Полиция подполковнигі Әділхан БАЙДОСОВ: Ел сенімін ақтау – ең басты міндет

Елбасы Жолдауы – мемлекетіміздің кемел келешегін бағдарлайтын, дүниежүзілік деңгейде өзінің беделін асқақтатып көрсететін негіз және Қазақстан Республикасының дамуының жаңа көкжиектерін белгілеуімен құнды. Өткен жылдың 5 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялаған болатын. Маңызды құжатта айтылған құнды мәселелер төңірегінде Астана қаласы Көліктегі Полиция департаментінің Кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әділхан Байдосовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
Әділхан Теміржанұлы, жыл сайын Елбасымыз халыққа өзінің Жолдауларын жариялайды. Өткен жылдың 5 қазанында жарық көрген соңғы Жолдауының ерекшелігі неде?
– Менің ойымша, биылғы Жолдаудың басты артықшылығы – жалпылама емес, нақты әлеуметтік салаға, яғни әр азаматтардың ахуал-тұрмысына бағытталғандығы. Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалған.
Атап айтқанда, құқық қорғау саласын жетілдіру және сапасын арттыру аясында алдымызға нақты міндеттер қойып, оны жүзеге асыру үшін негізгі бағыттарды берді. Жалпы құқық қорғау саласын жаңғырту мәселесі кеңінен ортаға салынды. Бұл саланың қызметін түбегейлі өзгертудің басты мақсаты – құқық қорғау саласының қызметкері мемлекеттің айнасы іспетті болуы тиіс деген ой салынды.
– Жолдауда құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігімен қатар Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет деп айтты. Осыған байланысты пікіріңізді білсек.
– Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мен штаттық санын оңтайландыру мәселесіне тоқтайтын болсақ, осы жұмыс аясында артық басқару буындары таратылып, нәтижесінде босатылған бюджеттік қаражат қызметкерлердің лауазымдық айлықтарын көтеруге жұмсалатын болмақ. Осы орайда біз Ішкі істер министрлігіне қызметкерлердің штаттық санын 10%-ға қысқарту бойынша ұсыныс жасадық. Бұл болашақта құқық қорғау саласы қызметінің жалпы сапасын арттыруға қосатын үлесі зор болмақ.
Сондай-ақ, қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу механизмі жасалатын болады. Ал полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту керек деген ой өте дұрыс. Себебі, бүгінгі таңда министрлік бірнеше нысанды күзету функцияларын басқа ведомстволарға беру бойынша ұсыныстар жасады. Тағы да басқа ұсыныстар қызметке талдау жасау нәтижесінде жасалатын болмақ. Полиция қызметкерлерінің баспана мәселесі шешіліп, жалақысы көбейсе, әрі қызметтік жүктемесі жеңілдесе, құқық қорғау қызметінің сапасы да арта түсетіні рас.

Полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекіту, сондай-ақ, ІІМ академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгертуге байланысты не айтасыз?
– Президент өз Жолдауында екінші мәселе ретінде полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілету, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керектігін алға қойды. Осы орайда, қызметке қабылдаған кезде қазіргі заманға сай кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды қабылдау – бұл негізгі мақсаттардың бірі болмақ. Тағы бір айта кететін мәселе, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі «жол картасын» жүзеге асыру мәселесіне сәйкес, қызметке қабылдау тек қана ІІМ-нің ведомстволық оқу орындарынан (полиция академиясы) қабылдау жүйесі енгізілмек. Бұның нәтижесінде 12 оқу орнынан 5 академия қалады.
Ведомстволық оқу орындарының штаттық санын қысқарту – бұл ішкі істер органдары сапасын жақсартуға және оңтайландыруға сапалы септігін тигізеді. Полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жетілдіру аясында және қызметке қабылданатын үміткерлердің кадр аппаратымен минималды байланыс жасау үшін үміткерлердің құжаттары ІІМ-нің ресми web-порталы арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл мәселелерді шешу жолдары кадр құ¬рамының сапасын жақсартуға, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Беделі жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артқандығын атап өткен Елбасымыз кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқаратынын айтқан болатын. Бұған не дейсіз?
– Әрине, жаңа стандарттар бойынша жұмыс істейтін полицияға біліктілігі жоғары кадрлардың қажет екені айқын. Бұл кезекте қызметі жақсарған полициядан (айлығы өскен, қызметі оңтайландырылған) білікті кадрлардың жұмыстан қол үзбей, одан әрі жалғастыра беруі (жалақысы жоғары жұмыс іздемей) мүмкін. Бұл өз кезегінде тұрақтылықты арттырып, кадр әлеуетін жақсартады және кадрлардың қызметтен өз еркімен кетуі тоқтайды деген сөз.
Сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс. Көліктегі ПД кадрларының сапасы қандай? Атқарылып жатқан жұмыстарыңыз жөнінде айта кетсеңіз.
– Құқық қорғау органдары қызметкерінің жаңа бейнесін қалыптастыру бойынша кадрлардың сапасын арттыру мәселесі – біздің мекеменің басым бағыттарының бірі. Департаментті сапалы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұның негізгісі – конкурстық негізде жұмысқа қабылдау, олардың кәсіби даярлығы мен кәсіби біліктілігін тексеріп, комиссия мүшелері дауыс беру арқылы қызметке қабылдауға өз ұсыныстарын береді. Сонымен қатар, полиция қызметкеріне баға беру критерийлері сындарлы өзгерістерге ұшырайды. Осы жұмыс аясында полиция қызметкерлері жұмысының қауіпсіздігі мен тиімділігінің жағдайына халықтың баға беруі үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Елбасының Жолдауында ішкі істер саласына қатысты нақты жасалатын қадамдар белгіленді. Осы қадамдарды іске асыру мақсатында біздің департамент Ішкі істер министрлігіне қызметкерлердің штаттық санын 10%-ға қысқарту бойынша ұсыныс жасады. Сонымен қатар, қазір жұмыс істеп жүрген барлық полиция қызметкерлері аттестациядан өтеді. Тек әлемдік стандартқа сай келетін қызметкерлер өз орнында қалады деген ойдамыз.
Елбасының алдымызға қойған мақсаттарын іске асыру жолында ең бастысы – ел алдында полиция қызметкерінің беделі жоғары болуы қажет және де халыққа адал және мінсіз қызмет ету деп ойлаймын. Бұл үшін, әрине, құқық қорғау саласына мемлекеттің қолдауы мен қаражат бөлуі тиіс. Ал біз халқымыздың тыныштығы мен алаңсыз өмір сүруіне бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуге даярмыз.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*