Шымырлықты шыңдаған турнир

Ақтаудағы Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ашық аспан астында өрт сөндіру кроссфитінен жарыс өтті. Шара қызмет барысында қаза болған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тағзым етуге арналды.
Жарыстың мақсаты – өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы арасында өрт сөндіру кроссфитін дамытып жетілдіру, жедел-қызметтік жұмысында рөлін арттыру және саламаты өмір салты мен денешынықтыру дайындығын арттыру. Сонымен қатар, үздік өрт сөндіруші-спортшыларды анықтау.
«Елімізде соңғы жылдары қанат жая бастаған бұл спорт түрін төтенше жағдайлар қызметкерлері арасында кеңінен насихаттау қажет. Бұл америкалық өрт сөндірушілер ойлап тапқан спорт түрі. Елімізде біртіндеп қанат жайып келеді. Кроссфит – бұл шыдамдылық пен күшке арналған, негізі аэробикалық, гимнастикалық және ауыр атлетика жаттығуларынан тұратын бағдарлама. Ең бірінші кезекте мұнда адамның төзімділігі, қажырлылығы және жылдамдығы сыналады. Біз оны қызметте денешынықтыру дайындығына пайдаланамыз», – деп атап өтті Маңғыстау облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы Ерлан Мауленов.
Кроссфит әртүрлі спорттық бағыттарды қамтитын сайыс. Ол ауыр атлетика, жеңіл атлетика, гимнастика, пауэрлифтинг, бодибилдинг сынды спорт түрлерінен тұрады. Жарысқа Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен 12 қызметкер қатысты. 40 килограмм болатын зілтемірді 10 рет көтеру, салмағы 80 килограмм болатын «Урал» көлігінің дөңгелегін аунатып апару, 66-лық екі шланганы ширата лақтыра отырып, 40 метрге дейін жүгіру, әрі қанат жаю сайысын орындау, 40 килограмм болатын екі гір тасын көтеріп, мәреге дейін жүгіру және ең күрделі кульминациялық сәт – автокөлікті 30 метр қашықтыққа дейін арқанмен сүйреп апару сынды жарыстардан құралған кроссфит турнирі өте тартысты өтті. Әдеттегі барлық жарыстар секілді кроссфитте де өзіндік салынатын айыппұлдар бар. Жауынгердің техникалық талаптарды дұрыс орындамаған жаттығуына 30 айыппұл секунды қосылады. Осының өзі онсыз да қиын жарыс түрін одан сайын күрделендіре түседі. Сондықтан да бұған жігіттің жігіті шыдайды.
«Төтенше жағдайлардың алдын алып, адам өмірін құтқарып жүрген қызметкер үшін спорттық дайындық – ең басты талаптардың бірі. Сондықтан да бізге шымыр, төзімді, жаужүрек мамандар қажет. Мұндай адамдарды жинап, осы сайысты өткізу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Өрт сөндіру функционалдық дайындықты талап етеді. Кроссфит өрт сөндірушілер сайысы Ресей, Беларусь, Украина сынды көрші мемлекеттерде оншақты жылдардан бері жақсы дамып келеді. Қазақстанда бұл жаңа спорт түрі енді ғана қанатын жайып келеді. Бәріңіз де жеңіс үшін келдіңіздер, сондықтан да оған жетуге тілектеспін», – дейді Ерлан Мәуленов.
Жарыстың бағдарламасы оны тыныс алу аппаратымен орындауға болатындай тәсілмен қарастырылған. Аталған жаттығулар соққы күшін қабылдауға, шыдамдылықты нығайтуға және дене дайындығын жоғарылатуға ықпалын тигізеді. Әрі тыныс алу аппаратында жаттығу өкпе жұмысын дамытуға әсер етпек.
Қорытынды есепте бірінші орынды №11 ӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Нұрсұлтан Қасқырбай жеңіп алды. Ал күміс жүлдеге №8 ӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Ақтөре Піралиев, қола алқаға №6 ӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Абай Базарбаев ие болды.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*