сол шақта келмесе, не боларын кім білсін?! Бұл – олардың міндеті және ол асқан жауапкершілік пен шапшаңдықты, көзсіз батырлықты талап ететін абыройлы жұмыс. Әрқашан да қоғамда тыныштық пен тәртіптің орнығуын қатаң қадағалап жүретін күзет полицейлерінің қызметі мақтауға әбден лайық.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*