Халық – қастерлі ұғым

__о__амды__ ке__ес отырысында2Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ірі өндіріс орындары шоғырланған аймақ. Мұнда машина жасау, кен өндіру, түсті металлургия және металл өндеумен айналысатын бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Бұған ағаш өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өнеркәсібін және қосыңыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіруден де көштен қалып жатқан жоқ. Облыс аумағында 1430 мыңнан астам халық тұратын болса (2006 жылғы санақ көрсеткіші), соның еңбекке жарамды бөлігі түгелге дерлік жұмыспен қамтылу мүмкіндігі зор. Осындай өндірісті аймақта ішкі істер саласының ахуалы қандай, кадр мәселесі қалай реттелуде? Резер жасақтауда қандай қиындықтар туындайды? Осы және бірқатар сұрақтарды Шығыс Қазақстан облыстық ІІД бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Қалетаевқа қойған едік.
– Жанболат Аманұлы, Шығыс Қазақстандай өндірісті аймақта кадр резервін жасақтаудың өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Қазіргі таңда бұл мәселе қалай шешілуде?
– Иә, елімізге белгілі «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бірнеше кәсіпорын, «Қазақмырыш» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты», «Қазниобий Ертіс химия-металлургия зауыты» секілді жүздеген кәсіпорындар осы өңірде қарқынды жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, соған қарамастан Ішкі істер департаментінің қатарына жаңа мамандар жылда келіп қосылады. Халық арасында тәртіп сақшысы болуға деген қызығушылық бар. Бұл – Ішкі істер департаментінің халық арасындағы абырой-беделі, ел тынштығы үшін аянбай еңбек ете білетін сақшылардың жарқын үлгісінің нәтижесі. Бүгінде облыс көлеміндегі жеке құрамның жалпы саны 5352 адам болса, жетіспеушілік 352 адамды құрайды. Бұл өзге өнірлермен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш. Айына екі рет жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына өзіміздегі жұмыс орындарына байланысты хабарландыру беріп отырамыз. Қызығушылық танытып келіп жатқандар легі аз емес. Соның нәтижесінде кадр резерві жасақталу үстінде. Сондай-ақ, жергілікті әскери комиссариаттармен де жақсы байланыс орнатылған. Негізінен әскерден келген жастарды тартуға тырысамыз. Өйткені, олар белгілі бір деңгейде дайындықтан өткен, ішкі істер саласынан хабардар болады. Сондықтан оларды үш айлық оқуға жібергенде, бір ай ғана оқиды. Сосын келіп қызметке кіріседі. Жұмыс барысында өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр.
– Полция мен қоғамның байланысы көбіне БАҚ арқылы көрініс табады. Полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету де осы сала арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылады?
– Әрине, тәртіп сақшыларының ауыр да, күрделі міндетін БАҚ беттерінде көрсетіп тұруға тиісті деңгейде көңіл бөлеміз. Бұл бір жағынан қоғам мен полиция арасындағы түсінікті, қарым-қатынасты жеңілдетеді. Екінші жағынан қызметкерлеріміздің жұмыс көрсеткіші халыққа дер кезінде жетіп отырады. Халықтың бағасын алу – қастерлі ұғым. Біз әрқайсымыз осы талап үрдісінен шығып, халыққа қызметімізбен жағуға тырысуымыз керек. Сонда біздің жұмысымызда ілгерілеу, ашықтық, жетістік бәрі де болады. Газеттерден, өзге де БАҚ-тардан біздің қызметімізге байланысты сұрақтар келіп тұрады. Оларға дер кезінде жауап береміз. Тек осымен шектеліп қалмай, жергілікті телеарналардың арнайы бағдарламаларына қатысып, тәртіп сақшыларының қызметін, жаңа талап-міндетіне қатысты мәселелерді жан-жақты түсіндіреміз. Қоғамда шу туғызған оқиғаларға байланысты да міндетті түрде арнайы жедел баспасөз мәслихатын өткізіп, болған жайдың ашығын айтамыз. Барлық сұрақтарға мүмкіндігінше толыққанды жауап беріледі. Әзірге, жергілікті БАҚ өкілдері біздің қызметімізге қатысты сын-ескертпе айтып көрген жоқ. Яғни, біз БАҚ өкілдерімен жақсы қарым-қатынастамыз.
– Ішкі істер саласының халық арасындағы абырой-беделі бір күнде қалыптаспайтыны белгілі. Оған әрбір тәртіп сақшысы өзінің білім-білігі, парасатымен үлес қосады. Бір сөзбен айтқанда, бәрін шешетін кадр. Сіздерде осы кадрлардың деңгейін көтеру, олардың үнемі ізденісте, дайындықта болуына жағдай жасалған ба, кедергілер жоқ па?
