Онлайн сақтандырудың оңтайлы тұсы көп

Өткен жылы ішкі істер органдарының қызметі ең көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Елбасы өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында да ішкі істер саласындағы реформа 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталуы тиіс екенін айтқан еді. Ол осыған байланысты «Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жол картасын» әзірлеуді тапсырды. Соның негізінде қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету саласын цифрландыруға ерекше назар аударды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес полиция қызметін цифрландыру үрдісі қарқын алды. Бүгінде цифрландыру полиция қызметінің барлық бағыттары бойынша жүргізілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды сақтандыру полисінің енгізілуі, чипі бар техпаспорттардың беріле бастауы соның айқын бір дәлелі. Жүргізушілерге біршама жеңілдік сыйлаған бұл жаңашылдықтар қалай жүргізілмек?
Жаңа жылдан бастап жол сақшылары жүргiзушілерден сақтандыру қағазын талап етпейдi. Бұдан былай жүргiзушiлерге қағаз сақтандыруды өздерiмен тасып жүрудiң қажет болмай қалды. Себебi, автокөлiктiң сақтандырылғанын ендігәрі тәртiп сақшылары деректер базасынан тексеретiн болады. Деректер базасынан тексеру мүмкiн болмаған жағдайда полиция қызметкерлерi телефон арқылы кезекшi бөлiмге хабарласып ақпарат ала алады. Бұл жаңашылдық оларды сақтандыру полисiн көрсетудi талап ету құқығынан айырып отыр. Яғни, Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және қағаз сақтандыру қызметi туралы заңнамасына енгiзiлген толықтырулар мен өзгерiстерге сәйкес тәртiп сақшыларына сақтандыру полисiн талап етуге тыйым салды. Осыған байланысты «Жол қозғалысы ережелерi туралы» заңның «Жүргiзушiлердiң жалпы мiндеттерi» бөлiмiнен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисiн өзiмен алып жүру әрi оны полиция қызметкерлерiне көрсетудi мiндеттейтiн норманың күшi жойылды. Сәйкесінше сақтандыру полисінсіз көлік басқарғаны үшін тағайындалатын жаза да Әкімшілік кодекстен алынып тасталды.
Алайда, бұл көлікті сақтандыру міндетінен босатпайды. Бар болғаны қағаз сақтандыру электронды нұсқаға ауыстырылады. Электронды нұсқаның артықшылығы неде және қалай рәсімделеді? Артықшылығына келсек, бұл біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай артық қағазбастылықтан босатады. Екіншіден, электронды нұсқаға көшуге байланысты сақтандыру полисін онлайн рәсімдеу мүмкін болады. Мамандардың айтуынша, онлайн сақтандыру – тұтынушылар қолайлығы үшін жасалып отырған қосымша тәсіл. Қосымша деп отырған себебіміз, дәстүрлі сақтандыру әдісі сақталып қала бермек. Айта кететіні, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімделген қағаз сақтандыру полистері күшін жоймайды. Сол себепті қайта рәсімдеудің еш қажеті жоқ. Ал электронды полисті рәсімдеу кезінде жүргізушілердің қолына бұрынғыдай сақтандыру полисінің қағаз нұсқасы берілмейді. Оның орнына жүргізуші Бірыңғай сақтандыру базасынан сақтандырылғанын растайтын смс-хабарлама алады.
Онлайн сақтандыру көлік иелерінің жұмысын біршама оңайлатып отыр. Өйткені, онлайн сақтандыруды интернет арқылы үйде отырып рәсімдеуге болады. Ол үшін көлік иесі қажетті барлық мәліметті жолдайды. Сақтандырушы компания әрі қарай келісімшарт жасап алынған мәліметтерді сақтандырудың бірыңғай деректер базасына қосады. Онлайн сақтандыру оңайлатып қана қоймай, жүргізушілерден оңай олжа тауып жүрген алаяқтардан да құтқарады. «НОМАД Иншуранс» СК» АҚ Басқарма төрағасы Дәурен Иманжановтың сөзінше, Қазақстанның сақтандыру нарығында сақтандыру полистерінің 20-25%-ы заңсыз. Мұны көп жағдайда жүргізушілердің өздері де білмей жатады екен. Сақтандырудың көмегіне жүгінген сәтте ғана олардың полистері жалған екені анықталады. Жүргізушілер мұны білгенде қатты таңырқап жатады екен. Дәурен Иманжанов сақтандырушылар полиция қызметкерлерімен бірге талай мәрте алаяқтарды анықтауға тырысқан, алайда олармен алысып шаршаған. Ал онлайн сақтандыру осындай олқылықтарды болдырмайды деп сендіріп отыр.
Цифрландырудың тағы бір жемісі – жаңа үлгідегі пластикалық техпаспорттың берілуі. Бұл чипі бар техпаспорттар 2018 жылдың 1 желтоқсанынан біртіндеп берілуде. Біртіндеп деп отырғанымыз, жоба жыл аяғында Алматы мен Астана қалаларында іске асырыла бастаған. Жыл басынан Қазақстан бойынша жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, бұл жаңашылдық барлық көлік иелеріне жаппай техникалық паспорттарын ауыстыруды міндеттемейді. Яғни, ескі куәліктер іске жарамды болып қала бермек. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянованың айтуынша, жүргізушінің барлығы көлікті тіркеу куәлігін ауыстыруға міндетті емес. «Жаңа нұсқадағы куәлік көлігін жаңадан тіркеген азаматтарға беріле бастайды. Бірақ, өз қалауымен тіркеу куәлігін ауыстырғысы келетіндерге ешқандай шектеу жоқ. Жаңа көлік куәлігін алу үшін жүргізуші мемлекеттік баж салығын төлейді. Оның құны шамамен 3 мың теңге көлемінде болады», – дейді ол.
Оның айтуынша, чип орнатылған бұл жаңа пластикалық паспорт ұзақ қызмет етеді. Жаңа құжатта интегралды микросхема – қазақстандықтардың жеке куәлігіндегіге ұқсас чип болады. Автокөліктің жаңа техпаспортында бұрынғыдай емес, әлдеқайда көп мәлімет көрсетіледі. Мысалы, бұрынғы техпаспортта меншік иесі мен оның көлігі туралы аз-маз ақпарат беріліп келген. Ал бұдан былай онда көлік иесі және көліктің техникалық сипаттамалары туралы 21 пункттен тұратын мәлімет көрсетіледі. Атап айтқанда, көлік иесінің аты-жөні, мемлекеттік нөмір белгісі, кузов және шасси нөмірлері, маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі, автокөліктің түсі, санаты және рұқсат етілген жүк салмағы, тіркелген күні, көлік құралын қайта жадбықтау туралы мәлімет, иесінің ЖСН немесе БСН-і және тағы бірнеше пункт қарастырылған.
PS. Жаңа жылда жүргізушілер қауымын қуантқан жаңашылдықтар осы. Бұл жаңа жылда ішкі істер саласында тек қана жол қозғалысына қатысты орын алып жатқан оңтайлы өзгерістер. Жалпы, 2019 жылдың алып келген бұдан өзге де жаңалығы көп.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*