Жыл реформасы

Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ішкі істер органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін айтты.
Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауы тиіс. «Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн», – деген Президент сөзі бірқатар түйткілді қозғай кетті. Жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10%-ке қысқарту жоспарланып отыр, бұл – шамамен 9 мың полицей және 1600 ҚАЖК қызметкері. Бюджет қаражатынан үнемді қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын арттыруға пайдаланбақ.
Бұдан өзге, реформалау аясында ішкі істер органдарын өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оңтайландыру жоспарда бар. Сапаны арттыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадрларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған. Президент айтқан және бір реформа – полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілету, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту туралы болды. Сондай-ақ, Президент: «Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет», – деді. Биік көрсеткіштерге ие болу үшін реформадан қорықпау керек, реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттік аппараттардың маңызы қашанда зор. Сондықтан мемқызметшілерге жаңа міндеттер жүктелді. Ал реформалардың табысты болуы алдымен құқық үстемдігіне байланысты екендігін айтты.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*