Жол ережесін сақтау – өз қауіпсіздігің

Бейбіт заманда қоғамның кеселіне айналып отырған мәселелердің бірі – жол ережесін сақтамау. Оған басты себеп ретінде жол қозғалысына немқұрайлы қарау, жүру жылдамдығын жоғарылату, озу ережесін бұзу және сол жаққа шығу, қиылыстардан өту ережесін бұзу, маневр жасау, бағдаршамдардың белгілерін ескермеу, жолдың қарсы бағытына шығуды айтуға болады.
Ал жаяу жүргіншілер кінәсінен жол-көлік оқиғасының болуының негізгі себептері – арнайы жаяу жүргінші өтетін жерлерден өтпей, жақын келе жатқан көлік алдынан көшені кесіп өтуі, жаяу жүргіншілердің көп жерлерде абайсыз жүруі секілді өрескел іс-әрекеттердің әрбірі осы бір қайғылы жағдайға әкеп соқтырады.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының тағы бір негізгі себептеріне жүргізушілердің жол қозғалысы ережесінің талаптарын білмеуі немесе көлік құралын жүргізу құқығы болмаса да көлікті игеруін жатқызамыз. Тек бұл ғана емес, кейбір жүргізушілер асығыстық танытып жылдамдықты асырса, енді бірі жол үстінде ұялы телефонды қолдану арқылы қауіпсіздікке тиісті көңіл бөлмейді. Оның барлығы, өкінішке қарай, қайғылы жағдайға әкеп соқтырады.
Қарап отырсақ, осындай жауапсыздықтардан аналар балаларынан, ал бейкүнә жас балалар аналарынан айырылып, жарақат алып, жан тапсыруға дейін барып жатады. Осындай жауапсыздыққа жол бермеу қажет. Себебі, ең басты құндылық – ол адам өмірі. Сондықтан да жол қозғалысына қатысушылар өз өміріне және басқаның да өміріне жауапты екенін ұмытпағаны абзал. Бұған қоса, келеңсіз оқиғалардың алдын алу әрбір азаматтың қолында, себебі әр азамат өз істегеніне көз жұма қарамай, жауаптылық танытуы қажет. Жүргіншілер де ережелерді сақтап, рұқсат етілген жерлерден өтіп, көлік құралының алдынан жүгіріп шықпай, өз кезегін күтуі қажет.
Жол заңы дұрыс жүруді, абай болуды талап етеді. Сондықтан қоғамдық тәртіпке басты назар аударып, жол үстінде әр жүргізуші көлікті жүргізген кезде жол қозғалысы ережесінің талаптарынан басқа, сабырлық, ұқыптылықты сақтап, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндірмегені абзал.

Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*