Бала өміріне араша болғандар

8 желтоқсанда шамамен күндізгі сағат 11.15-те «102» пультінің жедел кезекшісіне Орал қаласы, Достық даңғылы бойындағы №244 үй ауласында жігіттер арасында дау-жанжал өршіп, соңы төбелеске ұласқаны, мазасы қашқан осы аудан тұрғындарының көмек сұраған хабарламасы түседі.
Дабыл бойынша оқиға орнына бару үшін бірнеше жауапты экипаж атқа қонады. Осы сәтте өзінің қызметтік аймақтарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген Орал қаласы ПБ жол-патрульдік полициясы баталонының взвод командирі, полиция капитаны Мұхит Абулхайров пен полиция лейтенанты Жандос Құбаев та дереу мекенжайға аттанады. Алайда, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары аула ішінен тентектік жасап жүрген ешкімді байқамайды. Бір мезетте осы үйдің жоғары қабаттарынан «көмектесіңдер» деген әйел адамның ащы дауысын естиді. Тәртіп сақшылары 9-қабаттағы пәтерге лезде көтеріледі. Сол сәтте полиция қызметкерлері бір қолымен баланы қапсыра тамағынан қысып, тұншықтыра құшақтаған, екінші қолымен сусылдаған өткір пышақты тамағына тақап тұрған, жасы жиырма бестер шамасындағы зіңгіттей ер адамды көреді. Баланың көзі шарасынан шығып, зәресі ұшқан. Ауызын ашуға дәрмені жоқ. Құдды тілі байланып қалғандай, дауысы да шықпайды. Пышақтың жүзін ер адам баланың нақ тамағына тақап тұр…
Баланы кепілге алған ер адам айқайлап, ұлдың анасын шақыруларын өтінген. Анасы әп-сәтте келмесе, «мына пышақпен тамағын қиып жіберемін, осып бауыздаймын» деп айқайды үдетеді. Қалайда баланың өмірін аман сақтап қалуды ойластырған полиция қызметкерлері бейтаныс ер адамды сөзге тартады. Сөйлесу барысында тәртіп сақшыларының бірі тез арада оның қолын қағып, пышақты уысынан шығарып жібереді. Екінші тәртіп сақшысы балаға жабысып, өзіне қарай тартып, бауырына қысады. Осылайша, 5 жасар ер баланы екі тәртіп сақшысы дін аман анасының қолына тапсырады.
Ал бейтаныс жігіт құрықталды. Арақ ішіп алған бұл ер адам жаңағы кішкентай баланың 1993 жылғы анасымен бір шаңырақта тұрып жатқан некесіз жолдасы екен. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 115-бабымен (қорқыту) іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Кішкентай баланың тума-туыстары баланың өміріне араша болған тәртіп сақшыларына алғыс жаудыруда. Олар Батыс Қазақстан облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры М. Аблазимовтың атына алғыс хат жазған. Сонымен қатар, баланың атасынан да ПД басшылығына хат келіп, хат мазмұнында кішкентай бүлдіршіннің анасына қосылуына жәрдемдескен, өмірін өлімнен арашалаған сақшыларды марапаттауды сұраған.
Орал қалалық ПБ жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция лейтенанты Мұхит Абулхайров пен полиция лейтенанты Жандос Құбаев бұл әрекеттерін қызметті мінсіз атқару барысындағы жедел шешім деп түсінеді. Тәртіп сақшыларына азаматтардың жылы сөзі мен шынайы алғыстары – ең биік мәртебе.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*