Деннің саулығы – ұлттың байлығы

2018 жылы денсаулық саласы жаңалықтарға толы болды. Бұл жылы елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасы әзірленіп, бастапқы медициналық көмек жөнінде Астана декларациясы қабылданды.
Елімізде денсаулық сақтау саласында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. «Заң жобасы бірте-бірте дәрі-дәрмектер бағасын реттеуге, дәрілерді жаңаша тіркеуге, оларды электронды түрде сатып алуға, қадағалауға мүмкіндік береді», – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой дәрі-дәрмек бағасын реттеу – уақыт талабы екенін айтты. «Бізде ұлттық дәрі-дәрмекті қадағалау орталығы бар. Оның сайтында барлық дәрі-дәрмектердің бағалары ашық түрде жазылады. Дәрі сатып алушы бағада айырмашылық бар екенін байқаса, шағымдануына болады. Ондай жағдайда дәріханаға айыппұл салынады немесе басқа да шаралар қолданылады», – деді ол.
Әлемде жасанды жүрекпен өмір сүретін 10 адам бар, оның үшеуі Қазақстанда өмір сүреді. Өткен жылы маусым айында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында сол 3 адамның біреуінің жасанды жүрегі донор жүрегімен алмастырылды.
Қыркүйек айында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында елімізде медицина туризмін дамыту туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2017 жылы елімізге емделу мақсатымен келушілер саны артқан. 1680 шетел азаматы ақылы стационарларда ем алып, 23 000 шетел азаматы сауықтыру қызметін, соның ішінде санатория-курорттық ем алған.
«Бұл жерде үлкен әлеует бар. Бізде бәрі біле бермейтін бір бағыт бар, ол – экстракорпоральды ұрықтандыру мен репродуктивті медицина. Мұны шетелдіктер жақсы біледі және әлемнің жетекші елдерінен елімізге көп келеді. Мұндай технологиялар бізде жақсы дамыған. Яғни, біз медицина туризмін дамытуды неден бастайтынымызды анықтадық», – дейді ол.
Биыл 3 қыркүйектен бастап шалғай елді мекен тұрғындарына көмек көрсеткен медициналық пойыздар жұмысын аяқтады. Үш ай ішінде 41 360 адам терапевт, педиатр, невропотолог, окулист, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және тіс дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.
«Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 127 стансада тоқтап, 41 360 адамға медициналық көмек көрсетті. Мұның ішінде 6 мыңнан астам тексеру балаларға жасалды. Терапевт, тіс дәрігері, офтальмолог, маммолог және басқа да мамандарды қамтыған 10 медициналық топ 192 195 дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ мамандар 67 мыңнан астам диагностикалық емшара және 3 мың шағын хирургиялық операция жасалды», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.
2018 жылы 25 қазанда Әлемдегі елдер медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін нығайтуға маңызды қадам ретінде Астана декларациясына қол қойды. Астана декларациясы 1978 жылы дүниежүзілік державалардың көшбасшылары бірінші рет өздерінің медициналық-санитариялық алғашқы көмек қағидаларына адалдығын білдірген Алматыда қабылданған тарихи декларацияны қолдайды.
Жыл басынан бері 85 адамға менингококк менингиті инфекциясы диагнозы қойылған. Оның ішінде 51 жағдай Алматы облысы мен Алматы қаласында тіркелген. Бұл туралы қазан айында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
«Менингиттің үш тобының ішінде менингококк менингиті қауіптірек болып саналады. Жыл басынан бері осы диагноз бойынша 15 адам көз жұмды. Қазіргі уақытта менингококктық инфекция диагнозы бойынша жағдай тұрақталды», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.
2018 жылы елімізде 1532 адам «Бөгде дененің табиғи тесіктер арқылы енуінің салдары» диагнозымен емделіп, 275 адам денеге бөгде зат енуі салдарынан қаза болған.
2018 жылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша бөгде зат салдарынан көз жұмғандар саны – 275 адам. Оның ішінде Алматы облысында 80 адам, Шығыс Қазақстан облысында 46 адам, Алматы қаласында 26 адам, ал Жамбыл облысында 19 адам ағзасына бөгде зат кіру салдарынан көз жұмған.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*