Жұмылдыру – қауіпсіздік негізі

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Б. Дұзақбаев жұмылдыру дайындығы негіздері бойынша сабақтар өткізді.
Заманауи сын-қатерлер мен қауіптер аясында жұмылдыру дайындығының өзектілігі мен маңызы артып келеді. Сондықтан мемлекеттік жүйе ретінде жұмылдырудың рөлі мен орны ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және тәуелсіз Қазақстанның егемендігін сақтауда басты буын болып табылады.
«Қазақстан тарихында жұмылдыруды толық көлемде өткізуге байланысты кезеңдер болған, бұл Ұлы Отан соғысы жылдары еді», – деген Барат Оспанұлы сол кезде республика экономикасы әскери рельстерге ауыстырылып, бейбіт мақсаттағы шығындар азайтылғанын атап өтті. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға көшті, мұндай кәсіпорындардың пайдасына жұмыс күші, шикізат, станок жабдықтары қайта бөлінді.
Соғыс жылдарында Қазақстанға 220 фабрика, зауыт, шеберхана мен өнеркәсіп комбинаты келіп, іске қосылды.
Қысқа мерзім ішінде өнімнің ескі түрлерін ғана емес, сонымен қатар, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің бірқатар жаңа үлгілерін өндіру жолға қойылды.
Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз жаңа нақтылы шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде», – деп ерекше атап өтті. Қазіргі жағдайда түрлі елдер мен халықтарға тек соғыс пен қарулы қақтығыстар ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар, халықаралық және ұлттық қауіпсіздік сияқты ұғымдардың мәні мен мазмұны түрленуде.
Сондықтан көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда ұлттық қауіпсіздіктің теориялық мәселелерін тереңірек және толық ашуға, оны практикалық қамтамасыз етудің неғұрлым оңтайлы және тиімді тәсілдерін әзірлеуге арналған қарқынды ізденістер мен зерттеулер жүзеге асырылуда.
Қазіргі әлемнің геосаяси бейнесі барынша күрделі және қарама-қайшы. Өйткені, жаһандану әсерінен ескі түрлері өзгеріп, халықаралық, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлер әсерін тигізуде. Үшінші мыңжылдықтың басында жеке тұлға мен қоғамның, елдер мен халықтардың, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер күрт шиеленісіп кетті.
Оқу-жаттығудың бірінші күнін қорытындылай келе, департамент бастығы алдағы оқу жылына міндеттер қойды. Сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың білімі мен тағайындалған мүліктің бар-жоғы және жұмыс қабілеттілігі тексерілді.

М. АМАНБАЕВ, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*