Жыл батыры

27 жастағы Азамат Балтабаев құқық қорғау органдарында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Ал қазір Астанада жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы.
Полиция қызметі үнемі қырағылық пен сақтықты, батылдық пен жылдамдықты қажет етеді. Азаматты осы талап үдесінен шыға білген сақшылардың қатарынан деп нық сеніммен айта аламыз. Құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне небәрі 5 жыл болса да, үш мәрте ерлік жасаған.
Алғаш рет көпірден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған өзі қатарлас жігітті ажал аузынан аман алып қалады. Оқиға былтыр жазда болған.
«Таңертең жұмысқа кетіп бара жатсам, жедел басқару орталығынан хабарлама түсті. Қабанбай батыр көшесінде, «Рамстор» көпірінде ер адам суға секіргелі жатыр екен. Әріптесім екеуміз екі-үш минуттың ішінде жетіп бардық. Бас кезінде бақылап, сөзге тарттық. Ондағы мақсатымыз – секірем деген ойынан айныту болатын. Алайда, ол әрекетімізден түк шықпады. Телефонмен сөйлесіп тұрған еді, бір кезде телефонды төменге лақтырып, «прощайте» деп суға құлады. Мен еш ойланбастан соңынан секірдім. Менің артымнан Франция елшілігінің қауіпсіздік қызметінде істейтін полицей де суға күмп берді. Екеулеп жаңағы жігітті аман-есен шығарып алдық», – деп еске алады сол күнді Азамат.
«Ондай сәтте ештеңе ойламайсың. Сенің бар ойың – адамды аман алып қалу. Көпірден секіргенде, өз басымды емес, ана жігітті құтқаруды ғана ойладым», – деді ол.
Тағы бірде қырағы полицейлер Астанадағы элиталы тұрғын үйлердің бірінде пәтер жанып жатқанын көріп, жедел басқару орталығына хабар береді. Айтуынша, әріптесі екеуі сол күні Сарайшық-Қабанбай батыр қиылысы жағында кезекшілікте жүрген. Бағдаршамда тұрғанда, көп қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртеніп жатқанын көзі шалған.
«Әріптесім екеуміз жүгіріп келіп, қызыл жалын шарпыған үйден көршілерді шығара бастадық. Алтыншы қабатқа көтеріліп бара жатқанда, немересін ерткен апа кезікті. Әжей өздігінен жүре алмайды екен. Арқама салдым да, бірінші қабатқа дейін түсірдім.
Қайтадан көтерілгенімде, 11-қабатта аяқ-қолы жоқ мүгедек ер адамды көрдім. Оны да арқама салып, сыртқа шығардым. Сөйтіп, барлық тұрғынды шығарып алдық. Үшінші қабаттағы өрт төртінші қабатқа ауысты. Балкон түгі қалмай жанып кетті», – деп баяндады аға-лейтенант.
27 жастағы Азамат Қанатұлының ерлігі осымен шектелмейді. Маусым айында да жас полицей 6 жасар баланы ажалдан аман алып қалды.
«Кешкі бестер шамасында Қобыланды батыр көшесіндегі тұрғын үйдің тоғызыншы қабатында кішкентай бала терезені ашып, тақтайшасында жүр деген хабарлама түсті. Хабарламаны алғаннан кейін жаңағы мекенжайға келдік. Көп ұзамай, артымыздан ТЖК құтқарушылары да келіп жетті. ТЖК көлігінің баспалдағымен тоғызыншы қабатқа көтеріліп, ішке кірдік. Үйде алты жасар ұл мен сегіз жасар қыз жүр. Олардың жасын кейін білдік. Ұл бала жылап жүр, соған қарағанда, терезені ашып, ата-анасын іздеген шығар деп ойлаймын. Әке-шешесі жұмыста, есікті сырттан құлыптап кетіп қалған. Сөйтіп, балаларды киіндіріп, Алматы ауданы ПБ-ға апардық. Көп ұзамай, ата-анасы келіп алып кетті», – дейді тәртіп сақшысы.
Жуырда Тәуелсіздік мерекесіне орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Азамат Қанатұлын ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*