Күн тәртібінде – үш мәселе

Төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында облыстық жедел штаб төрағасы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары В. Крыловтың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
Кездесуге облыстық жедел штаб мүшелері, облыс аудандары мен қалалар әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Шарада 2019 жылы көктемгі су тасқыны салдарынан елді мекендерді инженерлік қорғау бойынша шараларды жүзеге асыру барысы, қыста жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аймақтағы газ құю стансаларында техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін жасалатын жұмыстар талқыға салынды.
Кездесуді Ақмола облысы әкімінің орынбасары, облыстық жедел штаб төрағасы В. Крылов ашты. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алексей Советов жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын жұмыстардың оң және теріс аспектілерін көрсете отырып, елді мекендерді инженерлік қорғау бойынша алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар туралы мәселені көтерді. Сондай-ақ, жекелеген өңірлердің іс-шараларды толық орындамағанын айтты.
Кездесу барысында Аршалы ауданы әкімінің орынбасары А. Байзум, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Т. Каткадамов, Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Б. Комбатуров, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары К. Біржекеев сөз алды. Өз сөзінде олар атқарылған жұмыстарды, сондай-ақ, көптеген проблемалық мәселелерді көрсетті.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары А. Жаңғасков, «Қазавтожол» облыстық филиалы директорының орынбасары С. Исламов, Жергілікті полиция қызметінің бастығы М. Мұстафин баяндама жасады. Спикерлер жолдардың ағымдағы жай-күйі, жылу пункттерінің дайындығы, сондай-ақ, қысқы кезеңде жолдардағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ, Ақмола облысының Өнеркәсіптік даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы С. Молдағұлов, облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары А. Манадыров баяндама жасады. Олар автокөлік құралдарында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта газ жабдығын пайдалану қауіпсіздігі мәселесін талқылады.
Кездесудің қорытындысы бойынша облыстық жедел штаб төрағасы облыс және аудан әкімдеріне, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Ақмола облысы ТЖД ТЖ алдын алу бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*