Подполковник Мирас ТУРДАЛИН: Әскери адамның басты қасиеті – жауапкершілік

Биыл ІІМ Ұлттық ұланының құрылғанына 27 жыл толады. Жалпы, еліміздің ішкі тыныштығын күзетуде Ұлттық ұланның еңбегі зор екенін бәріміз білеміз. Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімнің командирі, подполковник Мирас ТУРДАЛИНМЕН сұхбаттасқан едік. Бөлім командирі бізге әскери бөлімнің өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берген болатын.
Мирас Құдайбергенұлы, алдымен аса жауапты әскери мамандықты қалай таңдағаныңыз туралы айтып берсеңіз? Себебі, әскери адам болу үшін де алдымен мінез керек. Мүмкін, отбасыңызда сіз үлгі тұтқан әскери адам болған шығар?
– Сонау 1990 жылдардың ортасында жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға шақыру туралы насихаттау жұмыстары өте белсенді түрде жүрді. Сол жылдары мен білім алатын орта мектепке де облыстық әскери комиссариат өкілдері келіп, әуе қорғаныс күштеріне қызықтыру, шақыру туралы тәрбие жұмыстарын өткізді. Бұл менің әскери салаға деген бұрыннан бар қызығушылығымды одан сайын арттырып, мектептен үйге келгесін ата-анама әскери ұшқыш болғым келетінін айттым. Әрине, олар менің таңдауымды қолдады. Содан орта мектепті аяқтағасын, жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесіне оқуға тапсыру үшін құжаттарымды жинап бастадым. Бірақ, әскери комиссариаттан өту кезінде ондағылар маған ұлттық қауіпсіздік комитетіне оқуға тапсыру туралы ұсыныс тастап, менің мінезімнің соған көбірек келетінін және онда ішкі әскер факультеті барын айтты. Бұл қызметтің атқаратын міндеттері маған ұнап, көңілімнен шыққасын, 1997 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ішкі әскер факультетіне оқуға түстім. Ал 2001 жылы осы оқу орнын тәмамдағаннан кейін ішкі әскердің қатарына тағайындалдым.
Отбасымызда әскери адам болған жоқ. Орта мектепте бесінші сыныпта оқып жүргенімде, мінезімді, спортқа деген қабілеттілігімді байқаған ұстаздарым мен денешынықтыру жаттықтырушылары менен педагог немесе басқа мамандық иесі емес, әскери қызметшіні көретіндерін айтып, әскери адам болуға кеңес беретін. Мүмкін сол ұстаздарымның мені үнемі осылай ынталандырып отыруы әскери қызметші болуыма итермелеген болуы керек. Сондықтан бұл тек менің таңдауым болды.
Бар ғұмырыңызды осынау қиын да жауапты әскери қызметке арнап келеді екенсіз. Ендеше, қызмет жолыңызға тоқталып өтсеңіз?
– Оқу бітіргеннен кейін курстық сардар болып тағайындалдым. Одан кейін Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде взвод командирінен бастап осы жерде батальон командиріне дейін қызмет еттім. Одан соң қызметтік қажеттіліктерге байланысты, мені Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімге штаб бастығының аға көмекшісі лауазымына жіберді. Бұдан кейін Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлім командирі қызметіне тағайындалып, одан әрі Ақмола облысы, Шучинск қаласындағы Қорғаныс академиясына оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Кейін Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімде штаб бастығы лауазымында болдым. Өткен 2018 жылдың жаз айынан бері Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімде бөлім командирімін.
Әкеңіз бен анаңыз, өзіңіз туып-өскен отбасыңыз туралы айтып беріңізші?
– Әкем өмір бойы партия мүшесі болған адам. Қызметте белсенділігінің арқасында, қарапайым мал дәрігері қызметінен партия ұйымдастырушысы, одан әрі ұжымшар төрағасы (партком) қызметіне дейін жоғарылаған. Бір сөзбен айтқанда, әкем Кеңес Одағы ыдырағанға дейін партия қызметкері болды. Анам медицина саласында еңбек ете тұра, ол да комсомолдар, коммунистер қатарына енген. Отбасымызда екі бала тәрбиеленіп өстік. Менен кейін қарындасым бар.
Әскери бөлім өткен жылы жауынгерлік қызметте қандай жетістіктерге жетті? Мәселен, сіз басқаратын бөлімде әскери қызметшілердің қарапайым тұрғындарды өрттен құтқару секілді ерлік істер атқарып, марапатқа бөленгенін білеміз. Сол сияқты батыс өңірі бойынша өткізілген «күрең берет» сынағының жоғары бағаға ие болғанынан хабардармыз. Осы жетістіктерге кеңірек тоқталсаңыз?
