Жігерлі жас курсант

Дәулет Манасов 2001 жылы 16 наурызда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен бірнеше спорт түріне құштар болып, 12 жасынан бастап волейболмен айналысты. Мақсатына жету жолында еңбектеніп, бірнеше жарыста топ жарды.
Дәулет Марсельұлы Ойыл құрамасы қатарында Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі бірінші орын иегері атанды. Бұл спорт түріне қатысу арқылы өзінің икемділігін, еңбек ету жолында қайтпас қайсар екендігін дәлелдеді. Бірнеше рет жоғары деңгейлі жарыстардан жүлделі орындар иегері атанды.
Сол еңбектің нәтижесінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Ойыл ауданының әкімі Д. Сагировтан «Үздік жас спортшы» номинациясы бойынша мадақтама мен алғыс хат алды. Сонымен қатар, «Спорт шебері үміткері» атағына ие болды.
Қазіргі таңда жас спортшы Ақтөбе облысындағы М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 1-курсында оқиды. Қайсар мінезді Д. Манасов өзін курсант ретінде жақсы қырынан көрсетіп келеді. Білім мен спортты қатар ұстап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуде.
Жас спортшының өмірлік ұстанымы – «Атағың айға жетіп тұрса да, адамшылықты ұмытпа». Бұл сөздерде үлкен мән-мағына жатыр. Дәулет еліміздің елеулі, халқының қалаулы азаматы болары анық. Ақтөбе заң институтының ұжымы курсант Д. Манасовтың жетер биіктері көп екендігіне, болашаққа нық қадам жасар азамат боларына кәміл сенеді.
Еліміздің тірегі – болашақ жастардың барлығы Дәулеттей табанды да жігерлі болса дейміз. Сегіз қырлы, бір сырлы жастарымыз барда еліміздің еңсесі биік, керегесі кең боларына кәміл сенімдіміз.

Ш. ЕЛТАЕВ, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*