Тәуелсіздікпен түйдей құрдас Қолқанат

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Күні кеше ғана сол Тәуелсіздігімізге 27 жыл толды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан Республикасы деген асқақ рухты елдің бар екенін мойындаттық.
Жиырма жеті жыл – биік белес пен айшықты ақиқаттың нақты көрінісі. Ел егемендігінің асқан асулары мен шыққан шыңдары тарих жылнамасына алтын әріптермен жазылған. Ал, сол бір 1991 жылы туған балалар бүгінде тәуелсіздіктің құрдастары деп танылып, азамат атанып, елге қызмет етуде. Тәуелсіздікпен құрдас Қолқанат Құрманбай Түркістан облысы, Түлкібас ауданының ПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс атқаруда.
«Мен Тәуелсіздікпен құрдас болғанымды ерекше мақтан етемін. Біз кең байтақ Қазақстан елінде тұрамыз. Қазір ол әлемдегі беделді де өркениетті мемлекеттердің біріне айналды. Кез келген ұлтқа «Мен қазақпын» деп кеудемізді кере мақтанышпен айта аламыз. Сонысымен де біз бақытты елдің ұландарымыз», – дейді полиция капитаны.
Түлкібас ауданының ПБ ЖПҚ аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Қолқанат Мадиярбекұлы өз ісіне жауапты. Атасы Аңдасбек ата-анасына қолқанат болсын деп атын қойған екен. Бүгінде тек атасының ғана емес, халқының қолқанаты болып, еліне адал қызмет етіп жүр. Үйленген. Бір жасқа толған баласына «Елбасына деген құрметпен баламның есімін Нұрсұлтан деп қойдым» деп ағынан жарылды. Өз учаскесінде танымал да беделді учаскелік инспектор өз ісінің білікті маманы.
«Әрине, халықтың сенімі – бұл полиция жұмысының басты көрсеткіші. Егер тұрғындар полицияға сенсе, онда полиция өз жұмысын дұрыс атқарып жатыр деген сөз. Халық бізді сыйлау үшін біз, ең алдымен, өзімізге жоғары талаптар қоя білуіміз қажет. Полицейлердің өзі әрбір азаматқа құрметпен, сыйластықпен қарауы тиіс. Полиция қызметкерінің сыртқы кейпі, мінез-құлқынан бастап, білімі, психологиялық дайындығы, жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде болуы қажет. Менің тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатуыма өз ісімді сүйетінім және басқалардан заңды сыйлауын талап ететінім ықпал етеді», – дейді полиция капитаны Қолқанат Құрманбай.
Сондай-ақ, Қолқанат бос уақытында бокспен айналысатынын әңгіме арасында жасырмады. Жалпы, полиция қызметкерінің тек заңды ғана білмей, спортқа жақын, шымыр денелі әрі жылдам болуы құптарлық жайт. Ендеше, елімен бірге ел жаңасын көріп келе жатқан сыры мен сымбаты қатар өрілген Қолқанатқа тек абырой биігінен көріне бер дегіміз келеді. Өмір жолында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген Қолқанаттың әлі алар асуы алда екеніне сеніміміз мол.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*