– Негізі, өткен 2018 жыл Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлім үшін шынымен жағымды жыл болды. Әскери бөлім жеке құрамы бірінші және екінші жартыжылдықта жоғары нәтиже көрсетті. Бейбіт күнде ерлік танытқан әскери қызметшілеріміз аз емес. Солардың бірі – ефрейтор Рысқали Еңсепбаев қызметін аяқтап, үйге бара жатқан жолда, өртеніп жатқан пәтерді көреді де, тез шешім қабылдап, батырлық танытуының арқасында жанып жатқан пәтер ішіндегі тұрғындарды далаға аман алып шығады. Осы ерлігі үшін ол Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың қолынан марапат алып, бүгінгі таңда әскери бөлімнің құрметті әскери қызметшісі атанды.
Өткен жылдың басты шарасы – Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімнің ату алаңында «Күрең берет» сынағы өтуі. Әскери бөлімнің жеке құрамының аталған іс-шараның ұйымдастырылуына және өткізілуіне жоғары белсенділік танытып, атсалысып, ату алаңында үлкен жұмыстар атқарғанын ерекше атап өткім келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының алға қойған тапсырмалары дер кезінде және толығымен орындалып, әскери бөлім іс-шараны өткізуде жоғары баға алды.
Жауынгерлік қызметтегі озат әріптестеріңізді атап өтсеңіз? Оларды неліктен озаттар қатарына жатқызасыз?
– Біздің бөлімде атауға тұратын озаттар өте көп. Солардың қатарында: жоғарыда атап өткен келісімшарттағы әскери қызметкер, ефрейтор Рысқали Еңсепбаев, қарауыл бастығы, сержант Азамат Чукберов бар. Сержант А. Чукберов бүгінгі таңда өзінің кәсіби шеберлігімен сотталғандарды айдауылдау кезінде сенімді күзетпен қамтамасыз етіп отыр. Сол секілді аға сержан Бауыржан Ахманбетов қарауыл бастығы қызметінде әскери бөлімнің тыныштығын қамтамасыз етіп келеді. Қарауыл бастығы, аға сержант Сәкен Қолданов, сержант Алмазбек Өмірбековтер жауынгерлік қызметке түсіп, қарауыл басқарғанда, мына жақтағы біз, яғни командирлер жауынгерлік қызметтің дұрыс ұйымдастырылатынына, әскери тапсырманың нақты орындалатынына сенімді болып отырамыз.
Биыл бөлімдегі әскери қызметшілерге арналған жаңа әскери оқу жылы басталды. Алдағы мақсат қалай? Оқыту қандай бағытта жүреді?
– Жалпы, Ұлттық ұланның әскерлерін оқыту жүйесі екіге бөлінген: бірінші және екінші жартыжылдық. Жаңа оқу кезеңінің ашылуы алдында дайындық жұмыстары жүріп, салтанатты түрде ашылу шаралары ұйымдастырылады. Ал, оқу басталар алдында бөлім командирінің жаңа оқу кезеңінің ашылғандығы туралы бұйрығы шығады. Бұл бұйрықта рота командирлеріне және басқарма бөлімге жартыжылдықта өтуі тиіс іс-шаралар легі, олардың орындалу мерзімі және шара барысында қол жеткізуі керек жетістіктері атап көрсетіледі. Жалпы, бұл оқыту іс-шарасы әскери бөлім үшін дәстүрге айналған. Сондықтан оған өз тәжірибелерімен бөлісіп, әскерилердің бойындағы патриоттық рухты арттыру мақсатында бөліммен бірлесіп жұмыс атқаратын органдар мен Ұлттық ұланның ардагерлері арнайы шақыртылып, қатыстырылады. Олардың бөліскен тәжірибелері, әрине, бөлімнің алдағы уақытта да жоғары көрсеткіштерге жетуіне бағыт-бағдар болады.
Әскери бөлім жуырда жас сарбаздармен толықты. «Жас сарбаз» бағдарламасы бойынша оларды оқу-жаттығуға үйрету қалай жүріп жатыр? Жалпы, сарбаздарды, сардарларды және келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің патриоттық рухын арттыру, ержүректілікке тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көп шығар?
– Өткен 2018 жылдың желтоқсан айында біздің әскери бөлім 251 жас сарбазбен толығып, оларға арналған оқу пункті құрылды. «Жас сарбаз» оқуының жүру барысы, тәрбие жұмысы барлығы сабақ кестесінде көрсетілгендіктен, жас сарбаздарды Ұлттық ұланның, соның ішінде 6655 әскери бөлімнің қандай тапсырмаларды орындайтынын және міндеттерін түсіндіруге және ынталандыруға бағытталады. Атап өтетіні, сарбаздарды оқыту кезінде Отан қорғау күзетінде жүріп, сотталғандардың қашуына жол бермей, батырлық танытқан қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев пен сержант Жандос Баянбаевтардың ерлігін сарбаздарға ұдайы айтып отыру арқылы, патриоттық рухқа тәрбиелеп, жауынгерлік қызметіне деген жауапкершілігін арттырамыз.
Негізі, Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміндегі әскери қызметшілердің өз қызметіне деген жауапкершіліктері жылдан-жылға артып келе жатқанын атап айтқым келеді. Бұл бір жағынан, әрине, елімізде іске асып жатқан дұрыс саясаттың арқасы екенін мойындау керек.
