Беделі биік отбасы

Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелерінде бір салада қызмет ететін отбасылы қызметкерлер аз емес. Солардың бірі – Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру қызметінде істейтін Гүлмира және Мереке Нұрбаевтар.
Азаматтық қорғау подполковнигі Мереке Олжабайұлы 1998 жылдан бастап азаматтық қорғау органдарында. Осы кезеңде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Қазір өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі.
«Өрт сөндіруші мамандығын неге таңдадыңыз?» деген сұраққа: «Менің таңдаған мамандығым мәртебелі және қажет. Себебі жер бетінде мен үшін ең маңыздысы – азаматтардың өмірі мен тыныштығы», – деп жауап берді.
Ол әртүрлі күрделі өрттерді сөндіруге бірнеше рет басшылық етті, жеке қайсарлығын көрсете отырып, нақты және сауатты шешім қабылдады. Өрттерді жою бойынша қойылған міндеттерді орындау үшін жеке құрамды ұйымдастыруды біледі. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты.
2003 жылы өткізілген «Мамандығы бойынша үздік» конкурсының нәтижесі бойынша оған «Үздік қарауыл бастығы» атағы берілді.
Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларына қатысты.
Мереке Олжабайұлы өз мамандығының ерекшеліктері, өзі туралы айтуды ұната бермейді. Көп жылғы еңбегі және іске адал қызмет еткені, ТЖ кезіндегі іс-әрекеттерге жоғары дәрежеде дайындағаны үшін әртүрлі деңгейдегі медальдармен және грамоталармен марапатталған.
Гүлмира Ұзақбайқызы өртке қарсы қызметке 1997 жылдың қазан айында келді. Азаматтық қорғаудың қатардағы жауынгерінен подполковникке дейінгі жолдан өтті. Ол қызметін күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчерінен бастаған. Қазіргі уақытта өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Гүлмира Ұзақбайқызы әртүрлі лауазымдардағы жұмыс кезінде өзін тәртіпті және ұқыпты қызметкер ретінде ғана емес, сонымен қатар, өз құзырындағы мәселелер бойынша шешім қабылдауда ынталы және жауапты тұлға ретінде көрсете білді.
Қызмет жылдары әріптестерінің құрметіне ие болып, беделді қызметкер болды. Ерлер ортасында жұмыс істеу рухтың беріктігін міндеттейтінін мойындайды. Рас, осы жарқын, жігерлі әйелге қарап, оның артында – үлкен кәсіби және өмірлік тәжірибе бар екенін ойлау қиын. Ол әрдайым әріптестеріне көмекке келетін және қиын уақытта кеңеспен ғана емес, іспен де қолдау көрсететін адам. Ұжымның маңдайалды маманы.
Погон таққан әйелдер олардың күйеулері көп уақытты не үшін қызметке арнайтынын жақсы түсінеді. Ер адамдар өз кезегінде өз жартысына мағынасыз сұрақтарды қоя бермейді, керісінше, сүйіктілерінің көңілін қызметтегі проблемалардан арылтуға тырысады. Мұндай отбасыларда қызмет көп уақытты және дене күшін талап ететінін түсінеді.
Олар бірге 27 жыл, оның ішінде 20 жылдан астам өрт күзеті қызметін атқарды. Ол – өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі, ал жұбайы – өрт сөндіру бөлімшесінің бас маманы.
Ерлі-зайыпты Нұрбаевтар екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Алмас 1992 жылы, кішісі Санжар 2003 жылы туған. Алмас қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға «Ағылшын филологиясы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Қазіргі таңда үйленген, әйелі Айзада есепші болып жұмы істейді. Алмас Астана қаласының әуежайында авиадиспетчер.
Санжар Көкшетау қаласының №3 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы. Ол жүзумен айналысады.
Қамқор күйеу, сүйікті әке, жауапты, өжет, сенімді жолдас және ұстаз, нағыз өрт сөндіруші деп Мереке Олжабайұлын атауға болады.

Гүлмира ҚАРШАЛОВА, Ақмола облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*