Жастарды жігерлендіреді

Тұңғыш Президент, Жоғарғы Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы халыққа, соның ішінде жастарға қатысты түйткілді мәселелерді шешуге серпін берді деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, Елбасы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын, яғни жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлінетінін баса айтты.
Жылдың былай аталуы жас буынға беріліп отырған мәртебе болғаннан кейін, өз кезегінде, әрине, жастар да өздеріне берілген жауапкершілікті сезінетін болады. Ендігі жерде біздің алдымызда осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жыл бойына ауқымды шараларды жүзеге асырып үлгеру міндеті тұр.
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді бұл орайда Президент.
Сондай-ақ, Елбасы: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деп бар үміті жастарда екенін жасырмады.
Сол сияқты, келер жылдан бастап білім саласына әлеуметтік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын бөлу туралы өзгеріс жастардың педагогикалық мамандықтарға қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Бұл дегеніңіз – Елбасының тапсырмасымен еліміз білім саласына тағы бір мүмкіндікті жасайды дегенді білдіреді. Ал білімді жастар елді көркейтеді. Осы орайда Елбасымыз жоғары оқу орындарының болашақтағы жетістігі мен көрсеткіші – олардың жұмысқа орналасуымен, білімділігін дәлелдеуімен көрінетіндігін айтты. Бұл өте орынды айтылған пікір. Себебі, әр университет жыл сайын түрлі саланы меңгерген мыңдаған білімді жастарды дайындап шығарады. Ал олардың барлығы қоғамнан өз орнын тауып, бір-бір мамандықтың иелері болып орналасса, үш тараптың да – жас маман, ата-ана, оқу орнының көңілі орнықты, мақсатының жүзеге асқаны.
Жалпы, Елбасының жыл сайынғы Жолдауын бүкіл ел болып асыға күтетініміз рас. Өйткені, жаңа Жолдау – жаңа белеске жол сілтеп, заманның талабына қарай серпін береді, алдағы күнге үлкен міндеттер мен тапсырмалар қояды. Сол себепті, жаңа белестерге жету жолында жұмыла еңбек етсек, ісіміз нәтижелі болатындығы анық. Ұлт Көшбасшының арманы да сол – Мәңгілік Ел болу. Ендеше, әрқайсымыз елдің бір бөлшегі болып табылатындықтан, елдің дамуына біріміз қалмай үлес қосуымыз керек.
Бір сөзбен айтар болсақ, Елбасының Жолдауы болашаққа өзгерістер әкелетініне біз сенеміз. Сондықтан да басқа азаматтар секілді рухы биік, бірлігі мығым елдің Отан қорғаушылары Жоғарғы Бас қолбасшының әр Жолдауын құнды құжат ретінде қабылдайды және алға қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындауға әзір.

Нияз СӘДУАҚАСОВ,
Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімнің
бөлініс бастығы (клуб бастығы), аға лейтенант

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*