Одан бөлек, әскери қызметшілерді тәрбиелеу мен оқытуда Бас қолбасшымыздың «Әскерде қылмысқа жол жоқ!» деген сияқты көптеген бағдарламалары пайдаланылады. Осындай бағдарламалардың арқасында әскери бөлімде атқарылып жатқан іс-шаралар өте көп.
Бүгінде Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы айтқан: «Тәбиелеп жүріп оқыт, оқытып жүріп тәрбиеле!» деген сөзі біз үшін ұранға айналды. Сол себепті, әскери бөлімдегі рота, батальон командирлері және менің: бөлім командирінің, орынбасарларымның барлық бұйрықтары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының талаптарына сәйкес беріледі.
Әскери қызметшілер қызметінің алға басуы ең алдымен, әрине, олардың әлеуметтік тұрмысына байланысты екені түсінікті. Отбасы жағдайы жақсы болса, әскерилердің де көңіл күйі көтеріңкі болып, алаңсыз қызметін атқармақ. Осы тұрғыда, әскери қызметшілердің отбасыларымен қандай жұмыстар атқарылып тұрады?
– Әскери бөлім ай сайын әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесулер өткізіп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп тұрады. Әскери қызметшілердің командирлері мен тәрбиешілері олардың үйіне барып, сұхбаттар жүргізеді. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен отбасыларды үнемі назарда ұстау арқылы, оларға мүмкіндігінше әлеуметтік көмектер көрсетуге тырысамыз. Бұл жұмыстар әскерилердің сабаққа баратын уақытында да жалғасады.
Өзіңіз білесіз, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінің жүру барысы көңіл көншітпейді. Пәнді жүргізу барысында кейбір мектептерде қару-жарақтар жетіспесе, кейбірінде плац жоқ. Жасөспірімдерге Отан қорғау міндетін мектеп қабырғасынан бастап айтып, тәрбиелеу керектігін ескерер болсақ, әскери бөлім мектептермен қаншалықты байланыс орнатып отыр?
– Жыл сайын әскери бөлімнен белгілі бір лауазымдағы адамдарды тағайындап, олар қала және аудандар, ауылдардағы орта мектептерге барып, әскери оқу орындарына оқуға шақырады. Осы үгіттеу жұмыстары кезінде, сондай-ақ, Ұлттық ұланның қызмет барысында бұған дейін атқарған жұмыстары мен ерліктері туралы да баяндалады. Сонымен қатар, оқушыларға әскери училищеге оқуға түскен жағдайда, олардың әлеуметтік жағдайы толық қамтамасыз етілетіні міндетті түрде хабарланып, әскери училищеде оларды арнайы дайындалған, білікті сардарлардың оқытатынынан ақпарат береміз. Олар Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың Ұлттық ұланның беделін жылдан-жылға арттырып келетінін айтып, қызықтырады.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен үнемі қалалық мектептердің жоғары сынып оқушыларымен алғашқы әскери дайындық пәні сабағы кезінде бөлімнің аумағында әскери қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылып, әскерилердің жауынгерлік дайындығы көрсетіледі.
Өткен жылы күшіне енген «Әскери баспана» бағдарламасымен сіз басқарып отырған әскери бөлімдегі көптеген әскери қызметші баспаналы болу бақытына бөленгенін естідік. Бұл жұмыстар болашақта қалай жалғасын табады?
– Қазіргі уақытта әрбір әскери қызметшінің болашақта баспаналы болуы үшін арнайы шотына өзіне және әрбір отбасы мүшелеріне ай сайын жинақ ақша аударылады. Бұл бағдарлама өз нәтижесін беріп, өткен жылдың өзінде бөлімнің қолбасшылығы тарапынан үнемі үгіттеу және дұрыс жарнамалау жұмыстарының арқасында 41 әскери қызметші баспаналы болды. Бұл жерде жергілікті әкімдіктің де біздің әскери бөлімге оң көзқарас танытқанын атап өту керек.
Отанымыздың тыныштығын одан әрі нығайту жолында бөлімнің алға қойған мақсаттарымен, жоспарларымен бөліссеңіз?
– Жалпы, әскери бөлімнің атқаруы тиіс жоспарлардың барлығы Батыс өңірлік қолбасшылығының бұйрығында көрсетілген. Яғни, онда биылғы 2019 жылдың бірінші және екінші жартыжылдығында жетуіміз тиіс жетістіктер мен міндеттер, тапсырмалар нақты белгіленді. Жұмыстар сол бұйрыққа сәйкес жасалып, осы бойынша қызметімізді жалғастыратын боламыз.
Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Үйленгенмін. Келіншегім Гаухар екеуміз отбасында бір қыз, бір ұл тәрбиелеп келеміз. Ұлымыз Исламбек орта мектептің 10-сыныбында, қызымыз Қаракөз 7-сыныпта білім алып келеді.
Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Алдағы күндері де әскери бөлімнің мол жетістіктерге жетіп, Отан қорғау жолында тек алдыңғы қатардан көріне беруіне тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*