– Ол жағынан ешқандай кедергі жоқ. Біздің өңірде ішкі әскердің арнайы полигоны бар. Осында кесте бойынша біздің жеке құрам да үнемі дайындықтарын жетілдіреді. Денешынықтыру, автомат, тапаншамен ату және басқа дайындықтар бойынша жеке құрамның көрсеткіші жақсы. Бұдан бұрын өткен аттестаттау кез келген уақытта өткізіле қалса, біздің сақшылар оны ешқандай қиындықсыз тапсырып шығатынына шек келтірмеймін. Өйткені, өзім де жиі қатысып, бәрін көзіммен көріп жүрмін. Ал аудандарда кадр жөніндегі орынбасарлар әр бағыт бойынша жеке құрам арасында өткен дайындықтарды бейнетаспаға түсіреді. Қалай өтіп жатыр, қандай тақырыпта, лектор кім? Тақырыпқа байланысты ма, байланысты емес пе, бәрі бейнетаспадан көрініп тұрады. Дайындыққа неше қызметкер қатысып жатыр, қалай атады, қалай жүгіреді бәрі ашық. Егер есепті қағаз жүзінде қабылдасақ, көзбояушылық орын алуы мүмкін ғой. Ал бәрі бейнетаспаға түсіріліп, сол таспа департаментке жолданатын болғандықтан, шалғай аудандардағы жеке құрам да мұндай дайындықтарға бір кісідей қатысып, кестеден еш бұлжымай тиісті тапсырмаларды орындап отырады. Бұл облыстық Ішкі істер департаменті бастығының талабы. Біз аудандардан жиналған осындай есептерді бейнетаспасымен департамент бастығына тапсырамыз, ол кез келгенін қолына алып, аудандардағы дайындықтардың қалай өткенін өз көзімен көріп шығады. Бастығымыздың талабы бойынша аудандардағы бөлім бастықтары заңнамаларға қатысты өткен лекцияларға міндетті түрде қатысуы керек. Сол сияқты жергілікті учаскелік инспекторларды тағайындау кезінде де арнайы жиын өткізіледі. Оған халық түгелге дерлік қатысуы керек. Міндетті түрде екі-үш үміткер болады. Жиында оларды халық өздері таңдап сайлайды. Бұл жиындар да бейнетаспаға түсіріліп, департаментке жолданады. Департамент басшысы жиынның қалай өткенін, халықтың, жергілікті әкімнің, аудандық ІІБ бастығы немесе орынбасары қатысқан, қатыспағанын қарайды. Егер жиындағы халықтың саны аз болса, ауыл әкімі қатыспаса, жиын қорытындысына байланысты ешқандай бұйрық шығарылмайды. Жиын талапқа сай болып, халық дұрыс дауыс бергенде ғана арнайы бұйырық шығарылады. Оның бәрі бейнетаспадан анық көрінеді.Осының бәрін департамент басшысы бейнетаспа арқылы қадағалап отырады. Бір айта кететін жай, бізде жергілікті жоғары оқу орындарымен де жақсы қарым-қатынас орнатылған. Бізде өткізілетін саяси сабақтарда профессорлардың өздері келіп лекция оқиды, жоғары деңгейде талдап, түсіндіреді. Соның нәтижесінде жалпы жеке құрамның дайындық деңгейі жақсы.
– Департаменттің өз ішінде жүргізілетін қоғамдық жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?
– Бізде әйелдер кеңесі деген қоғамдық ұйым жұмыс жасайды. Олардың жыл басынан бекіткен жоспарлары болады. Сол жоспарға сай көптеген қызықты шаралар өткізіледі, тіпті қызметкерлердің балалары арасында да түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Концерттік бағдарламалар ұсынылады. Департамент басшысының арнайы ұсынысымен демеушілік көмек көрсетіп отыру да ұмыт қалмады. Мәселен, осындағы ірі өндіріс орындарының балаларға арналған жазғы демалыс лагерьлері бар. Біздің қызметкерлердің балалары да осындай лагерьлерде демалуға мүмкіндік алды. Әр кезеңге он-оннан тегін жолдамалар алынды. Ол жолдамалар бірінші кезекте қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің отбасына беріледі. Өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген қызметкерлердің балалары да осындай жеңілдіктерге қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатады. Биыл облыс бойынша біздің қызметкерлер отбасынан 120 бала бірінші сыныпқа барған екен. Соларға керекті оқу құралдары, басқа да керек-жарақтары департамент тарапынан тегін берілді. Осындай жұмыстар үзбей жалғасын тауып отырады. Былай қарағанда ұсақ-түйек сияқты болғанымен, мұның әр қызметкердің көңіл күйіне тигізер әсері мол.
– «Ағаның ақылын тыңдамай, алға басу болмайды, Атаның батасын алмай, биікке қол соза алмайсың» деген бар. Нақыл іспеттес осы сөзді ескересіздер ме?
– Бұған ешқандай қарсы пікір айта алмаймын. Өте дұрыс айтылған сөз. Қазіргі жеке құрамның жетіле түсуіне жоғарыда айтып өткен жұмыстардан бөлек, ардагер ағаларымызбен тығыз қарым-қатынас та көп септігін тигізуде. Мейрамға байланысты жиындарда міндетті түрде алдыңғы лекте ардагерлеріміз отырады. Олар бізде өткізілетін шаралардан еш уақытта қалыс қалып көрген жоқ. Сондай-ақ, жеке құраммен ардагерлердің кездесуі де жиі өткізіліп тұрады. Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер органдары және ішкі әскерлері ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп отырғанын ризашылықпен айтып өткім келеді. Ол кісі өзі бас болып аудандарға да жиі сапарға шығады. Содан болар, өңірлердегі ардагерлер кеңесінің жұмысы да жақсы деп айтуға тұрарлық. Нұрлыбек ағамыз біздегі тәртіптік кеңестің де мүшесі. Отырыстарға тұрақты қатысады, тәртібі босаңсыған сақшыларға ақыл-кеңесін беріп, олардың бойындағы жауапкершілік сезімі жоғарылауына септігін тигізуге тырысады. Осының өзі аға буын тарапынан бізге үлкен қолдау. Біздің бүгінгі құрамның бір қадам алға басуына адагерлеріміздің қосып жатқан үлесі мол. Сондықтан оларға тек алғыс айтамыз.
Сұхбатыңызға рахмет                                                                                                                                                                                              Полиция полковнигі Жанболат ҚАЛЕТАЕВ:

Сұхбаттасқан Меңдолла ШАМҰРАТОВ,
Астана – Өскемен – Астана

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*